АЛДЫМЕН – ӘЙЕЛГЕ ҚҰРМЕТ

Республика көлемінде «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтуде. Осыған орай облыс орталығындағы №24 орта мектеп базасында «Әйел және қоғам» тақырыбында семинар өтті. 

 

Оған облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен қалалық білім беру мекемелері басшылары қатысып, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың  қоғамда көптеп кездесетінін айтып, пікір алмасты.

– Қазір тұрмыста зорлық-зомбылық көретін жандардың нақты санын айту мүмкін емес. Өйткені, олар арнайы органдарға барып тіркелмейді. Кей әйелдер кешіріммен қарап, жүре береді. Бұл – әсіресе6 қазақтың қыз-келіншектеріне тән менталитет. Олар ешқашан өз ерлерін жаманатты қылғысы келмейді, – деді облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасының  әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Бибігүл Төлегенова.

Еліміздегі әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, оларды шешу жолдары жайында Атырау инженерлік-гуманитарлық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанат Асабаева  статистикадан бірнеше мысал келтірді.

Семинар барысында «Ақпарат» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Гүлжан Елешева, «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлбаршын Нұржігітова мен «Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы» директорының орынбасары Айбаршын Иманғалиева, өзге де қатысушылар сөз алып, ойларын ортаға салды.  

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз