Серболат Шораев жаңадан іс бастағандарға банкрот болмаудың сыры туралы айтып берді

fd3363f7 0c4d 46e8 9f5b 3b32e1d1b61d Жаңалықтар

Қазақстандық мазмұнды арттырудың жолы қандай? Жаңадан іс бастап, банкрот болмаудың сыры неде? «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуы жоспарға сай ма? Танымал депутат болудың құпиясы қандай?

Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Атырау қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер, «Urker» компаниясының басқарма төрағасы Серболат Шораевпен сұхбаттастық.

5730ba12 ce52 4901 8d19 2934e98a9c4e

Серболат Ерарыстанұлы, барлық деңгейдегі депутаттарды таныстыру,  атқарылған жұмыстар туралы айтуды ұстанған газет айдарының мақсаты айқын. Ал, Атырау қалалық мәслихатының депутаты ретінде Сізді ел тани ма, қалай ойлайсыз?

– Менің Атырауда тұрып жатқаныма 10 жылдан асты. Алғаш келген күнімнен бастап негізгі кәсібім – өндірістік құрылыс саласы. Әлі күнге дейін содан қол үзген емеспін. Біртіндеп, қоғамдық жұмыстарға да араласа бастадым. «Атамекен» палатасының аймақтық кеңесіне мүше болып кіргеннен бастап, бизнестен бөлек, бірнеше қоғамдық қызметтерді атқардым. Көптеген адамдармен, мәселелермен етене танысуға мүмкіндік туды.

Танымалмын деп айта алмаймын, жиі сөз сөйлеп, көзге түспейміз. Бірақ мәселелерді сессияларда, тұрақты комиссия мәжілістерінде талқылап, әр проблемаға байыппен қараймыз.

– Қазақстандық мазмұнды арттыру. Бұл – мемлекет ұстанған бағыттардың бірі. Президенттің дәстүрлі Жолдауында да бұл мәселе жиі көтеріледі. Оң нәтижеге жетудің жолы қандай? Осы салада көптен бері табысты еңбек етіп жүрген жан ретінде ой-пікіріңізді білдірсеңіз…

– Адам жетістікке білім-ғылым арқылы қол жеткізеді. Егер мақсатымызға жетеміз десек, алдымен жастарды білімге және кәсіпке баулу керек. Тіл үйренбей, әлемдік практиканы білмей, мықты боламын деу бос әуре.

Қазір жергілікті мамандар құрылыс саласын жетік меңгерді деп нық сеніммен айта аламын. Оған қоса, жобаларды даярлау жұмыстарына да еш қысылмай жергілікті мекемелерді тартуға болады.

Біздің осал жеріміз – өнім шығару жағы. Мысалы, «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Қазына», «Қазатомпром» секілді компаниялардың өндірістік қажеттіліктерін топтап немесе бір стандартқа сай жүйелеп ұйымдастыруға болар еді.

Әртүрлі елден келген инвесторлар өздері үйренген брендтерін әкеліп жатыр. Бұлар біздің техникалық стандарттарға сай ма, жоқ па, қарап жатқан ешкім жоқ. Ең бастысы зауыт қосылып, өндіріс жүрсе болды. Ал, зауыт іске қосылғаннан кейін алдағы 50 жылда құрамдас бөлшектерін алу қажет емес пе? Оны зауыт тұрған елден емес, тағы да сол шетелден әкеледі. Неге? Өйткені, келісілген шарт сондай.

Дұрысында, тек осы сауал аясында-ақ ауқымды сұхбат жасауға болады. Ал, қысқаша, қарапайым тілмен айтарым – осы. Яғни, әр ел өз нарығын толық реттеген кезде ғана өзгеге жалтақтамайтындай болады.

Білімге ұмтылу керек дедіңіз, АҚШ-тың Линкольн университетін, Түркияның техникалық университетін тәмамдаған түлек ретінде ашығын айтыңызшы, белгілі бір жетістікке жету үшін міндетті түрде шетелде оқу немесе екі мамандық алу қажет пе?

– Міндетті емес, әрине. Болмысынан алғыр, талапты болсаңыз, қазіргі кезде онлайн оқып-ақ көптеген нәрсеге қол жеткізуге болады. Ал, шетелде білім алғанның бір пайдасы – өзіңді шыңдайсың.

Ел ішінде қанша дегенмен ағайын-туыс, дос-жаран бар. Соларға сенесің. Ал, шетелде өзіңнен басқа кімге сенесің? Сондықтан, тырбаңдап әрекет етуге тура келеді. Шеттегі өмір аяққа нық тұруды, өз мүмкіндігіңді бағалауды үйретеді.

Шыны керек, олардың бізден озық тұстары көп, үйренеріміз мол. Көрген-білгеніңді елдегі тіршілікпен салыстырып, жақсысын алсаң, өмірлік тәжірибе жиясың.

Кәсіпке баулу деген сөзіңізді де тарқата түссек. Белгілі кәсіпкерсіз. Сала маманынан кәсіби кеңес болсын: кез-келген азамат өз бизнесін дамытуды неден бастау керек?

– Бизнесте ең маңыздысы – ой, яғни идея. Содан кейін оны іске асыратын құрал-сайман қажет.

Тағы бір баса айтар маңызды фактор – сәтті бизнестің құпиясы кәсіптің саласын дұрыс таңдау. Яғни, сараптап, толыққанды анализ жасамаса, банкрот болу лезде. Екіншіден, сол бизнес идеяңызды іске асыруға қажетті адами ресурс, жоспар, техникалық қажеттіліктерді алдын ала белгілеу. Сосын ғана жобаны іске асыруға қажетті қаражат.

Көбінесе бірінші кезекте қаражатты қойып, соған сәйкес идея іздеп жатамыз. Ол – қате. Идея өтімді, керемет болса, есебіңіз дұрыс, алдымен өзіңізді, қала берді инвесторды қанағаттандырарлық дәрежеде болса, ондай жобаға қаражат табу аса қиын болмайды.

Әрине, мұның барлығын жүзеге асыру үшін ықылас, тәуекел, ынта және талап қажет. Олар болмаса діттеген мақсатқа жету қиын.

Пандемия еңбек нарығын едәуір өзгертті. Сіздің салаңызға қатысты қандай қиындықтар орын алды, әлде керісінше ұтымды тұстары болды ма?

– Пандемия тек біздің елдің емес, әлемді мойындатқан ірі елдердің экономикасын да есеңгіретіп тастады. Мұнайдың нарықтық бағасы нольден төмен түсіп кеткенінің куәгері болдық. ТШО, НКОК және КПО тәрізді өндіріс ошақтары көптеген ірілі-ұсақты жобаларын тоқтатуға мәжбүр болды. Бір жылдан астам уақыт түсініксіз, алдымызды болжай алмайтындай жағдайға тап болдық. «Пандемия неше уақытқа созылады?», «Вирустың мутацияға ұшыраған жаңа штамдары қаншалықты қорқынышты, оның емі қашан табылады?» деген сұрақтар бәрімізді де мазалады. Ондай кезде бизнес емес, алдымен жан қайғы болатыны онсыз да түсінікті. Бұл пандемиядан ұтқан ешкім жоқ сияқты.

Атырауда мұнай-газ өндіру ошақтары бар екені рас. Алайда, білуімізше, компанияңызға Қазақстаннан гөрі шетелден тапсырыс көп түседі. Неліктен?

– Елдегі ірі жобалардың бірі – FGP жобасы бойынша айтайын, негізгі мердігерлердің арасында қазақстандық компания жоқ. Біз секілді отандық компаниялар қосымша мердігер ғана. Ал, шетелде олай емес, сіздің жұмысыңыз бен мамандарыңыздың деңгейін өздері көріп-ақ тікелей жұмыс жасауға шақырады. Өйткені, біздің мамандардың басым бөлігі – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ғаламдық, теңдессіз жобаларда тәжірибе жинаған білікті мамандар. Олардың кәсіби деңгейінің арқасында үлкен жобаларда жергілікті мамандарға сұраныс жоғары. Ал, сол жобаларға қатысқан шетелдіктер тәжірибелі маман ретінде Мозамбик, Катар, Сауд Арабиясы, Әзербайжан секілді елдерде еңбек етіп жүр. Біздің де біліктілігіміз жетеді, мамандарымыз тәжірибелі, неге осы жобаларға ұмтылмасқа? Оның үстіне, Қазақстанда еңбек еткен маман болса, жоғарыдағы жобаларға қатысқан компаниялар туралы білетіні анық. Демек жұмыс ауқымын кеңейтудің кез-келген мүмкіндігін жібермеген жөн.

Осыдан біраз уақыт бұрын біздер алғашқы қазақстандық компания ретінде Ямал СПГ, ЗапСиб-2, Амур ГПЗ секілді Ресейдегі ірі жобаларға қатынасып едік. Қазір ол жерде қазақстандық жұмысшылар ғана емес, мердігер мекемелер де үлкен жұмыстар атқарып жүр.

Тағы бір айта кетерім, жалпы «сату» деген ұғымның аясы кең. Біздерде қалыптасқан бір түсінік – зат сату. Олай емес, адам ойын, еңбегін, «миын» да сата алады. Бұл – қазіргі заман талабы. Сол көштен кейін қалмауға тырысқан жөн.

Ал, жергілікті үлес көлемін арттыра алмауымыздың себебі неде?

– Ең алдымен мына мәселеге назар аударайық. АҚШ, Еуропа одағына мүше елдердің тұрғындарына Қазақстанда жұмыс жасауға неге жеңілдік берілді? Мен ірі инвесторларды айтып отырғаным жоқ, біздің экономикамызға бір тиын салмай өте үлкен табысқа кенеліп отырған шетелдік мекемелерді меңзеп отырмын.

Рас, инвесторға мүмкіндік беру керек. Алайда, оларға қатысты қолдау түрлері өте көп. Мәселен, шетелде өндірілген тауарлар салықтан босатылған. Ал өз елімізде өндіргенде қосылған құн салығы, кедендік салықтарды түгел төлейсің. Сонда біз кімнің экономикасын, қай елдің кәсіпкерін қолдап отырмыз? Осындай келеңсіздіктерді тезірек реттесек, біздің де талай белестерді бағындырарымыз анық.

72bce266 b8da 4b53 89c7 f3ae1d5b9de1

Депутат болып сайланарда, сайлаушыларға берген уәделердің неше пайызын орындадым деп айта аласыз?

– «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы, соның негізінде жасақталған «Жол картасы» – аймақтың өзекті және күрделі мәселелерін қамтып, шешімін ұсынған маңызды құжат.

Егер депутат болсам елге адал болып, ел мүддесіне сай шешім қабылдаймын деп өзіме серт берген едім. Соған сай, мәслихат сессияларында да, фракция отырыстарында да білім беру сапасын арттыру, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, жұмыссыздықты азайту, медициналық қызмет сапасын жоғарылату секілді өзекті мәселелерді көтеріп, қызу талқыға салдық.

Өз басым депутаттықтың алғашқы жылы өте нәтижелі болды деп есептеймін. Алдымызда шешімін таппаған талай күрделі түйіндер тұр. Соларды оң нәтижеге жеткізсек, 100 пайыз орындаған болар едік. Ол енді келер жылдардың еншісінде.

Жайлы аумақ қалыптастырып, халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту, таза ауыз сумен қамтамасыз етіп, жолдың сапасын арттыру бағытындағы бастапқы қадамдар қандай? «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы негізінде жасақталған қалалық Жол картасы биыл ойдағыдай орындалып жатыр ма? Бұл  тарауға жауапты топ жетекшісі ретінде атқарылған жұмыстарды сараласақ…

– Қалаішілік жолдардың өткен жылдарға қарағанда едәуір жаңаланып, жақсарып қалғанын халықтың өзі де күнделікті көріп отыр. Биыл қаланың сол жақ бетінде лас суды өңдейтін жаңа зауыт іске қосылды. Оң жағалаудан да қазір соған ұқсас зауыт салу қызу талқыланып, жобалары қарастырылып жатыр.

Сайлауалды бағдарламаға еңген тағы бір үлкен мәселе – мұнай өңдеу зауытының қалдық суларынан жиналып қалған көлшіктерді құрғатып, рекультивация жасау жұмыстары да жалғасуда. Жақында бұл күрделі мәселе де оң шешімін табады деп сенемін. АМӨЗ-ді жауып, бірнеше мың жанұяға табыс көзі болып отырған мекеменің есігіне құлып іліп қоя алмаймыз. Сондықтан, халықпен бірге экология мәселесін жиі көтеріп, зауыттардың немесе басқа да зиянды өндіріс ошақтарын барынша жіті қадағалап, керек болса сол мекемелерге сүзгі қоюға көмектесуге Атырау қаласының тұрғыны ретінде біз де мүдделіміз.

Әрине, барлық жиналып қалған проблемаларды бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Оған уақыт та, қаражат та кейде жеткіліксіз болып жатады. Бірақ сын көзбен қарасақ, оң қозғалыс бар екенін жоққа шығара алмаспыз.

Ашық сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін!

Сұхбаттасқан: Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз