Жарнама
Жаңалықтар

Шетелдік автокөліктерді заңдастыру үшін қандай құжаттар тапсыру керек?

ШЕТЕЛДІК АВТОКӨЛІКТЕРДІ ЗАҢДАСТЫРУҒА ҚАЖЕТТІ ҚҰЖАТТАР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ. ШЕТЕЛДЕН ЖЕТКІЗІЛГЕН АВТОКӨЛІК ИЕСІ ОНЫ ТІРКЕУ ҮШІН 4 ҚҰЖАТТЫ ҰСЫНУЫ КЕРЕК.

Олар – өтініш;

өтініш берушінің жеке басын куəландыратын құжат;

көлік құралының паспорты жəне (немесе) көлік құралын тіркеу туралы куəлік;

көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха ОКҚ алаңында шетелдік автомобильдерді заңдастыру қалай жүзеге асырылатыны жайлы баяндады. Оның айтуынша, өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлік құралы арнайы ХҚКО жанындағы тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады.

–Екі күнге дейінгі мерзімде салыстырып тексеруден өткеннен кейін біз шешім шығаруымыз керек: көлік құралы заңдастыруға жата ма, жоқ па, — деді И.Лепеха.

Көрсетілген мерзім ішінде көлік құралы Қағидаларда айқындалған өлшемшарттарға сəйкестігіне (яғни 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елге əкелу, іздестіруде болу, кедендік тазартудан өту, соңғы тіркелген жері бойынша есептен шығару мəніне) тексерілетін болады. Кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе Мемлекеттік кірістер органдарының дерекқорлары бойынша айқындалатын болады.

– Бүгінде бұл процесс толығымен автоматтандырылған жəне автомобиль шекарасынан өтуді есепке алу оның коды бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар шекара қызметінде немесе Мемлекеттік кірістер органдарында көлік құралын əкелу туралы мəліметтер болмаған кезде, автокөлікті Қазақстан Республикасында нақты тұрған күні автосақтандыру полисінің алғашқы рəсімделген күні бойынша айқындалатын болады, яғни егер автомобильдің əкелінгеніне көп болса, онда алғаш рет сақтандыру ресімделген уақытқа қараймыз, — деп нақтылады спикер.

Сəтті тексеруден өткен жағдайда өтініш берушіге оның ұялы телефонына оң нəтиже жəне көлік құралын тіркеу үшін арнайы ХҚКО-ға келу қажеттілігі туралы қысқа хабарлама жіберіледі. Көлік құралын тіркеуге арнайы ХҚКО-ға қайта келген кезде иесі бастапқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік баж (4 313 теңге), сондай-ақ мемлекеттік нөмірге (9 660 теңге) алым төлейді жəне құжаттардың түпнұсқаларын ХҚКО қызметкеріне тапсырады. Тіркеу бекітілгеннен кейін автомобиль иесіне тіркеу құжаты жəне Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмір белгілері беріледі.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button