САРАЙШЫҚты сақтау – ПАРЫЗ һәм МІНДЕТ
Atr.kz/9 тамыз, 2019 жыл. Қазақ даласындағы ең көне тарихи ескерткіштердің бірі – Сарайшық қалашығы. Көне шаһардың орнын сақтап қалу – міндет һәм парыз. Бұл ретте қазіргі «Сарайшық» музей-қорығының маңызы зор. Бүгінгі сөз құрылғанына 20 жыл болған кешеннің қалыптасу тарихы мен даму белестері туралы болмақ.
Сарайшық музейі бастауында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты түлегі Мұстажап Намазғалиев тұрды. Ол: «Мен Сарайшық туралы ерте естісем де 1961 жылға дейін оны көрудің сәті түспеді. Сол жылы жазда Балықшы ауданындағы «Еркінқала» орта мектебінің директорынан өзім сұранып осында келдім. Мектепке жұмысқа кіріскен күннен бастап, көне Сарайшықты зерттеу ісімен айналысып, ескі қала орнынан табылған нәрселердің барлығын тырнақтап жинай бастадым.
Сөйтіп мектептен музей бұрышын аштым. Экспонаттар жинақтай келе ол мектеп музейіне айналды» деп жазады. 1970 жылы ол өз үйірмесіне жоғары сынып оқушыларын тартып, экспонаттар жинайды. 1971 жылы ауыл мектебінде басталған жөндеу жұмыстары барысында музей жәдігерлері селодағы ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы ғимаратына көшірілген. Осы тұста музей облыстық өлкетану музейінің филиалы болып өзгертіліп, басшысы М.Намазғалиев болады.
Осылайша «Сарайшық – тарихи өлкетану селолық музейі» ресми түрде өмірге келеді. Дегенмен, жинақталған жәдігерлерді сақтау оңай болмаған. Ол турасында М.Намазғалиев: «аз жылдың ішінде археология, нумизматика, топономия саласында шамашарқымызша бірқатар жұмыстар бітірген едік.
Бірақ, амал не, 1971 жылдың жазында, сол кездегі мектеп басшыларының оралымсыздығы мен бұл іске мән бермеуінің нәтижесінде, мен жазғы демалыста жүрген кезде жиырмаға жуық алтын жалатқан таза күміс әшекей бұйымдарын, өмілдірік, құйысқан, көптеген әр кездің күміс монеталарын мектеп бөлмесіне орналасқан құрылысшы кавказдықтар тонап кетті» деп ашық жазады.
Музей-қорықтың «Сарайшық» атауына кеңестік билік те назар аударды. Көп ұзамай ол Опытное тарихөлкетану музейі деп өзгереді. 1988 жылы М.Намазғалиев: «Меніңше мұны дұрыс деуге болмайды. Бұл жөнінде республикалық және жергілікті газеттерде әр кезде орынды пікірлер де қозғалды. Өкінішке орай, бұл мәселе әлі күнге елеусіз қалып келеді» деп «Коммунистік еңбек» газеті арқылы көпшілікке жанайқайын жеткізді.
Ел тілегі тәуелсіздік таңымен жүзеге асты. 1992 жылы 1 шілдеде Сарайшық жәдігерлерінің жағдайын саралаған Атырау облысы мәдениет басқармасы басшысы К.Танқиев облыс басшысы С.Түгелбаевқа хат жолдайды. Облыс басшысы міндетін атқарушы Р.Шырдабаев 1992 жылы 10 шілдеде Махамбет ауданы Сарайшық селосында облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология секторын құру туралы шешім қабылдап, музей секторы Сарайшықтағы археологиялық қазбаларға қатыса бастады.
Археолог ғалымдар К.Байпақов, З.Самашевтар жаңа ізденістерге қолдау көрсетті. Нәтижесінде ел зиялылары Сарайшық қалашығы орнында арнайы музей ашу мәселесін көтерді. Осы арада Атырау облыстық тарихиөлкетану музейінің директоры қызметін атқарған Қуанғали Жұмалиев 1996 жылы облыстық музейге жаңа ғимарат іздестіре жүре өлкедегі музей ісіне облыс әкімдігінің назарын аударады.
Жаңа бастамаға 1997 жылы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі болып Иманғали Тасмағамбетовтың тағайындалуы үлкен серпіліс әкелді. Ол облыс зиялыларын ортағасырлық Сарайшық қаласы мәселелерін шешу бағытына тоғыстыра білді. Оның тікелей араласуымен облыста алдымен, «Сарайшық – Қазақстанның ежелгі қаласы» атты қоғамдық қор құрылады.
Қор жарғысында Сарайшық қалашығында «Солтүстік-шығыс Каспий аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштері» мемлекеттік тарихимәдени қорығын құру және ортағасырлық Сарайшықты қорғау, сақтау басты мақсаты ретінде жазылады. 1997 жылы 9 желтоқсанда Атырау облысының әкімі Р.Шырдабаевтың шешімімен қорды басқару кеңесі бекітіледі.
Қордың төрағалығына И.Тасмағамбетов, атқарушы директорлығына Қ.Жұмалиев ұсынылады. 1998 жылы 5 ақпанда Атырау облыстық мәдениет басқармасы мен арнайы жұмыс комиссиясы «Халық бірлігі мен ұлттық тарих» жылына байланысты жоспар бекітеді. 16 тармақтан тұратын жұмыс жоспарының 4-і тікелей Сарайшыққа бағытталады.
Олардың ішінде қазба жұмыстарын жүргізу, Сарайшықтағы археологиялық ескерткіштерді консервациялау, музеефикациялау, «СарайшықҚазақстан» ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастыру, мұнда туристік инфрақұрылым жүргізу айырықша маңызға ие болды. 1999 жылы 18 ақпанда Атырау облысының әкімі болып И.Тасмағамбетовтың тағайындалуы Сарайшық қалашығының жаңа тынысын ашты. Облыс әкімі 7 сәуірде оның тапсыруымен әкім орынбасары Н.Мақашев облыстағы ірі өндірістік мекемелермен кездесу өткізіп, «Сарайшық» мемориалдық кешен құрылысын бүкілхалықтық құрылыс етіп жариялайды. Кешен құрылысы 2 мамырда басталады.
1999 жылы 25 мамырдағы «Атырау» газеті: «Ортағасырлық Сарайшық қалашығының орнына «Сарайшық» мемориалдық кешенін тұрғызу жөнінде облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың соңғы 3-4 жылдағы идеясы, сәтін салса, биыл-ақ жүзеге аспақ. Осы кешен құрылысы жөнінде облыс әкімінің арнайы шешім алғанына бір ай да болған жоқ. Енді, міне, «ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, кешен құрылысы басталып та кетті» деп жазады.
Кешен жобасының авторы Сайын Назарбеков еді. 1999 жылы 3 қыркүйекте «Сарайшық» музей қорығының ашылуына ел Президенті Н.Назарбаев, ел зиялылары қатысты. Президент: «Ол Қасымхан билік құрған тұста Қазақ хандығының астанасы болды. Сарайшық топырағы қасиетті, өйткені, исі бүкіл түркі әлеміне ортақ Алтын Орда хандары – Тоқта, Жәнібек, Бердібек, ноғайлының билеушісі – Оқас, одан бергі Қасымхан сияқты атақты хандарымыз бен батырларымыздың жаны осында мәңгілік жай тапқан жер, оны еліміздің алғашқы пантеоны десек те болады» деп атап өтті.
Бұл кезеңде музейде директор М.Бердімұратов, қызметкерлер Ж.Ғизатов, Қ.Акимова және басқалар еңбек ететін. Сарайшық тарихындағы маңызды тарихи оқиғаны кейін саралаған И.Тасмағамбетов: «Сарайшықта жерленген жетінші тұлға – қазақтың Қасым ханы. Міне, осы бір ғана деректің өзі осынау шежірелі қаланың еліміз үшін қаншалықты мән-маңызы мен мәртебесі барын айшықтап отыр.
Осылайша Сарайшық қазаққа 50 жылдан астам астана болды» деп мақтанышпен еске алады. Музей-қорықтың ашылуы ортағасырлық Сарайшықтың ғылыми зерттелуіне, оның насихатталуына, қалашықтың сақталуына жаңа мүмкіндік жасады. Облыс зиялылары енді Жайық жағалауын бекітуді қолға алды. Ол 2013 жылы басталды. Өр Жайық суын тоқтатудың алдымен екі нұсқасы жасалып, 2018 жылы шілде айында толық іс жүзіне асты.
Оны үнемі қадағалауда ұстаған облысы әкімі Н.Ноғаев: «Сарайшық Атырау облысы тұрғындарының немесе осы саламен айналысатын ғалымдар, тарихшылар, археологтардың айтатын әңгімесі ғана емес, Сарайшық — біздің мақтанышымыз. Біз осыны түсініп, білуіміз керек» деп түйіндеді. Музей-қорықтың жаңа белесі 2018 жылы 4 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №162 қаулысымен басталды. Қаулы бойынша «Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Атырау облысы мұражай қорығы «Хан Ордалы – Сарайшық» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды.
Нәтижесінде музей-қорық жұмысына ғылыми негіз беріліп, туризмді дамыту, киелі жерлерді насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу жұмыстары қарқын алды. Музей-қорық қысқа мерзімде өз қорын толықтыра бастады, республика бойынша археологиялық және реставрациялық жұмыстарға лицензия алды, ғылыми субьект ретінде аккредиттеу куәлігіне ие болды, халықаралық байланыстарын кеңейтті, мемлекетаралық экспедицияларды қолға алды. Cарайшықта Сапар орталығы салынбақ. Алда үлкен белестерді бағындыру күтіп тұр.
Әбілсейіт МҰҚТАР,
«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы»
РМҚК директоры