Жарнама
ЖаңалықтарЭкономикаҚоғам

Шабындықта  –  шалғы  сырылы

Биыл Ойыл арнасынан асып, тасыды, әрі көктем де жаңбырлы болды. Малшылар мен егіншілердің көктен тілегені жерден табылып тұр. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуді көздеген шаруалар бүгінде еңбек майданының бел ортасында. Қызылқоға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали Базарбаевтан білгеніміздей, осы жылы аудандағы шаруа қожалықтары мен жеке адамдар арқылы 126 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланып, ал, егіншілер 30 гектар жерден өнім алуды көздеп отыр.

Шабындықта – шалғы сырылы

Басты талап – қауіпсіздік

Орақ науқаны басталып, мал азығын дайындау барысында басты қаперге алатыны – қауіпсіздік. Өткен жылдары қауіпсіздікке салғырт қарау салдарынан дала өрті өршіп, шабындық жермен қоса біраз техника да отқа оранды. Соған орай, биыл дала өртінің алдын алу үшін түсінік жұмыстарын жүргізіп, техникалардың жай-күйін білу мақсатында ауданда арнайы комиссия құрылды. Аталмыш комиссия жақында Ойыл және Жангелдин ауылдық округтеріндегі шабындық және егістік жерлерді аралап қайтты.

Біз барған қосындарда шөп шабу техникалары қызу жұмыс үстінде екен. Тракторшылар өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында өрт сөндіргіш құрал, киіз, сапалақ, күрек секілді керек-жарақтарын өздерімен бірге алып жүр. Алайда, кейбір ескі техникалардан әлі де болса май ағып, өрт қаупін төндіріп тұрды.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Айбол Карин «Дала өрті салғырттықты кешірмейді. Қазіргі таңда ауа райы желді болып тұр, егер бір шоқ жерге түссе, шөп шауып отырғандарға қауіп төнеді. Сондықтан, тез арада кемшіліктерді жойып, техникаларды күтіп ұстаңыздар. Шөпті шабу, жинау, тасу кездерінде тез тұтанатын заттарды қосын маңынан аулаққа алып кеткен жөн» деп дала өртінің алдын алу жөніндегі ережені пішеншілер қаперіне салды.

Маңдай термен келген еңбектің қызығын көремін деген шақта шапқан шөп пен техниканы «тілсіз жау» жалмап кетсе, кім-кімге де оңай тимесі анық. Сондықтан, әр шаруагер еңбегі еш кетпеуі үшін қауіпсіздікті қатаң сақтағаны абзал. Пішеншілердің жай-күйімен танысқандағы комиссия мүшелерінің ең бірінші ескерткендері де осы болды.

Таңмен таласа тұрғандар

Шөп шабу науқаны басталысымен аудандағы барлық округтер шаруагерлеріне өздеріне тиесілі жерлерін белгілеп, маусым айының ортасынан шабындыққа шалғы түсірді. Біз аралаған ауылдық округтер де шаруа қожалықтарының алды шапқан шөптерін жинап, қыстақ орындарына тасып алу қамында екен. Ал, енді бірі пішенін саттыққа шығаруға дайындап жатты. Таңмен таласа тұрып, ерте еңбекке араласатын пішеншілер жұмысы оңай емес. «Қайрат» шаруа қожалығының төрағасы Қанат Қожахметовтің айтуынша, қазір бригадада үш адам екі трактормен жұмыс жасауда. Жұмыстың басталғанына апта болғанына қарамастан пішеншілер екі жүзден аса орама дайындап үлгерген. Өрт қауіпсіздігін сақтай отырып, мол өнім алуды көздеген бұл қожалық артылған шөпті саттыққа да шығармақшы. Рашид Бисенов жетекшілігіндегі «Азат» шаруа қожалығы «Секерсамай» алқабынан шөп шабуда. Аумағы мың гектардай  жерден олар қазірдің өзінде екі мыңға тарта орама дайындап тастаған. Жақында ғана су жаңа «МТЗ-80» тракторын алған қожалық пішеншілері жұмысқа тың қарқынмен кіріскен. Осыдан қара күзге дейін бел жазбай жұмыс жасауға тәуекел еткен механизаторлардың мақсаты – межелі мал азығын жинап алу.

Биылғы орақ маусымында жұмысын тиянақты жасап, шабындыққа асқан ыждағаттылықпен түскен ұжымдардың бірі–«Ынта» шаруа қожалығы. Қожалық төрағасы Манарбек Бижанов пішеншілерге барлық жағдай жасалғандығын айтады. Өзі де темір тұлпарды тізгіндеген Манарбек пен оның жігіттері қырлық беттен сегіз мың орама пішен дайындап үлгеріпті. Енді «Таңбай» алқабында көлдік бетті шабуға кіріскен.

— Биылғы жылы «Қазсушар» РМК-ның Атырау филиалы Қызылқоға өндірістік учаскесімен келісім-шартқа отырып, алқапқа су жібертіп алдық. Жауын-шашынды ауа райы мен Ойыл суының тасуы бізді шүйгін шөбімен қуантты. Жангелдин ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтарынан 10 трактор шығып, су шыққан алқаптарға шалғы салды. Осы қарқынмен жүрсек, берілген межеден шығамыз, —  дейді Манарбек.

«Құрман» қожалығында

Шөп шабуды ерте бастаған Ойыл ауылдық округіне қарасты «Құрман» шаруа қожалығы да әр күнде 100 орамаға дейін шөп дайындауда. Алдымен қожалық малына қажетті пішенді дайындап, артылғанын аудан тұрғындарына сатуға шығармақшы. Қыстағы табиғаттың тосын мінезіне дайын болу үшін белгілі бір мөлшерде мал азығы қор есебінде сақталады.

Берекесін малдан тауып отырған «Құрман» шаруа қожалығы биыл Ойыл өзенінің жағасынан егістік жер алып, оған бақша, дәнді-дақылдар екті. Қазірдің өзінде ерте піскен көкөнісін теріп, ауылдастарын жарылқап жатқан жайы бар. Қожалық төрағасы Құрманбек Жаңабаевтың айтуынша, еккен егіні жақсы өнім беріп тұрған көрінеді.

Егін шаруашылығына жангелдиндіктер мықтап ден қойған екен. Байырғы егінші Нұрбай Мергенғалиев жылдағы әдеті бойынша биыл да Ойыл өзені жағасынан жер алып, егін егіпті. Қауын, қарбыз, қияр, қызанақ, картоп, жуа дақылдарын   еккен диқаншы егіс басында жанұясымен бірге еңбек етуде. Диқаншы отбасының бұл тірлігіне біз де риза болдық.

 Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button