Шекарада шешілген түйін екі ел арасындағы байланысты жеңілдетті
Бұдан екі жыл бұрын газетімізде Меңдібай Сүмесіновтің «Қиғаштың қызықтары» атты проблемалық материалының жарық көргендігін көзі қарақты оқырман, әсіресе, құрманғазылықтар ұмытпаған шығар. Онда Қазақстан-Ресей шекарасындағы Дина темір жол бекетіндегі келеңсіздіктер сөз болған. Яғни, осы жерде шекарашылар жолаушыларды пойыздан түсіріп, бірнеше сағат тексеру жүргізетін. Әйтсе де, мақала жазылғанымен, күрмеулі проблеманың түйіні біраз уақыт тарқатыла қоймады. Ол облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың Құрманғазы ауданында болып, оның алыс елді мекендерін аралау барысында шешілді. Жақында редакцияға арнайы келген Сираж Нағим есімді азамат жерлестерінің алғысын айтты.
Аймақ басшысы шалғайдағы Сүйіндік, Балқұдық, Асан ауылдарына арнайы барған. Ресеймен шекаралас орналасқан қиғаштықтар облыс әкімімен кездескеніне риза болып, барлық мұң-мұқтаждарын жайып салды. Әсіресе, Атырау-Астрахан арасындағы пойыздың мәселесіне көбірек назар аударды. Мәселен, Астраханнан шыққан пойыз жолаушылары шекарадағы Ақкөл бекетінде тексеруден өтеді. Құжаттары мен жүктерін шекарашылардың қарауына бір жарым сағаттай уақыт кетеді. Енді болды дегенде, вагон есіктері жабылып, ешкімді сыртқа шығармайды, ішке де кіргізбейді. Дина Нұрпейісова атындағы бекетке келгенде вагондар есігі ашылмайды .
— Бұрын Атыраудан Дина бекетіне жол тартқан жолаушылар да Ақкөлден түсіп қалып, бері қарай машинамен оралатын. Пойыз мұнда түнгі сағат екі шамасында келеді. Қанша туысқаның болғанымен, шырт ұйқыдағы адамдарды оятып, түнеп шығуға тура келеді. Өйткені, пойыз аз ғана уақытқа тоқтайтын. Биылғы 30 тамыздан бастап теміржол мәселесі ретке келтірілді. Қазір мұнда пойыз он минут тоқтап, тұрғындарға біршама жағдай жасалды, — дейді Сираж Нағим.
Аймақ басшысының шекаралас өңірлерге сапарынан соң тағы бір мәселе шешіліпті. Оқырманымыздың айтуынша, бұрын Дина бекетінен билет сатылмайтын. Бұдан бірнеше жыл бұрын белгісіз себептермен касса жабылып, өз жұмысын тоқтатқан. Әйтсе де, Атыраудан Дина бекетіне дейін билет сатылатын, пойыз тоқтайтын. Ал, Астраханнан шыққан пойызға отыру үшін 55 шақырым жердегі Ганюшкин стансасынан билет сатып алуға тура келетін. Міне, осы өзекті мәселенің де түйіні тарқатылды. «Сөйтіп, тек біз ғана емес, Шортанбай, Дыңғызыл, Көптоғай елді мекендері тұрғындарының да қуаныштарында шек жоқ. Әрине, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту, оларды қалыпты тұрмыс-тіршілікпен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы биліктің міндеті. Әйтсе де, «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы ұстанған Нұрлан Асқарұлының аймақты аралап, қордаланған проблемаларды біртіндеп шешіп жатқанына Қиғаш бойындағы жұртшылық дән риза»,- дейді оқырманымыз.
Нұрислам Ғұмар
Құрманғазы ауданы.