ШҰҒЫЛА – «КҮНШУАҚ» ЖҮЛДЕГЕРІ
Мектепте үздік оқушы атанған Шұғыла қаладағы «Мектептен тыс оқу орталығында» вокал үйірмесінде Лариса Ғилажовадан сабақ алады. Бұл орталыққа Шұғыланы әкесі Сабыржан Елемесұлы алып келген. Қызының болашағынан зор үміт күткен әкесі оның өнерге деген ерекше қабілетін үш жасынан бастап байқағанын айтады. Отбасындағы үш баланың ең кішісі Шұғыла өзінің ән айту қабілетін әкесінен дарығанын айтады.
— Ол домбыра шертіп ән айтады. Асабалық өнері де бар. Вокал үйірмесіне қатысқаныма 2 жыл болды. Мерекелік шараларға қатысып, бірнеше марапаттарға ие болып жүрмін. Республикалық деңгейдегі конкурсқа қатысуым бірінші рет. Еліміздің түкпір-түкпірінен мықты өнерпаздар қатысқандықтан, қобалжыған едім. Конкурста «Домбыраның күмбірі», «Ай дидарлы анашым» атты әндерін орындадым. Бірақ, ата-анамның, апайымның үмітін ақтадым, — дейді Шұғыла.
Танымал әнші болуды армандайтын кішкентай жеңімпаз вокал үйірмесіне қатысумен қатар, хореографиямен де айналысады. Шұғыла болашақта би байқауына қатысуды да армандайды.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.
Атырау қаласы.