Сенімді серіктестік – табыс негізі
Сәрсенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Францияның Алматыдағы Бас консулы Патрик Ренарды қабылдады. Кездесуге Францияның Атырау облысындағы Құрметті консулы Есенғали Байменов те қатынасты.
— Атырау облысының экономикасы бүгінде қарқынды даму үстінде. Әлеуметтік, қоғамдық салада да үлкен серпіліс бар. Әсіресе, Қазақстан мен Франция арасындағы етене байланыстың көрінісіндей болған жаңа жобаларға ерекше тоқталуға болады. Іскерлік қарым-қатынас нығайып, бұрыннан бар кәсіпкерлік құрылымдар қызмет аясын кеңейтуде, — деді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы.
Қазақтың қонақжайлылығы, дархан пейілі екіжақты кездесудің емен-жарқын жағдайда өтуіне себепші болғандай. Бас консул Патрик Ренар ұлтымыздың осынау ерекшелігін ұғып алғанға ұқсайды. Оның айтуынша, ол Атырауға осыдан екі жыл бұрын келіпті. Содан бергі аз аралықта мұнайлы астанадағы үлкен өзгерістерді анық байқапты. «Бүгінде Атырау мен Францияның екінші ірі қаласы – Марсель арасындағы байланыс жолға қойылуда. Жалпы, бұл екі шаһар маған өте ұқсас көрінеді. Өңірлерде мұнай өндіруші зауыт бар. Химия өндірісі жүйелі даму жолына түсуде. Бастысы, қос қалада да адамдардың жайлы өмір сүруіне айрықша маңыз берілген»,- деді Бас консул. Халықаралық қауымдастықта үлкен беделге ие болып отырған Франция қазіргі күні Қазақстанның стратегиялық әріптестерінің бірі саналады. Биылғы жылдың төрт айында аталған мемлекеттің Атырау облысымен арадағы сыртқы сауда айналымы 447,6 млн. АҚШ долларын құрады. Соның дені – экспорт. Аймағымыздан Еуропаның іргелі еліне өңделген балық еті, мұнай өнімдері шикізаты, бұрғылау қашауы, тағы басқалары жөнелтіледі. Ал, бізге жеміс-жидек, мұнай-газ желісіне қажетті құбырлар, өзге де өнімдер тасымалдануда.
Бүгінде Атырау облысында француздар қаржыландыратын жеті кәсіпорын жұмыс жасауда. Мәселен, «Шнейдер Электрик» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жарықтандыру аспаптарын шығарса, «Жеосервис С.А. Казахстан» геологиялық барлау және іздеу жұмыстарын жүзеге асырады. Одан өзге әлемде іргелі компаниялардың бірі «Тоталь» да аймағымызда қызметін өрістетіп жатыр. Қос тарап бұл байланыстарды одан әрі тереңдетуге, инвестиция тартуға, Атырау мен Марсельдің «бауырлас қалалар» мәртебесіне ие болуына күш салуға уағдаласты.
Азамат БАЗАРБАЕВ.