САН СОҚТЫРҒАН СУИЦИД

оны  алдын  алуда  психолог  жұмысын  жақсарту  маңызды

Бүгінде кәмелетке жасы толмағандар арасында өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасы азаймай тұр. Мәселен, өткен жылы аймақта екі  суицид орын алса, биыл алты айда мұндай бес оқиға тіркелген. Бұл облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен өткен селекторлық мәжіліс отырысында мәлім болды.

 

Жиынға қала, аудан әкімінің орынбасарлары, ішкі істер, төтенше жағдайлар департаментінің басшылары, облыстық денсаулық сақтау, білім беру басқармаларының басшылары, қалалық, аудандық білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

Өз-өзіне қол жұмсау және оған ұмтылу жағдайлары туралы Атырау қаласы, Мақат, Қызылқоға аудандары әкімдері мен оқу орындары директорларының жұмыстары тыңдалды.

Белгілі болғанындай, биыл өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылған жеті факт  тіркелген. Оның ішінде бесеуі – қайғылы оқиғамен аяқталып отыр. Оқиғаның екеуі – Мақат, екеуі – Құрманғазы, біреуі – Қызылқоға аудандарында. Суицидке ұмтылған жасөспірімдердің барлығы – 14 пен 18 жас аралығындағылар.

Бұдан басқа аймақта кәмелетке жасы толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық фактілері де кездеседі. Мәселен, Қызылқоға ауданының Сағыз селосында өгей ағасының қарындасын зорлау оқиғасы тіркелген. Биыл мамыр айында орын алған  бұл қылмыс  бойынша  іс қозғалып, күдікті қамауға алынған.

Мұндай жағдай Құрманғазы ауданында да кездесіп отыр. Жәбірлеуге әрекет етуші – отыз жастағы ер адам. Ішімдік ішкен күйде ол алты жасар қыз балаға балмұздақ алып беремін деп айласын іске асырмақ болған.

Осындай өрескел әрекеттерден Атырау қаласы да кенде емес. Орын алған үш оқиға бойынша зорлық-зомбылық жасаған қылмыскерлер тергеу абақтысына қамауға алынған.

«Ел аман, жұрт тынышта мұнша баланың өмірмен қош айтысуы, зорлық-зомбылық көруі алаңдатарлық жағдай. Ата-аналардың ұрпақ тәрбиесінде жауапкершілікті сезінбеуі, мектеп психологтарының біліктілік деңгейінің төмен болуы осыған әкеліп соғуда. Сондықтан, әркім өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруы тиіс. Аймақта білім беру көрсеткіші аса жоғары емес. Ал, бала тәрбиесінен де қалыс қалсақ, ол – үлкен сын» деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз