img 20210115 wa0608

Атырауда Тауман Амандосов сыйлығы иелері марапатталып, журналистерге тұрғын үй жарнасы берілді

Жаңалықтар
9 / 100

«Қазақ журналистикасының негізін салушы, профессор Тауман Амандосов атындағы Атырау облысы әкімінің сыйлығы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті», – деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Іс-шараға аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов арнайы қатысып, пандемия өршіген тұстағы ақпарат саласы мамандарының еңбегін атап өтті.

«Қай дәуірде де ақпарат саласының мамандары – қоғамның айнасы. Пандемия ушығып тұрған кезде дәрігерлермен бірге, журналистер де өз өмірлерін қауіпке тіге отырып, алдыңғы шепте жүрді. Қауіпті аймақтардан жасалған тікелей репортаждар мен таралған ақпараттар дер кезінде тиісті аудиторияға жетіп жатты. Бұл бір жағы ерлік, орасан зор еңбек, – деді Махамбет Досмұхамбетов.

Байқау нәтижесі бойынша, «Үздік журналист – 2020» номинациясын белгілі журналист, «Сарайшық» журналының бас редакторы Исатай Балмағамбетов иеленді.

«Атамекен» кәсіпкерлік палатасының  Атырау облысы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқпаева – «Үздік баспасөз қызметі – 2020», волонтер – блогер Қуат Жанесеев – «Үздік блогер – 2020», Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің  дизайнері Еламан Нухин – «Үздік визуалды жұмыс – 2020» номинацияларымен марапатталды.

Ал, «Үздік креативті шығармашылық – 2020» номинациясын журналист Нұрберген Мақым, «КТК» арнасының Атырау облысындағы меншікті тілшісі Бекен Әлирахым – «Үздік меншікті тілші – 2020» , «Атырау – Ақпарат» ЖШС баспаханасының түптеу цехының түптеушісі Алтынай Тантуарова – «Үздік техникалық маман – 2020» аталымына лайық деп танылды.

Сонымен қатар, «Үздік кадр – 2020» номинациясын  «Атырау» телеарнасының операторы Қанат Елеуов, «Үздік интернет паблик – 2020» аталымын блогер Арман Хайрулиннің «Фейсбук» желісіндегі жеке парақшасы, «Үздік редакция – 2020» аталымын Құрманғазы аудандық «Серпер» газеті иеленді.

Бұдан бөлек, тағы бір топ журналист «Тұрғын үй» сертификаты жарнасының иегерлері атанды. БАҚ өкілдеріне тұңғыш рет беріліп отырған аталмыш сертификатты иеленгендер қатарында  «Каспиан ньюс» телеарнасының журналисі  Күнайым Сәкен,  «Атырау» газетінің  журналисі Гүлжан Әмірова, «Ақжайық» газетінің журналисі Нұргүл Хайрулина, «Атырау» телеарнасының журналисі Гүлназ Кәрімжан, «Прикаспийская коммуна» газетінің журналисі Динара Қанбетова бар.

Конкурс номинанттарының әрқайсысы 500 мың теңге қаржылай сыйақыға және «Тұрғын үй» сертификаты жарнасының иегерлері 1 миллион теңгеге ие болды.

«Үздік журналист – 2020» номинациясын жеңіп алған белгілі журналист, «Сарайшық» журналының бас редакторы Исатай Балмағамбетов жүлде қорының көбейіп және номинацияның артуы шын мәнінде, Тауман Амандосов сыйлығының мәртебесін арттырғанын атап өтті.

«Бұған дейін қазақ журналистикасының атасы Тауман Амандосов атындағы конкурс екі жылда бір рет өтіп келген еді. Жүлде қоры мардымсыз болатын. Өзге облыста ұқсас конкурстар бар. Олар жылда өтеді, номинациясы көп әрі қаржылай марапаты да көңіл толатындай еді. Сондай-ақ Т.Амандосов байқауына тек журналистер ғана қатыса алатын. Ал БАҚ саласына қатысы бар, әсіресе, техникалық мамандықтар тыс қалатын.

img 20210115 wa0600

Бұл мәселені журналистік  қауым бірнеше жылдан бері көтеріп келген еді. Өткен жылы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездесуде де осы мәселені айтқан едік. Енді міне, конкурстың жүлде қоры бірнеше есе артып, заман талабына сай номинация саны да көбейіп, конкурстың жылда өтетіні де қуантып отыр»,- деді Исатай Балмағамбетов.

Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық филиалының төрайымы Алма Қалусариева Атырау журналистері үшін жарыс ережесінің өзгеруі үлкен қолдау болғанына тоқталды. «Байқаудың мемлекет қаржысына салмақ салмай, демеушілер тарту арқылы ұйымдастырылатыны көңілге қонымды»,- деді ол.


Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық филиалының төрайымының сөзінше, жеңімпазды анықтау оңайға соқпаған. Конкурсқа 60-тан астам өтінім келіп түскен. Тіпті, «Үздік меншікті тілші» атылымына 11 журналист, «Үздік журналист» номинациясына 19 адам қатысқан. Жеңімпаздарды құрамында белгілі журналистер және қоғам өкілдерінен құралған арнайы комиссия анықтаған. Ал баспана жарнасы сертификатына көп балалы, әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін журналистер ие болған.
 
«Тұрғын үй» сертификаты жарнасын иеленген «Атырау» телеарнасының журналисі, көп балалы ана Гүлназ Кәрімжан журналистер үшін көрсетіліп отырған  әлеуметтік  қолдау бұрын – соңды болмаған жаңалық екенін айтты.

«Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистерге жасалып отырған әлеуметтік қолдау – заман талабынан туындаған қажеттілік. Себебі, журналистердің әлі күнге дейін заңдық тұрғыда мәртебесі анықталмағандықтан әлеуметтік жеңілдіктерден қағылып келеді. «Қандастар» жобасын түсіру барысында әлемнің көптеген елінде болып, шетелдегі талай қазақтың үйінен дәм таттым. Ол кісілер де менің шаңырағымнан дәм татса ғой деген арманым болатын. Сол арманым орындалатын болды. Бұл бастаманың көп балалы, үй жалдап  жүрген жастарға үлкен әлеуметтік қолдау боларына сенемін»,-деді Гүлназ Кәрімжан.

Атап өту керек, Тауман Амандосов атындағы Атырау облысы әкімінің сыйлығы он номинация бойынша анықталып, тұрғын үй сертификаты жарнасы  бес журналистке берілді.

img 20210115 wa0614
img 20210115 wa0615
img 20210115 wa0610

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған