«Отты өлеңді Отаралиев» тақырыбында поэзия кеші өтті (ФОТО)

ЕАС 234 Жаңалықтар

Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясында Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының ұйымдастыруымен «Отты өлеңді Отаралиев» тақырыбында поэзия кеші өтті.

ЕАС 234

Кешті ашқан Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев ақын Марат Отаралиевтің шығармашылығы туралы тебірене сөйледі.

Мәртебелі поэзия кеші қазақтың ғажап сыршыл ақыны Марат Отаралиевті еске алуға арналды. Өнер мерекесіне ақынның жары Гүлзада Ахметқалиева, Абай, Мұхтар атты қос ұлы, туған-туысқандары қатысты. Қыршын кеткен ақынның өлеңін өлтірмеген – өлеңсүйер қауым, Атырау халқы, Мараттың тілеулес жұрты болса, шырағын сөндірмеген – ғазиз жары мен қос ұлы.

Ақындардың өмірі негізінен қиындыққа толы келеді. Оның да өзіндік себептері бар. О баста талант берген жазмышы кейін соған сай сынақ беретіні де рас. Сондай тағдырлы ақынның бірі — Марат. Өлең орбитасына жарқырай көтеріліп, әп-сәтте халықтың ілтипатына бөленіп, махаббатының шуағын сезініп, алайда, қыршын кеткен ол соңына өлмес мұрасын қалдырды. Өлең аспанынан із тастап аққан құйрықты жұлдыздай болған Марат ақынның өлеңдері күні бүгінге дейін оқыған жанның таңдайын қақтырып, өлең танитын елді елең еткізіп келе жатқаны ақиқат. Өлеңдері халық жадында қалған ақынның екінші ғұмыры, мәңгілік ғұмыры ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, Марат жайлы айтылар аңыз да көбейетіні рас. Поэзия кешінде ақынның көзін көрген қаламдас інілері, достары да сыр шертті.

ЕАС 117

ЕАС 300

Жаңбыр кешіп қап кеткен он сегіздер,

Мен сендерді сағындым сенсеңіздер,- деп жырлаған ақиық Төлеген Айбергеновке ілесе:

Мен — жаңбырмын,

мінезім бар бір қатал,

Кенет қайың-теректерді шулатам.

Мен — жаңбырмын,

Тоғай күткен нұрлы үміт,- деп киелі өлең өлкесіне жасындай жарқ етіп шыға келген Марат Отаралиев өзінің екпініне жұртты жалт қаратып, таңдай қақтырғаны даусыз.

Қоштаспастан кете берем мен енді,

Осылайша дүрліктіріп әлемді,-деп ақ нөсерді өз өміріне егіздеп алып, бар әлемге жар салады. Қалайша тез келсе, солай асығыс аттанған ақын өз өміріне осылайша өз өлеңі арқылы сәуегейлік еткен сияқты көрінеді де тұрады.

Қазақстанның құрметті журналисі Әлібек Қайыров киелі сахна төріне көтерілді: «Марат туралы сөз қозғағанда түрлі-түрлі ой келеді. Бірін айтып, біріне кетуіміз де мүмкін. Бүгінгі кеште Мараттың шығармашылығы жайлы айтқанымыз дұрыс. Біз «туа біткен талант, табиғатынан талантты, тумысынан талантты жаралған» дейміз. Осы сөз Маратқа тұп-тура айтылғандай. Ақынның жаратылысы жұмбақ. Ол туған жер табиғатынан ба, ортасынан ба, табиғатынан ба, әйтеуір өзгеше қалыптаса бастайды. Адамның бала кезінен бейімділігі болады. Егер, мектеп мұғалімдері соны аңғарып, белгілі бір бағыт нұсқаса, жөн сілтесе оның да керемет дамитыны рас. Айтайын дегенім, Марат әу баста әдебиетке құмартып өскен. Әуелден жадында қалған Қызылқоғаның арғы-бергі тарихы бар, өзінен бұрынғы, өзімен замандас, өзінен кейінгі толып тұрған ақын-жыраулар ортасында өскендіктен, өзегі өртті өлеңмен өртенді.

ЕАС 036

Әскер қатарында отан алдындағы борышын өтеп жүрген 19 жасар жас бала Копетдаг тауын күзетіп тұрып:

Билеп бір үміт кеудені,

Байқатпай күндер өтуде.

Жүрсің сен, Отан, менімен,

Анамның суретінде,- деп келіп:

…Жүрсің, сен, Отан, менімен

Аяққа киіп керзі етік,- дейді. Бұл жолдардан болашақ ақынның туған жерге деген шексіз махаббатын көреміз, ғажайып сыршыл лириктің дүниеге келгенін танимыз.

Ал, «Ақ күшік» өлеңі – туған жерге, туған үйіне деген сүйіспеншілікке толы жып-жылы, ғажайып лирика. Ауылға он бір жыл бойы ат ізін салмаған ақын өзінің ауылға барғанын жыр жолымен өрнектеген. Ал, Марат керемет қиялдың, ұшқыр ойдың иесі еді. Ол, шынымен, ауылға барды ма, әлде өзінің қиялына беріліп отырып жазды ма бұл өлеңді, ол арасы маған беймәлім.

Мен жоқта алуан бақ құшып,

Өтіпті күндер мен жанып ай.

Біздің үйдегі ақ күшік,

Үреді иесін танымай,- деген жолдар адам жанын баурап алатыны даусыз.

Арулар мен жоқта бойжеткен,

Ойлайды-ау «бұл кім?» деп,- иә, жүректі дір еткізеді, сезімді селт еткізеді. Сағынтады, сенделтеді.

Марат өзінің табиғатында «жуас» деп айтуға келетін жігіт. Ол бір жұлқынып, күркіреп өлең оқымайды. Біз, айналасында жүргендер, оның жаңа өлеңін аузынан жұлып алып, жарыса жаттайтынбыз. «Әлібек, сен оқышы менің өлеңімді. Сен оқығанда өзімді жақсы ақын сияқты сезінемін» дейтін.

Өзінің көкейінде жүрген ойын толғағы жеткен әйел сияқты толғатып, біреудің ойына келмейтін, аузына түспейтін сөздерді жазу кез келгеннің қолынан келмейді. Маратта сол бар еді. «Ауылға хат» деген өлеңін ауылға бара жатқан досына аманат етіп самолеттен беріп жіберген еді. Ол ауылға жеткенше, жаңағы өлең «Лениншіл жасқа» шықты. Өлеңсүйер жұртшылық ол кезде Мараттың аузынан шыққан әр өлеңді қағып алатын, жариялайтын, қуанатын.

Көп сәлем таныс жандарға,

Оларды көру жақсы-ақ, шын!

Жан досым елге барғанда

Мен жайлы көп сыр ашпассың,-деп басталатын бұл өлеңнің өзгеше лебі, ондағы анаға деген ғажап сағыныш, туған ауыл топырағын сағынған ақынның ғазиз жүрегі оқырманды таңдандырады, сүйсіндіреді, жырға ғашық етеді.

Отырам өзіммен өзім боп,

Кеудеме бір нәзік салып ән.

…Ауылды, інімді сағынам,- дейді ақын ағынан жарылып.

Ол күй талғамайтын. Отырған жерінде бұрқыратып жазып тастайды. Желпілдек жерлерге әуес жастық шағымызда дастархан басында қол сүртетін қағаздарға жазып кететін. Ертеңіне оқып берсек, оны жазғанын өзі мойындамайтын. КазГУ-де оқыған кезде жатақханадағы жігіттердің костюмін киіп кетеді. «Марат киіп кетті» дерсің» дейтіні бар. Ол еркелігі, серілігі өзіне жарасып тұратын. Мұқағали, Жұматай, Жұмекен – оның жолдастары. Мұқағали Атырауға келгенде Мараттың үйіне түсетін.

Өте жай жүретін. Өзімен өзі, оңаша отыратын. Бүгінде ет пен терінің ортасындағы желді арқаланып, кеудесін соғып өлең оқитындарды көргенде Мараттарды сағынам. Кеудесін соғып өлең оқу — өлеңді өлтіру. Өлеңге обал жасамау керек»,-деді Әлібек Қайыров тебірене тұрып.

ЕАС 096

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Берішбаев та ақынмен бірге жүрген сәттерден естелік ағытты: «Мен Марат ағамен 1968 жылы таныстым. ҚазМу-ге құжаттарымды тапсырғам, алайда, ол жылы оқуға түсе алмадым. Тамыз айының аяғында қызметке келсем, Қырықбай Бекбаев ағамыз мені Балықшы аудандық газеті редакторы Ғалым Теміртасов ағаның іздегенін, қызметке алмақ ниеті бар екенін айтты. Содан бастап, Марат ақынмен әріптес іні ретінде араластым. Кеме жөндеу зауыты асханасында қызметке келгенімді атап өтіп, дастархан жайдым. Сонда Марат Отаралиев: «Мынау – менің «Қалампыр» аталатын жыр кітабым» деп маған өзінің тұңғыш жинағын сыйға тартты.

Ол кісі жұмысқа тек дүйсенбі күні ғана келетін. Келетін де редакциядағы жалғыз жазу машинкасына отырып, көлдей-көлдей мақалаларды жазып, аптаның бес күніне бірден дайындап кететін. Басқа күндері қызметке келмейді. «Мен ана колхозға кеттім» дейді. Бірақ, жиналыстар болса, оған қатысады. Жиналыстардың тез біткенін қалап отыратын. 1969 жылы жазда тұңғыш рет Балықшылар тойы өтті. Сонда Мәкеңді ауданның басшыларының бірі Еркіновтің қатты құрметтейтінін білдім. Сол жылы мен оқуға түстім, өзім аңсаған ҚазМу-дің журналистика факультетіне.

Редактор балықшылар тойына орай Жамбыл атындағы колхоздан тұтас нөмір дайындауды тапсырды. Оны дайындап, тапсырсам, очерк жазуым керектігін ескертіп жатыр. Ал, мен самолетпен Алматыға ұшуым керек. Сонда Марат ақын редакторға алып кіріп:

– Очерк дайындауға тапсырма берген екенсіз. Соны мен-ақ жазайын. Ертең сағат 12-де алдыңызда жатады,- деді. Редактор келісіп, мен Алматыға, оқуға кеттім.

Содан 1972 жылы Мәкеңнің ауруханаға түскенін естіп, іздеп бардым. Мені сол кезде өзінің курстасы Сейфолла Оспановпен, Жұмекен, Мұқағали сияқты біртуарлармен таныстырып, араласып жүруім керектігін айтты. Әрине, ағадан мезгілсіз айрылып қалғанымызға қатты қиналдым. Әлі күнге еске алып, сағынып отырамын. Бұрқыратып жазып тастайтын. Әсіресе, бетте кішкене ашық жер қалып, соны толтыру керек болса, сол бойда тақырыпқа орай өлең жазып, оны көбінесе, редакция жүргізушісі Ғизаттың атынан жариялайтын.

Мен мына «Қалампыр» жыр жинағын осы жердегі ақынның отбасына табыстағым келіп тұр»,-деген қарымды қаламгер Төлеген Берішбаев ақынның жары Гүлзада Ахметқалиеваға аталған кітапты салтанатты түрде тапсырды.

Ақынның көзін көрген қанаттас інісінің бірі ақын Жеңіс Аронов та киелі сахнада өткен шақтар естелігіне көз жүгіртті: «Мен ол кезде мектепте қызмет жасайтынмын. Бір-бірімізді аса құрметтедік. Кейде аудандық газетке өлең жазатыным да бар еді. Бір күні менің атымнан «Тұлпар» деген өлең жарқ ете түсті. Ол менің өлеңім емес еді. Соны қазір оқып берейін, әрі осы өлеңді ақын отбасына тапсырайын деп тұрмын.»

Марат Отаралиевтің жары Гүлзада Ахметқалиева өз кезегінде өлеңсүйер жұртшылыққа, еске алу кешін ұйымдастырушыларға жүрекжарды алғысын айтты.

ЕАС 163

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз