Ескі кеніш елеусіз қалды

Еск¦ кен¦ш Жаңалықтар

Өткен ғасырдың басында қазіргі Х.Ерғалиев ауылы маңына ағылшындық кәсіпкерлер бұрғы салып, ағайынды Нобельдер компаниясы өңірімізден мұнай өндіріп, пайдаға батқанын көнекөз қариялар жиі әңгімелейтін.

Еск¦ кен¦ш

Ескі кен алаңынан қалған өндірістік қалдықтар әлі күнге сол орнында жатыр. Күні кешеге дейін ауылға көгілдір отын келгенше тұрғындардың  сол жердің «қара майын» отынға, тұзды суын емге пайдаланып келгені де көпке белгілі.

Кейіннен осы бір иесіз қалған орынды қайтадан игеру мақсатында «Сәт ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біраз жұмыстанған болатын. Бұл игілікті істің бастамашысы да Нәсіпқали Шұғыпанов есімді осы топырақтың азаматы-тұғын. Ол кезінде ауыл шетінде тұрған №121 ұңғыны қайтадан іске қосуға әрекеттеніп, сексен жыл бұрын жабылып, жұмысын тоқтатқан ескі кенішке жан біткендей, екінші тынысы ашылғандай еді. Бұған өз кезегінде «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы техникалық жағынан қол ұшын бергенін де білеміз.

Не себептен екенін қайдам, арада бірнеше жыл өткен соң шағын кәсіпорын таратылып, ескі кеніш тағы да елеусіз, қараусыз қалды. Әлдекімдер мұндағы ұңғының кейбір тетіктерін ағытып алғандықтан, бүгінде оның бойында сақталып қалған мұнайдың ара-тұра жерге төгіліп, айналасын ластап, бүлдіретінін де көріп жүрміз. Бұл жөнінде жергілікті тұрғындар бірнеше рет дабыл да қаққан болатын.  Әйтсе де, бұған құлақ асып, қандай да бір шарасын алуға қарекеттеніп  жатқан да жан жоқ. Кен орнын кәдеге жаратып, іске қосу мәселесінің қаншалықты күрделі, қиын екендігі де даусыз. Ең болмағанда, май аққан жерге топырақ төгіліп, қоршаған орта тазалығының сақталуының, адамдардың өмірі мен денсаулығына залалын тигізбеудің амалы ойластырылып, қолға алынса дейміз.

Мирамбай ТӘЖІБАЙҰЛЫ,

зейнеткер.

Х.Ерғалиев ауылы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз