efb100b81eff2776 2

ОНЛАЙН ОҚЫТУ: Оның ерекшелігі неде?

Білім Жаңалықтар СарапTime

Atr.kz/28 тамыз, 2020 жыл. Қауіпті індет білім жүйесіне көптеген өзгеріс әкелді. Қашықтан оқыту жүйесі өмірге біртіндеп еніп жатыр. Жаңа оқу жылы да осы негізде жүзеге асады. Тың бастама, соңғы өзгерістер білім беру сапасына қаншалықты әсер етеді? Біз сауалға жауап іздеп көрдік.

Әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі

Елдегі ахуалға байланысты Білім жəне ғылым министрлігі тың шешім қабылдады. Осылайша, санаулы күндерден кейін басталатын жаңа оқу жылында оқушылар қашықтан тəлім алатын болды. Себебі, «Біз үшін ең бастысы – балаларымыз бен ұстаздарымыздың денсаулығы мен өмірі» деді Білім жəне ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Десек те, қандай жағдай болмасын, білім сапасының төмендемеуі басты назарға алынуы тиіс. Осы орайда, алдын-ала қандай шаралар жасалуда? Министрдің пікірінше, қазір тек қана онлайн оқыту дұрыс болмайды. Өйткені, кейбір шалғай елді мекендерде интернет желісіне қосылудың қиыншылықтары бар.

«Мысалы, төрт балалы отбасында үйдегі ортақ пайдаланатын бір компьютермен сабаққа дайындау қиынға соғары сөзсіз. Сондай-ақ, үйде отырып жұмыс атқаратын үлкендерге де оңай емес. Сондықтан, біріншіден, интернет арқылы оқыту жүйесіне тиісті бағдарламалар, интернет-платформалар дайындадық. Екіншіден, теледидар арқылы оқыту жүйесі іске қосылады. Бірақ, «ХХІ ғасырда мұнысы қызық екен?» деген сияқты кері пікірлер болуы мүмкін.

Əйтсе де, дамыған мемлекеттердің өзінде теледидардан оқыту жүйесі кеңінен қолданылып жүр. Əсіресе, ауылдағы мектептер интернет болмаған жағдайда теледидарды қосып, ең білікті, мықты мұғалімдерден білім алуларына мүмкіндік туады. Осы тұрғыда, 78 мың балаға əлеуметтік сауалнама жүргізіп көрдік. Ең қызықтысы, қала мектептеріндегі оқушылардың айтуынша, дəстүрлі оқыту жүйесі ұнайды. Ал, керісінше, ауылдағы балалардың ойынша, теледидардан оқыған əлдеқайда тиімді екендігін, көп ала алмай жүрген ақпараттарын жаңадан түсініп, біліп жатқандарын айтуда. Сондықтан, теледидармен оқытудың да өзіндік ерекшелігі бар» деді министр.

Жаңа белес, жаңа шың

Ғаламды шарпыған індеттің елімізге дендеп енуіне байланысты қашықтан оқыту жүйесі енгізілуде. Бұл ғылым мен білім қанша қарыштап дамыса да, уақытқа бағынатындығын дəлелдейді. Қазір əлемнің қозғаушы күші адами капиталдың амандығын сақтап қалу өзекті мəселе. Қашықтан оқыту да сол ниеттен туындаған. Осы тұрғыда білім нəрімен сусындатқан ұстаздардың пікіріне де назар аударып көрдік. №35 Х.Ерғалиев атындағы мектепгимназияның қазақ тілі мен əдебиеті пəні мұғалімі Нұргүл Құбиеваның айтуынша, қашықтан оқыту еліміз үшін – жаңа белес, жаңа шың.

– 2019-2020 оқу жылының IV оқу тоқсанында қашықтан оқытуға мұғалімдер бар күш-жігерін жұмсады. Олар өз міндеттерін абыроймен орындап шықты. Өткен оқу жылында еш дайындықсыз қашықтан оқыту ұ с т а з д а р ғ а о ң а й б о л ғ а н ж о қ . Соған қарамастан, бар мүмкіндікті пайдаланып, оқу процесін өз деңгейінде жүзеге асырды. Қашықтан оқытуға ата-аналар да өзінше үлестерін қосты. Балаларының сабаққа дайындығын жанжақты қадағалап отырды. Мұғалімнің берген тапсырмасы бойынша бірлесе жұмыс жасады. Осының əсері шығар, кейбір білім алушылардың, əсіресе, бастауыш сынып оқушыларының білім сапасы жоғарылады. Алдағы уақытта да қашықтан оқытудың тəсілдерін меңгеріп, ғаламтордың шексіз мүмкіндіктерін игеріп, сабақты балаға қызықты етіп беруге тиіспіз, – деді ұстаз.

Жаңа оқу жылына дайынбыз

Төртінші тоқсанды қашықтан оқыту кезінде ата-аналар да түрлі пікірде болды. Пандемия салдарынан бұдан басқа тиімді шешім болмағанына сол уақытта көпшілік түсіністік танытты. Ал, жаңа басталар оқу жылына көзқарасы қандай? Қашықтан оқыту балаларға кері əсерін берген жоқ па? Бұл сұраққа орай ата-ана Сəулеш Өмірзақова пікір білдірді.

– Қашықтан оқытудың өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары болды. Бірақ, баланың оқу үлгеріміне кері əсерін берді деп айта алмаймын. Керісінше, баланың өз бетінше ғаламтордан ізденіп, оқуына мүмкіндік жасалды. Жаңа оқу жылына біз дайынбыз. Балаға оқу барысының онлайн оқыту форматында болатыны қазіргі еліміздегі ахуалға байланысты екенін айтып түсіндірдік. Ұстаздарымызбен бірлесе отырып, жақсы нəтиже көрсетеміз деген үміттемін.

Жалпы, ата-ана ретінде қашықтан оқытуға қарсылық жоқ. Бүгінгідей жағдайда, бұл дұрыс шешім деп білемін. Əрі оны қолдайтын атааналардың бірімін. Əрине, алтын ұя мектептерінде аяулы ұстаздарымен мектеп партасында отырып, білім алғанға не жетсін! Сондай алаңсыз бақытты күндеріміз алыс емесіне сенейік, – деді Сəулеш Асылбекқызы.

Түйін

Әлбетте, жер жүзінде қанша адам өмір сүрсе, сонша пікір мен пайым қалыптасары анық. Бірақ, осынау оқшау ойлардың ортақ тоқтамы – біреу. Бұл – еліміздің әр азаматы сапалы білім алуға құқылы екендігі. Ендеше, қоғамға қажет білім беру саласы кемшілікті де, кідірісті де кешірмейді. Демек, коронавирус пандемиясынан кейін де білім беру жұмысы, жүйкедегі жаңашылдықтар жалғаса береді. Бәлкім, жаңаша форматта болар, әйтсе де, бір сәтке де тұрып қалмауға тиіс.

Гүлдана ЖАМБОЗОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған