ӘЙЕЛДЕРГЕ – АЯЛЫ АЛАҚАН

Бүгінде қыз-келіншектердің қолынан келмейтін іс жоқ. Олар саясатқа да, кәсіпкерлікке де араласып, бала тәрбиесімен қатар, үй шаруасын да дөңгелентіп отыр. Нәзік жандыларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек те, қолдау да аз емес. Десек те, әлі де оларға жан-жақты көңіл бөлу қажет. Бұл жөнінде әйелдер мерекесі қарсаңында Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен қоғамдық талқылау барысында айтылды. 

 

Саяси партия филиалдарының жетекшілері, әкімдік пен денсаулық сақтау қызметкерлері және әлеуметтік жағдайы төмен әйелдер қатысқан жиында ана мен балаға қамқорлықты босаңсытпау керектігі сөз болды. Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық филиалының бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев бала күтімінде отырған аналар мемлекет тарапынан қосымша көмектер сұрап, қоғамдық қабылдауға жиі келетінін айтты. 

 

«Әйел бала тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Сол себепті оларға қандай көмек жасасақ та артық емес» деген ол бала күтіміндегі аналардың мерзімінен бұрын қызметке шығуы материалдық жағдайдың жетіспеушілігінен туындап отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі күні балаға бір жасқа дейін ай сайын төленетін жәрдемақы  10 мың 186 теңгені құрайды. Ал, өмір сүрудің ең төменгі көрсеткіші  19 мың 966 теңге десек, бұл жәрдемақы баланың керек-жарағына аздық ететіні анық.

Ағымдағы жылы елімізде біржолғы мемлекеттік жәрдемақы бірінші, екінші және үшінші балаға – 55 мың 560, ал, төртінші балаға  92 мың 600 теңгені құрап отыр. Бұл шет мемлекеттермен салыстырғанда, әлдеқайда төмен. Ерболат Ғұсманұлы Қазақстанда жәрдемақыны көбейту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына коммуналдық қызмет төлемдеріне, қоғамдық көлікте жүруде жеңілдіктер енгізу, сондай-ақ, шалғай ауылда тұратын аналарға көмір мен отын алуға өтемақы қарастыру сияқты ұсыныстарды ортаға салды. Бұл пікірді жиынға қатысушы партия филиалдарының өкілдері де қолдады. 

Алтыншаш
 НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз