«Сен құрметте оны…» өлеңінің кейіпкері кім?

Сен рметте оны Жаңалықтар

Сен ____рметте оны

Сен құрметте оны,

Түсіндің бе, қарағым?

Ол ақшаға сатқан жоқ

Тізеден кесіп аяғын.

Еріккеннен де

ұстап жүрген жоқ

Қолындағы ұзын таяғын, – деп басталатын Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың әйгілі өлеңін жатқа білмейтін адам жоқ шығар! Әсіресе, жеңіс күніне арналған салтанатты жиындар осы өлеңмен ашылатыны да ұмытылған жоқ. Шаштарын ақ қырау шалған ардагерлер осы өлең оқылғанда қолдарын көздеріне жиі апаратыны да есімізде. Осы әйгілі өлеңнің кейіпкері  Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Кудряшов ауылының тұрғыны Құсайын Өтешқалиев екенін біреу білсе, біреу білмейтіні рас.

Халық жазушысы, Әбу Сәрсенбаевтың «Жауынгер монологы» атты очерктер жинағында Құсайын Өтешқалиевке арнап «Жұлдызсыз батыр» деген еңбегін де жазған.

«…Октябрь, 1943 жыл. Күзгі таң қылаң береді. Тезден шабуыл басталмақ. Катков пен Таштитов взводтары жөнеп те барады. Шабуыл бағытын минадан тазартпақ. …Құсайын пулеметі тағы да дұшпан сыртынан оқ төгуде. Жау минометшілері болжап қалғандай, төңіректеп ұрады. Құсайын орын ауыстыруға дайындалған-ды. Пулеметін итеріп, еңкеюге таман ұмтылғаны да сол еді, кенет әлдекім екі жіліншіктен ауыр темірмен ұрып жібергендей сезінді. «Максимка» біраз ілгерілеп кетті. Ефрейтор пулеметке бармақ болып, көтеріле берген еді, екі сирақ бірден майысып, омырылып кеткендей болды», – бұл жолдардан қанды майданның суреті көз алдымызға елестейді.

Жиырмаға жаңа толған ефрейтор Құсайын Өтешқалиевтің жараланып, Сталино госпиталіне түскені де аталмыш очеркте баяндалған. Госпитальдің бас дәрігері Хисметуллин басқа амалы қалмағандықтан екі аяқты тізеден шорт кесуге мәжбүр болады. Сөйтіп, елге мүгедек болып оралған кейіпкеріміз мойымады. Тылда да ерен еңбекке араласты. Оңашада күйші бабасы Құрманғазы рухымен тілдесіп, домбыра шертіп отыратын. Тағдыр оны  аямады, бірақ, сынағына шыдап, қайсарлықпен алға ұмтылған пендені жарылқауды да ұмытпады. Нағима Айтпаеваға үйленіп, сегіз баланың әкесі атанды.

Әбу Сәрсенбаевтың жалғыз перзенті Райхан Әбуғалиқызы ол кісі туралы:

– Әкем жыл сайын 9 мамырда өзінің қарулас достарын дастарханға жинайтын. Онда үйдің ең үлкен бөлмесіне кең дастархан жайылып, жан-жақтан келген майдандастар сол бір күндерді егіле отырып еске алатын. Соғыс даласында қалған боздақтардың, қанды көйлек қаруластарының есімдерін құрметпен атайтын. Сол қонақтардың ішінде міндетті түрде Құсайын Өтешқалиев те бар еді. Ол кісі екі аяғынан айырылғандықтан, жайдақ  арбамен жүретін. Ол кезде мүгедектерге арналған қазіргідей арбалар болмады. Үйге келіп, домбыраның құлағын күйге келтіріп, Құрманғазы атамыздың рух беретін күйлерін бірінен соң бірін орындайтын,-деп еске алады.

Иә, «Жұлдызсыз батыр» атанып, елмен бірдей еңбек етіп, мүгедектігін айтып, ешкімнен көмек сұрап көрмеген қайсар жан өзінің туған жері үшін еңбек етіп, құрметке бөленді. Қазіргі таңда соңында қалған  ұрпақтары облысымыздың экономикасына өз үлестерін қосуда.

P.S.  …Кеше елге қатер төнгенде
Ол жауға қарсы шапты,
Бізді жалмамақ болған ажалды
Өр кеудесімен қақты.
Ол арыстанша алысты,
Өлім соққысын өз үлесіне алды.
Денесін оқ пәршелесе де
Ел намысын қорғап қалды…

Біз білмейтін «Жұлдызсыз батырлар» қаншама десеңізші! 

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз