САРАНЫҢ СЫРЫ
Atr.kz/25 шілде, 2019 жыл. Бұл сырлы сұхбатымыздың қонағы – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сара ЛАТИЕВА. Бүгінде ол қолына қалам ұстаған қазақ қыздарының көш басында тұр. Деректі проза жанрында қалам тербеген жазушының қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз.
– Журналистиканың ыстығы мен суығына бірдей төзіп жүрген жанның деректі проза жазуына не түрткі болды?
– Жалпы, журналистиканың өзі деректі болуы керек деп ойлаймын. Оны журналистік жанрда ма, көркем шығарма негізінде ме, репортаж ретінде ме, әйтеуір, жұртқа қалай жеткізсе де, тыңдарман не оқырман жүрегіне жақынырақ болғанын қараған жөн деп ойлаймын. Ұстазымыз Тауман Амандосов айтушы еді, «қолдарыңды қойған жерде бастарың бірге жүреді, айтқан сөздеріңе мән беріп, деректеріңе мұқият болыңдар» деп. Міне, сол жағынан келгенде, маған ол кісінің сөздері әсер етті ме екен, дерек пен дәйекке арқа сүйеймін.
– Күләш Байсейітова, Хадиша Бөкеева, Хиуаз Доспанова сынды тау тұлғалармен кездесіп, өмірі мен шығармашылығы туралы кітап жаздыңыз. Ендеше, жұлдызды жүздесулерден алған әсеріңіз жайында айтсаңыз…
– Күләш деген «екі аяқты бір басты пенде» ғана емес, алты алаш, арда қазақтың болмыс-бітімі, қадір-қасиеті, өнері мен өрнегі, өмірі мен өлеңі болып қабылданған. Ол қазір айтып жүргендей «примадан» әлдеқайда жоғары болатын. Оларда бүкіл академияны бітіргеннен де артық қасиеттер болатын. Біріншісі, Алланың берген өнері және соны халық қазынасы деп түсінгені.
Күләштің жауапкершілігі мен ұлтжандылығы өте жоғары. Өзім ол кісіні көрген жоқпын. Сондықтан, көзкөргендердің айтуына қарағанда, халық Күләш десе шәпкесін шешіп құрмет көрсететін. Ғабит Мүсірепов: «Біз Күләшті дұрыс танып үлгермеген шығармыз» деді. Мүсірепов айтса, оған сенемін. Сонша талантты, соншалық образды меңгеруі құдырет болатын. Мен соны қолымнан келгенше жеткізуге тырыстым.
Ал, енді Хадиша Бөкееваны сахнада көргендер жыр қылып айтады. Айтса, айтқандай-ақ! Қазіргі танымал актерлердің бәрі де сол кісінің тәлімін алған. Жалпы, Хадиша, Әмина апайлар сахнаның қыр-сырын меңгерген, алғашқы оқыған-тоқыған кәсіпқой актрисалар болатын. Бұл кісі – бесаспап, қай жанрда да ойнай алатын.
Ең бастысы, «характерный» актриса болатын. Қалада болсын, далада болсын, Хадиша апайды сахнадан бір көрген адам оны ешқашан ұмытпайды екен. Мұны мен өз көзіммен көрдім. Әріптестерінің көбі бұл кісіні «орысшалау» дейтін. Олай дейтін себебі, еуропалық кәсіби білім алған.
Бөкеева қазақ театрының тарихында алты бірдей хрестоматиялық образ қалдырды. Бұдан кейін де қаншама әртістер ойнап келе жатыр, бәрі де сол кісіден образ алады. Бұл – актрисаның бақыты, жауапкершілігі.
– Осы орайда, тағы бір тұлға туралы білгіміз келеді. Сіз қазақтың қанатты қызы Хиуаз Доспановамен де пікірлескен едіңіз. Халық оны тек батыр тұлға деп таниды. Ал, біз білмейтін тағы қандай қырлары бар?
– Иә, кезінде сөйлескенім рас. Ол – табиғатынан батыр адам. Былай қарағанда, кішкентай ғана кісі. Хиуаз апайдың бір қасиеті, өмір сүру және оны сүю дегенді өте жоғары дәрежеде түсінетін. Өзі өмірден өткенге дейін сол тұғырдан түспеді. Ғажап емес пе?!
Адамды, айналасын жақсы көретін. Туған жерге деген сағынышы мүлде басқа әңгіме. Аталмыш тақырыпта қазір сөз де, өнер де жетіп артылады. Ал, ол қартайып, көп нәрсеге күші жетпей отырған кезде де туған жер дегенге жалт қарап, жарқ ете түсетін. Осының өзі – адам жүрегіндегі сәуле, көкірегіндегі нұр ғой жарқылдап тұрған.
Бұл кісінің өмір сүруінің өзі батырлық. Өзі кішкентай болса да, ұшақта бүктетіліп отырады екен. Өйткені, оған арналған орын сондай болған. Үш әйелден құралған топпен бірге ұшып, бірге барлап, жаудың ордасын бұзып отырған. Сол себепті де немістер оларды «түнгі албастылар» деп атайды екен.
Бірде ұшаққа оқ тиіп құлағанда, апамыз шын мәнісінде қатты қирап қалған. Дәрігерлер «адам болмайды» деген. Бірақ, бұдан кейін ол сынған сүйектерін жалғатып, аяғына тұрып, елге келген. Өзінің көрген-білгенін айтуға күші жетті. Тіпті, торсықтай бір ұлды да дүниеге әкелді. Өзі айтады, «менің екінші бақытым – аман қалуым да, біріншісі – осы балам» деп.
Менің қыздарым, келіндерім ренжімес, әйтсе де, қазіргі қыздарымыз он екі мүшесі сау бола тұрып, «бала не үшін керек, Америкаға қарап асырап алуға да болады» дейді. Ал, қазақтың қыраны болған Хиуаз апай сұрапыл соғыстан аман оралып, сәби сүйіп, әйел бақытын көрді. Сөйтіп, Отан алдындағы парызын да, адамгершілік алдындағы қарызын да өтеді.
Ұлын өсіріп, немерелеріне қазақы тәрбие беруі де бір бақыт дер едім. Осы кісіден үлгі алып, жасаған ісін айна-қатесіз көшіріп қайталаса, қазақтың қыздары әлдеқайда бағалы болар еді деп ойлаймын. Өте ғажап адам еді, әңгімесі де керемет. Бірақ, соғыс туралы айтқысы келмейтін, «қайтесіңдер оны, өзімен кетсін» дейтін. Сұм соғыстың айтылмайтын тұстарын өзімен бірге алып кетті ғой…
– Қазіргі таңда қалам тербеп жүрген қаламгерлерге қандай баға бересіз?
– Қазақ әдебиетінің проза жанрында қыздардың арнайы орны бар деп есептеймін. Барлығының жазғанын оқып жүрмін деп айта алмаймын, бірақ қазақ прозасында Мира Шүйіншәлиева, Заря Жұманова, Мәдина Омарова деген сіңлілерім бар. Олардың ізденістері қуантады, шеберліктеріне жан сүйсінеді, бір сөзбен айтқанда, көңілім толады. Әәйтеуір, әдеби жалғастық бар. Шүкір, бізде өнер де, соны түсінетін қауым да бар. Демек, жақсылық жалғаса береді деген сөз.
– Жастарға жолдар тілегіңіз болса…
– Олар өссін-өнсін, халқына қалтқысыз қызмет қылатын тұлға болсын дегім келеді.
– Сізге тамаша тұлғалардың ескірмес естеліктерімен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіреміз.
Әңгімелескен:
Нұркен Әмірашев