СЕНІМГЕ ИЕ БОЛУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырауға іссапармен келген ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божкомен кездесті. Облыс әкімінің орынбасарлары, құқық құрылымдарының басшылары қатынасқан алқалы жиында мәртебелі қонақ облыс басшысына «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне – 20 жыл» мерекелік медалін салтанатты түрде табыстады.

 

– Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің бұрынғы басшысы, бүгінде Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божконы таныстырып жатудың қажеті жоқ. Өйткені, уақытпен санаспайтын қиын да күрделі саланың майталманы, мемлекет қайраткерінің есімін көпшілік жақсы біледі, – деп бастады әңгімесін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Өңір жетекшісінің айтуынша, қызмет жолында Владимир Карповичпен талай рет кездесіп, табиғи апаттың алдын алу, зардабын жою мақсатында бірлесе жұмыс жасапты. Сол кезеңде төтенше жағдайлар құрылымының басшысы істі ұтымды ұйымдастыратын іскерлігімен көзге түскен.

– Әсіресе, 2011 жылы Батыс Қазақстан облысындағы алапат су тасқыны есімде ерекше қалды. Ол кезде мен аталған аймақтың басшысы едім. Көктем мезгілінде табиғат тосын мінез танытып,  санаулы сағатта қала судың ортасында қалды. Жүздеген үй, 26 елді мекен «тілсіз жаудың» құрбанына айналды. Соның кесірінен тоғыз мыңнан астам адам зардап шегіп, қорғансыз күйге түсті. Осы мезеттегі ахуалдың ауырлығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жергілікті барлық күш жұмылдырылды, мұнда төтенше жағдайлар жөніндегі құрылым өкілдерінің қосқан үлесі ерекше. Владимир Божко екеуміз тәулігіне 3-4 сағат ұйықтап, топан судың зардабын жою шараларының басы-қасында жүрдік. Осылайша бірлесе қызмет қылуымыздың нәтижесі деп білемін, сындарлы сәттен біз абыроймен шықтық, – деді облыс әкімі.

Әңгімесін «Көп рахмет!» деп қазақша бастаған Астанадан келген мәртебелі қонақ «қиын жағдайда көмектесу – біздің міндетіміз» деп жылы жымиып қойды.

– Шындығында, табиғи апат кезінде жауапты лауазымды тұлғалардың істі ұйымдастыра білуі халықтың билікке сенімін еселейді, бойларына отан-сүйгіштік қабілетті қалыптастырады, бастысы, тікелей төнген қауіпті сейілтеді. Осы жағдай Батыс Қазақстан облысындағы табиғи апат кезінде байқалды. Сіздің ыждағаттылығыңыздың, қиын сәтте шұғыл шешім қабылдауыңыздың арқасында адамдар көлденең жағдайлардан аман қалды. Арада біраз жылдар өтсе де, олар сол жасалған жақсылықты, қамқорлықты ұмытқан жоқ деп ойлаймын. Өйткені, сол алапат тасқыннан зардап шеккендер бүгінде жаңа үйлерге қоныстанып, бақытты ғұмыр кешуде. Инфрақұрылымдар да қайта жасақталып, өмір өз ырғағына түсті. Ендеше, мұны айту менің азаматтық міндетім деп білемін, – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко.

Апат айтып келмейді десек, осының мысалы дерлік жағдай биылғы мамыр айында Атырауда да қалыптасты. Бұл жолы мұнайлы өңірге бұрын-соңды болмаған жауын-шашын қауіп туғызды. Оның зардабын тұрғындардың үйлерін аралай жүріп, өзіміз де көргенбіз. Сол кезде облыс басшылығының тұрғындарды жедел түрде қауіпсіз жерге көшіріп, көшедегі кілкіген суды сорғызуының арқасында оқыс оқиғалардың алды алынды. Бүгінде жоқтың орны толып, зақымдалған үйлер жөнделіп жатыр. Жыл басындағы Қарағандыдағы су тасқыны кезінде де Атырау облысы алғаш болып көмек қолын созды. Сондықтан, жергілікті биліктің бұл қызметін мәртебелі мейман айрықша атап айтып, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне – 20 жыл» мерекелік медалін алдымен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің кеудесіне тақты. Мұндай құрметке, сондай-ақ, оның орынбасары Сәлімжан Нақпаев, Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев, облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев, Атырау облысы бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Сағынбек Өмірзақов, тағы басқалары ие болды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз