Төртінші билік пен үшінші сектор өкілдерінің кездесуі

zhlzhlzh Жаңалықтар

«Теңізшевройл» ЖШС ғимаратында ТШО әлеуметтік инвестициялар бағдарламасын іске асырып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен журналистердің кездесуі өтті. Кездесу барысында ҮЕҰ 2023 жылы жұмысын бастаған жобалар талқыланып, қалың бұқараны ақпаратпен сапалы әрі жедел қамтамасыз ету тетіктерін анықтау төңірегінде өрбіді.

Кездесуді ТШО-ның үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Дәрмен Аронов ашып, өткен жылы «Атырау-Ақпарат» ЖШС қарасты БАҚ қызметкерлері мен әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының жеңімпаздарымен кездесу ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Нәтижесінде өткен жылдармен салыстырғанда біздің ҮЕҰ серіктестеріміздің жарияланымдарының саны артты. Бұл өте қуанышты, өйткені осы оқиғаның арқасында ҮЕҰ мен БАҚ өзара байланыс орната алды. Мен БАҚ өкілдеріне ҮЕҰ-ға Атырау халқының игілігі үшін іске асырып жатқан жобаларын халыққа жариялауда көрсеткен қолдауы үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сондықтан биыл да осындай іс-шара ұйымдастыруды ұйғардық, – деді Дармен Аронов.

Кездесуге қатысқан «Атырау-Ақпарат» ЖШС Бас директорының орынбасары Дәурен Махимовтың пікірінше, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы бұқаралық ақпарат құралдарында әлі кеңінен насихатталмай жүргендігі түрлі дөңгелек үстелдер мен жиналыстарда бірнеше рет көтерілгенін айтты.

lzhll

– Дегенмен, бұл үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істемей отыр деген сөз емес. Керісінше, атқарылған жұмыстар жұртшылыққа тиісті мөлшерде жетпей отыр. Бұл ретте екі тарап та кінәлі деп есептеймін. Өйткені ұйымдастырушы ұйымдар өз жұмысын қажетті деңгейде көрсете алмады, ал журналистер қажетті деңгейде көре алмады. Сайып келгенде үкіметтік емес ұйымның жыл бойына жоба аясында жасаған жұмыстары газеттің 100 жолдық хабарына немесе телеарнаның 60 секундтық сюжетіне сыйып кетіп жатады, – деді Д.Махимов.

«Мәселені қалай шешуге болады?», деген сұраққа, ол, қоғамдық ұйымдарда PR-менеджерлер болуы керек, бұл маман өте қажет екенін айтты. Бұл ретте журналист өз тарапынан шешу жолдарын ұсынып көрді.

– Бірінші, қоғамдық ұйымның PR-менеджері болуы керек. Әрине, түсінемін, кейбір ұйымдардың қаржылық әлеуеті қосымша маманды жұмысқа тартуға тартпайтын шығар. Дегенмен қазіргідей алапат ақпарат заманында ұйым тым құрығанда, смм-менеджер, мобилограф, PR-менеджер жұмысын қатар алып жүретін бір маман тарпаса болмайды. Екіншіден, қоғамдық-әлеуметтік, біздің жағдайда экологиялық татақырыпта жазатын журналистер мен қоғамдық ұйым өкілдерінің ортақ ақпарат алаңын құру. Үшіншіден, журналистер тарапынан арнайы семинар-тренингтер ұйымдастыру.Төртіншіден коллобрациялық жобаларды іске асыру, – деп атап өтті Даурен Махимов.

Шара соңында үкіметтік емес ұйым өкілдері өздері жүзеге асырып отырған жобалардың презентациясын жасап, БАҚ өкілдерімен барынша тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатуға бейілді екендіктерін жеткізді.

Ару ҰЗАҚОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика мамандығының 5 курс студенті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз