Жарнама
Жаңалықтар

СЕГІЗ МЫҢЫНШЫ НӨМІР – СЕГІЗ МЫҢЫНШЫ ЖҮЗДЕСУ

Айталық, «Қазақстан – 2050», «Әкім және әлеумет», «Жолдау жүктеген міндет», «Мәслихат», «Намыс», «Дендер» алуан тақырыпта», «Әлем және Қазақстан», «Алыс та, таныс тұлғалар», «Маман мінбері», «Қуатты Қазақстан», «Қазына» және басқа да айдарлар мен арнаулы беттерден-ақ тың ізденісті, жаңашылдыққа деген іңкәрлікті айқын аңғаруға болады. Атап айтқанда, газеттің әр кездегі нөмірлерінен тәжірибелі журналист Сүйеу Халықовтың «Судың шуы енді қайталанбауы тиіс», өз газетінде өзі бас болып қалам тербеп тұратын бас редактор Жанай Амантурлиннің «Ақысын алған асаба салығын неге төлемейді?» деген мақалалары тақырыбының тартымдылығымен ғана емес, мазмұнымен де есімізде қалыпты.

Бір ерекшелеп айтарымыз – басқа аудандарға қарағанда, Индерде журналистер буынының үзілмеген сабақтастығы сақталғандығы. Кадрды қайдан іздеймін демейді, мұнда адуынды аға буынды ізетті де, іскер ұрпақ сәнімен жалғастыруда. Сексен жылдық белестің ілкі тұсын тап басып талдамасақ та, Ерсайын Көшеков пен Сансызбай Базарбаев қолда берік ұстаған эстафета Сүйеу, Жанайларға ұласып, жас қырандар Саламат, Сұңқар, Арал болып кәсіби самғау шағында. Сонымен қатар, редакция жанынан «Жас қаламгерлер» клубы құрылып, ол да бойында талант ұшқыны бар жастарға қанат бітіруде. Редакция осы клуб арқылы ел ішінен өзінің болашақ қызметкерлерін іздеп-табуды да мақсат етіп отыр.

Әрине, газеттің мазмұнын байытуға Ө.Нұриев, Ғ.Әйіп, Ж.Жұлқаров, С.Ғалым, М.Көргенов, Қ.Сейдахметов сынды тұрақты тілші-авторлардың да өзіндік үлесін қосып келе жатқанын риясыз пайымдаймыз. Мұны  біз басылым беттерінен осы есімдерді жиі көргендіктен, тұшымды ой-пікір, ұсыныстарын ұдайы ортаға салып отыратын белсенділіктеріне тәнті болғандықтан арнайы атап айтып отырмыз. Газет қалың оқырманымен ғана ғұмырлы, бұл жағынан да өріс кеңейе бергей!

Міне, күні ертең «Дендер» газетінің 8 000-ыншы нөмірі де жарық көргелі отыр. Байыптап қарасаңыз, осы дөңгелек цифрдың астарында сексен жылдың ұзақ белесі, қаншама ұрпақтың талайлы тағдыры жатыр десеңізші. Газет атаулының әр нөмірі қаншалықты маңдай термен, қаншалықты жүйке тоздырумен, қаншалықты көз майын тауысумен жарыққа шығады десек, «дендерлік» арғы-бергі журналистер қиындығы мен қызығы қатар жүретін сондай сәтті сегіз мыңыншы рет бастан өткереді. Ендігі дөңгелек сан – 9000-ыншы нөмірдің шығуын атап өтетін мерейлі шақтың 2035 жылы болатынын ескерсек, бұл – алды-артыңды саралайтын, болашаққа бағдар түзетін толғанысты сәт. Ендеше, елмен бірге есейген «Дендерге» белестен-белеске абыроймен көтеріле бер, халықтың ашық мінбері, сенімді серігі hәм сырласы бола бер демекпіз.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button