ЖАҢА ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ: ТЫҢ ИДЕЯЛАР – ИГІЛІКТІ ІСТЕР БАСТАУЫ

«Атырау Инвест-2013» халықаралық бизнес-форумы жаңа инвесторлар тартуға ықпал етті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында экономикамызды отандық өндіріске түбегейлі бұру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, өткен айдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент өз өнімдерімізді шығару жайына ерекше тоқталып, орын алған кемшіліктерді сын тезіне алған және нақты міндеттерді атап көрсеткен болатын. Демек, осы мақсаттағы тың жұмыстар кезек күттірмейтін мәселе екені белгілі. Соның ішінде, инвесторлар көп шоғырланған Атырау аймағына артылар жүк те салмақты.
Мұнайлы өлкеде ұйымдастырылған «Атырау Инвест-2013» халықаралық бизнес-форумы тек облыс қана емес, жалпы Қазақстан үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашты. Маңызды шараға Беларусь Республикасының Гомель облысы, Ресей Федерациясынан Астрахан облысы мен Удмуртия Республикасы және еліміздің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан ірі кәсіпорындар қатынасты.

 

ҮКІЛІ ҮМІТ, ҰТЫМДЫ ҚАДАМАйта кетелік, форумның басты мақсаты – Атырау облысының оң инвестициялық имиджін қалыптастырып, аймақ экономикасына нақты жобаларға инвестиция тарту.
Халықаралық форумның алғашқы күні түске дейін Атырау мұнай және газ институтының «Студенттер сарайында» отандық өнім өндірушілердің көрмесі өткізілді. Онда еліміздің батыс аймақтарынан жетпіске тарта компания тауарларын әкеліпті.
Көрмені ашқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мәртебелі меймандарға «қош келдіңіз» айтып, мұнайлы астананың қазба байлығының мол екендігін атап көрсетті. Еліміздегі «қара алтынның» 40 пайызы осында өндіріліп, мемлекет қазынасының бестен бірін құрайтын өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері мол екендігі де сөз болды.
– Бұдан басқа облыста инфрақұрылым жедел дамып келеді. Әлем алпауыттарының біразымен инвестициялық қарым-қатынас тұрақты қалыптасқан. Біздің серіктестеріміз Ресей Федерациясында да аз емес. Халықаралық бизнес-форумға келген көршілес облыстармен қатар, РФ Удмуртия Республикасы, Татарстан, Беларусь Республикасына айтар алғысымыз шексіз. Бұл бастама жетісті жұмыстардың алғашқы қадамы боларына сенімдімін, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Ал, іргелес аймақтар ішінен жан-жақты берік қатынас орнаған Батыс Қазақстан облысы әкімі атынан оның орынбасары Марат Каримов форум қатысушыларына сәттілік тіледі.
– Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан соң миллиардтаған АҚШ долларына инвестициялар құйылды. Соның ішінде Атырау облысында да ерекше жобалардың ашылып жатқанына куә болып отырмыз. Көптеген мұнай компаниялары да осында шоғырланған. Теңіздегі «Қашаған» жобасының орны бір бөлек. Мұнда қазір Батыс Қазақстан облысынан 14 кәсіпорын келді,-деген Марат Шайдоллаұлы естелік ретінде Батыс Қазақстан облысы шеберлерінің қолөнер туындысын сыйға тартты.
Көрме ресми түрде ашылған соң қонақтар отандық тауар өндірушілердің өнімімен танысты. Солардың бірнешеуімен біз де тілдесіп үлгердік.
Атыраулық «Кибаева» жеке кәсіпкерлігі Құрманғазы ауданынан «Айнадай» фосфатсыз кір жуғыш ұнтағын әкеліпті. Қаладағы дүкен сөрелерінде қолжетімді бағамен сатылып жатқан түрлі-түсті киім жууға арналған ұнтақ цехы иесі болашақта өнімді өзімізде дайындауды қолға алмақ ниетте екен. «Біздің тауарымыз экологиялық жағынан таза. Құрамында фосфат болмағандықтан, брендті кір жуғыш ұнтақтар бізге бәсекелес емес. Себебі, өзге ұнтақтар секілді аллергия тудырмайды. Меніңше, өнімімізді балабақшалар қолданғаны жөн деп санаймын. Қанша дегенмен, бүлдіршіндердің тері жамылғысы нәзік болып келеді ғой. Веб-порталдан байқап отырғанымыздай, әлі күнге дейін балабақшалар химикаты көп ұнтақтарға тапсырыс береді екен», – деді бізбен әңгімесінде цех басшысы Айбек Нұрғалиев.
Өңірімізде құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын «Биас Тек» ЖШС халықаралық форум аясындағы көрменің екі жаққа да тиімді екенін жасырмады. Қуаттылығы жылына 145 мың тонна гипс пен 126 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын дайындай алатын зауыт көрмеден серіктестер мен тұтынушылар табарына сенімді. Нарыққа шыққанына екі жыл болған компания әлі жобалық межесіне жете қоймапты. Қазір жүзге тарта жергілікті маманды жұмыспен қамтып отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестік келешегіне үмітпен қарайды.
Бұлардан басқа, көрме сөрелерінен орын алған «Брандоның» бір рет қолдануға арналған шприцтері, «Тұз» кәсіпорнының тұздары, «Атырау Сауданың» жұмыртқалары, «КасХимнің» шпагат жіптері мен қаптары, «Інжу-Маржан» мен «Каспиан Фиштің» кептірілген балық өнімдері, кәсіпкер Зекет Тоғашевтың қояндары, «Исламғазиев» жеке кәсіпкерлігі мен «Заман нанның» тәтті нандары, «Торы-Агроның» шұжық өнімдері, Саңыраулар қоғамының көрпе, жамылғылары және тағы басқаларының өнімдері көпшілік назарын аударды.
Ал, Батыс Қазақстан облысынан келген «Стекло-Сервис» ЖШС-нің шынылары жылу өткізбеушілігімен, дене салмағын көтеретін тығыздылығымен қызықтырды. Аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің техникалық директоры Олег Трофимовтан білгеніміздей, осыдан 12 жыл бұрын ашылған шағын цех күні бүгінге дейін шыны пакеттер шығаратын ірі зауытқа айналған. 2007 жылы энергия сақтайтын шыны өндірсе, 2010 жылы жаңғырту жұмыстарынан соң тығыз әйнек әзірлей бастапты. Өнім шикізаты әзірге Ресейден әкелінеді екен.
Мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының субсидиялау бағыты бойынша көмек алған зауыт Атырауда филиалын ашыпты. Негізінен тауарларының 90 пайызына мекемелер тапсырыс берсе, 10 пайызын жеке тұлғалар алатын көрінеді. Жалпы, өнімнің 40 пайызы экспортталады. Көзбен көріп, қолмен ұстаған бөлек болады ғой, әйнектер шынымен де жылу өткізбейтін болып шықты. Қыста салқындық, жазда ыссылықты шығармайтын әйнектердің ерекшелігін мамандар оның күміспен апталуымен байланыстырды.
Оралдық «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ, «Гидроприбор» ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы АҚ-ын сонау Кеңес Үкіметінің сынығы десек, артық айтқандығымыз болмас. Өйткені, кеме құрылысымен айналысатын зауыттың құрылғанына қырық жылға жуықтапты. Кәсіпорынның бас директоры Александр Гнеломедовтың айтуынша, Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінен өтетін паромдық өткел, шекара қызметіндегі жүзу құрылғылары жобалауынан бастап дайын бұйымға дейін өздері жасаған. Бұдан бөлек зауытта 60 метрдей тереңдікке жүзуге мүмкіндік беретін техника да бар екен. Осы тауарымен зауыт мұнай компанияларынан тұтынушы таппақ ойы бар.
«Әзірге Солтүстік Каспийден 5-10 метр тереңдіктен «қара алтын» алынуда, болашақта одан да тереңнен алынса, біздің техникаларымызды пайдаланған тиімді. Бір сөзбен айтқанда, роботтехникалар кәрі Каспийдің болашағы болары сөзсіз», – деген Александр Николаевич, елімізде кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндік беріп жатқанын мақтанышпен жеткізді. Мәселен, несиеге аз пайызбен қаражат берілуінің өзі бизнес иелеріне айтарлықтай көмек болмақ. Ал, олар жұмыс орындарын ашады. Бүгінгі таңда аталған зауытта 140-қа тартта қызметкер еңбек етеді. Қызығушылықпен әлгі роботтехниканың бәсін де сұраған едік. Ол 1 млн. АҚШ доллары тұратын көрінеді. Жалпы, еліміздегі шекаралық өзендердің барлығында осы зауыттың катерлерімен жұмыс істейді екен. Тек қана тапсырыспен өнім шығаратын зауыт болашақта 25-30 сантиметр мұзды сындыруға қабілетті техника дайындамақ. «Шикізатты әртүрлі елден аламыз. Тапсырыс берушілер сапалы өнім алғысы келеді. Сондықтан, болатты Ресейден, қозғалтқышты Италия, Германиядан, навигацияны Жапониядан аламыз», – деді Александр Гнеломедов.
Ал, Ақтөбенің «Светоком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі елімізде бағдаршам шығаратын бірегей компания болып шықты. Оның маркетинг бойынша маманы Надежда Чернышеваның айтуынша, әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен түскен тапсырыспен жұмыс жасайтын көрінеді. Жылына 500 бағдаршам дайындайтын кәсіпорын өнімдерінің бағасы да әртүрлі екен. Мәселен, жеткізіп беруімен бірге бағдаршамның әрқайсысы 74 мың теңге тұрады.
Біз Ресей Федерациясының Удмуртия Республикасы Президенті мен Үкіметі әкімшілігінің жетекшісі Александр Горяиновтың да пікірін білген болатынбыз. Мейман екі ел арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас орнағанын, бұған дейін Батыс Қазақстан облысымен келісімге келуі көп нәрсені аңғартатынын айтты.
– Қазіргі таңда Удмуртия Республикасы 55 млн. доллар шамасындағы өнімін Қазақстанға экспорттайды. Дегенмен, бұл әнебір көп ауқым болмағанмен, байланысымыз жақсы. Бұл инвест форум одан сайын дамуымызға жағдай туғызбақ. Біздің елден мұнай саласында қызмет ететін төрт кәсіпорын келді. Негізі, тоқсан пайыз түрлі қару-жарақ шығарамыз. Ресейдің ересектер мен жасөспірімдер арасындағы биатлон командасын толықтай қамтып отырмыз.
Удмуртияда да осындай инвест форумдар өтеді. Демек, бизнес-форум өткізуден бүгінгі шара үлкен мектеп болмақ. Барлығының ішінен бізді Атыраудың балық өнімдері қызықтырды, – деді ол.
Осылайша, көрме жалғасын тапты. Халықаралық бизнес-форумға қатынасушылар отандық тауарлар туралы толық ақпар алып, жақсы көңіл-күймен тарқасты.

СЕРІКТЕСТЕР СЕРПІНІ
Ресми бөлімнен соң арнаулы секциялар бастауын алды. «Потенциалды инвесторларға инвестициялық жобалар» тақырыбын талқылаған жиынның модераторы облыстық индустриалды-инновациялық даму, кәсіпкерлік басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева қатысушыларға аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан алғысын білдірді. Компания өкілдері өздерінің жобаларын таныстырды.
Атап айтқанда, үндінің «SAVA group» компаниясы 2003 жылы құрылып, күні бүгінге дейін бірталай елден серіктес тауып үлгеріпті. Екі зауыты бар кәсіпорын «Үндістандағы үздік дәрі-дәрмек өндіруші» атаныпты. Әлемдегі көптеген елдермен жұмыс істейтін компания біздің облыстан жаңа кәсіпорын ашпақ ниетте. Жергілікті фармацевтикалық мекемемен келісімге келген. 20 млн. АҚШ долларын инвестициялауға әзір зауыт капсула, ұнтақ, жақпамай түріндегі өнім шығарады. Тауарлары барлық еуропалық стандарттарға сай келетініне сендірген компания өкілі Беларусь елімен де ынтымақтастық қарым-қатынаста екенін жеткізді. Қазақстанның фармацевтика саласына салық жеңілдіктері ұсынылғанынан хабардар зауыт маманы қаржы ұйымдарынан қолдау күтетінін жасырмады.
Осы форумның «қарлығашы» іспеттес үнді компаниясы «Медицина» АҚ басшылығымен келісімге келіп үлгеріпті.
Ал, «Кедендік одақ шеңберіндегі ынтымақтастықты дамыту» тақырыбындағы секциялық отырыста аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев шекаралас аудандардың мүмкіндіктері туралы толығырақ мәлімет берді.
Ресей Федерациясының Удмуртия Республикасы Президенті мен Үкіметі әкімшілігінің жетекшісі Александр Горяинов болашақта бірлесіп жұмыс істеу жоспарда бар екенін айтса, Беларусь Республикасы Гомель облысы делегациясын бастап келген Олег Борисенко минералдық тыңайтқыштың қоры мол болғандықтан, біздің елмен ауыл шаруашылығы саласында байланыс жасауға ынта білдірді.
«Ет-сүт өнімдерін қарадық. Желілік компаниялардың басшылығымен сөйлестік. Осылардың бәрін сараптай келіп, ауыл шаруашылығын дамытпақ ойымыз бар», – деді ол.

Айбөпе САБЫРОВА,
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз