Сенатор су мәселесін шешпек

su senator Жаңалықтар

Наурыз айының ортасында Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, Атырау облысындағы жеті ауданның үшеуінде жаз айларында су тек санаулы сағатпен берілетінін жеткізді. Сонымен қатар мәселені шешу үшін барлық құзырлы мемлекеттік органдардың бірлескен қызметі қажеттігін айтып, Атырау облысы бойынша шаруашылық және ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында дербес бағдарлама қабылдауды сұрады.

  • Депутаттық сауал негізінде сенатор сәрсенбі күні республика Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің жеке қабылдауында болып, мәселені бірге талқылады.

Министр бұған ерекше көңіл бөліп, орынбасары С.Қожаниязовтың жетекшілігімен арнайы комиссия құруға тапсырма берді. Ғұмар Исламұлы да осы комиссияның мүшесі ретінде проблеманың оң шешілуіне ықпал етері анық.

Естеріңізге сала кетейік, Сенат депутаты Үкімет басшысына үш ауданды ауыз сумен толық қамтудың негізгі жолы ретінде «Астрахан-Маңғышлақ» магистралдық су құбырын қайта жаңғырту мен кеңейтуге 376,6 миллиард теңге қаржы бөлуді ұсынды. Сондай-ақ «жерасты тұщы су көзі мол Қызылқоға ауданындағы «Тайсойған» полигонының бір бөлігін полигон иелігінен шығару жөнінде Ресей Федерациясымен келіссөздер жүргізу қажеттігін» алға тартты. Комиссия жұмысын өз деңгейінде атқарып, Үкіметтен қолдау тапса, Атырау облысындағы үш аудан халқы ауыз суды сарыла күтіп отырған сәтін де ұмытады деген үміттеміз.

Cалтанат АҚТӘЖИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз