Үш биге арналған ескерткіш қала сәулетіне көрік берді
Мұнайлы өлкеде «қара қылды қақ жарып», дауды ақылмен шешіп, әділ бағасын беріп отырған қазақтың үш биіне арналған ескерткіш ашылды. Оның ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов, облыстық сот төрағасы Марғұлан Бектұрғанов, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым және атыраулық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыстық сот төрағасы Марғұлан Бектұрғанов ұлтымыздың сот жүйесі Төле, Қазыбек және Әйтеке билер есімдерімен тікелей тарихи байланысқа ие екенін атап өтті. «Былтыр біз облыстық сот ғимаратының алдына ескерткіш қою туралы шешім қабылдадық. Халқымыздың ұлы ғұламаларына тағзым ету – біздің парызымыз», — деді М.Бектұрғанов.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов бұл ескерткіштің маңызына тоқталды.
— Жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылды. Қазақстан халқы тарихтағы ең күрделі кезеңде ұлтымыздың бірлігін нығайтуда шешуші рөл атқарып, елдің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы тұлғалар Төле, Қазыбек және Әйтеке билерді құрметтеп, ешқашан естен шығармайды. Бұл — ұрпақ сабақтастығы, дәстүрлер жалғасы. Ескерткіш облыстық сот ғимаратының жанында кездейсоқ орнатылмаған, бұл — қазақ халқының даналығы, әділдігі мен абыройының символы, — деді Серік Жамбылұлы.
Шара барысында сөз алған Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым аймақта маңызды үкімдер шығарылатын облыстық сот ғимаратының алдына қазақтың үш биі ескерткішінің қойылуы судьялардың әділ шешім шығаруына оң септігін тигізетініне тоқталды. Әсіресе, дархан даналықты, бүкілхалықтың бірлік пен қатаң әділдікті бейнелейтін ескерткіш қала көркін келтірер көрікті арихитектуралық нысанның біріне айналатынын жеткізді.
Жаңа ескерткіш қоладан құйылып, мәрмәр тұғырға орнатылған. Монумент авторы – Қазақстанға танымал мүсінші Бақытбек Мұхамеджанов. Ескерткіштің биіктігі — 3,60 метрді құрайды.
Бұдан соң шара облыстық соттың 80 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесер рәсіміне ұласты.
Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.