САМСА САН СОҚТЫРМАСЫН
Атырау қалалық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысында осындай дүңгіршектердің жұмысын тоқтату, олардың қожайындарын жауапкершілікке тарту мәселесі жан-жақты талқыланды. «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұханов бұл мәселені қолға алудың уақыты әлдеқашан жеткендігін айтты. Және жиынға қатысқан құзырлы орган басшылары мен депутаттарды бірлесіп шара алуға шақырды.
Жүргізілген рейд нәтижесінде анықталған дүңгіршектердегі жағдайға жиынға қатысушылар слайд арқылы да көз жеткізді. Шыбын-шіркей қонып, лас жерде әзірленетін тағамдар әсіресе, Вокзал маңы, Жилгородок, Авангард, Балықшы ықшамаудандарындағы дүңгіршектерде сатылуда. Атырау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қадырғали Тұрғанов бүгінге дейін мұндай сауда нүктелерін жою бағытында жұмыстар қолға алынғанымен еш нәтиже шықпағанын айтты.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай Айтбаев та бұл бағытта тұрақты жұмыстар жүргізіліп келгенімен, олардың заңды құжаттарының болмауына орай шара қолданылмай отырғанына тоқталды. Ал, жиын барысында дүңгіршектердің ісін тоқтатуды алдымен электр энергиясын ажыратудан бастау қажеттігін айтқан Атырау қаласы прокурорының орынбасары Владимир Малахов осылай еткен жағдайда мәселенің біртіндеп шешімін табатынын айтты.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА.