Серік Шәпкенов Қызылқоға ауданының тұрғындарымен кездесті
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен алдағы даму жоспары талқыланды,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Серік Шәпкенов алдымен Қызылқоғада жүріп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл аяғына дейін аудан сапалы ауыз сумен 100% қамтылады.
— Тоғыз елді мекенде (Соркөл, Сарқұмақ, Қоғам, Тасқұдық, Аққора, Қоңыраулы, Былқылдақты, Кенбай, Қоңыстану) ауылішілік су құбыры желісі жүргізілуде. Ал Мұқыр ауылының екінші көтермелі су айдау стансасын қайта жаңғырту жұмыстарын жыл аяғына дейін бітіреміз. Жұмыстар жіті бақылауымда. Одан бөлек, биыл «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырын реконструкциялау және Миялы ауылына жазғы су құбырының құрылысын аяқтау жоспарланды,-деді С.Шәпкенов.
Аймақ басшысы кездесуде азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселесіне тоқталды.
— Биыл халықтың әлеуметтік осал тобына арнап 80 пәтер сатып алынады. Қазір соның 50-і сатып алынды (Миялы 39, Жангелдин 5, Сағыз 6), қалғанына жыл аяғына дейін сатып аламыз. Бұл мәселе биыл толықтай шешіледі,-деді С.Шәпкенов.
Қызылқоғалықтар тас жол салу, басқа да инженерлік инфрақұрылым жүргізу мәселері және денсаулық сақтау сынды басқа да өзекті мәселелерді көтерді.
Аймақ басшысы жиында қойылған сауалдар заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Кейін сала мамандарымен бірге тұрғындарды жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап берді.
Облыс әкімінің Қызылқоға ауданы тұрғындарымен кездесуі аудан әкімдігінің facebook, instagram желілеріндегі ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді.