
Сарайшық қалашығына 100-ге жуық тал егілді
“Таза Қазақстан” жалпыұлттық бағдарламасы аясында көне Сарайшық қалашығының аумағында кең көлемдегі сенбілік ұйымдастырылды. Шараға облыстағы мәдениет саласының 70-тен астам өкілі қатысты,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Сарайшық» сапар орталығының айналасына ондаған көшет екті. Игі іс-шара санитариялық тазалықпен шектеліп қоймай, ұлт тарихына тағзым, жас ұрпаққа қоршаған ортаны құрметтеудің жарқын үлгісін көрсетуге бағытталған.

-Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ұйытқы болған шараға басқармаға қарасты он шақты мекеменің басшылары мен қызметкерлері қатысып, өздері дайындап әкелген көшеттерін екті. Басты мақсатымыз – туған жерді көгалдандыру арқылы оның көркіне үлес қосу. Сарайшыққа келетін туристер үшін орталықтың көрікті және жайлы болуы біз үшін өте маңызды,- деді облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әділғалиев.
Ал музей басшысы Әбілсейт Мұхтар алдағы уақытта бұл аймақтың толықтай көркейіп, туристерге жайлы жасыл орта ретінде қалыптасатынын айтты.

-Қазірдің өзінде жайқалған жасыл желектің жағымды әсері сезіліп жатыр. Бұл бастама – айналамызды көгалдандырып, табиғатпен үйлесімді орта қалыптастыруға, сондай-ақ туристерге жайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам. Тал егу бір ерлік болса, оны күтіп-баптап өсіру – одан да үлкен жауапкершілік,- деді ол.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясындағы игі істер әрі қарай да жалғасын табады.