Самал ықшамауданында жаңа спорт кешені ашылды (ФОТО)
Атыраудағы Самал ықшамауданында жаңа спорт кешені ашылды. Оған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Білім беру ісінің үздігі, атақты балуан Мәлік Сүлейменовтің есімі берілді.
Салтанатты шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет қатысып, Самал ықшамауданындағы жаңа ғимараттың лентасын қиды. Ол ел еңсесін көтеріп, абыройын асқақтататын маңызды екі сала болса, соның бірі – мәдениет, екіншісі – спорт екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, Атыраудағы қазақ күресінің негізін қалаушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мәлік Екпіндіұлының орны бөлек екенін де ерекше атап өтті.
Қызылқоға ауданының перзенті, Миялы спорт мектебінің түлегі, спорт шебері Айбар Есенғалиев ғимаратты өз қаржысына салыпты.
«Атырауда осындай спорт кешенінің жетіспеушілігі байқалатын. Осыны ескеріп, 2015 жылы жаңа нысан құрылысын қолға алған едік. Оған ұстазыма деген зор құрметтің белгісі ретінде Мәлік Сүлейменовтің есімін беруді жөн санадым. Мұнда 34 жатын бөлмесі және 32 спортшы мен екі жаттықтырушыға есептелген жаттығу залы, асхана бар. 6 мен 13 жас шамасындағы 60 бала келіп, жекпе-жек спортының қай түрінен де жаттыға алады»,-дейді Айбар Есенғалиев.
Содан соң Қызылқоға ауданының әкімі Арман Баженов өзінің құттықтау сөзін арнап, спорт кешенінің басшысы Айбар Есенғалиевке алғыс хат табыстады. Республикаға еңбегі сіңген спорт қайраткері Асан Раушанов та кешегі күннен сыр шертіп, өшпес естеліктерімен бөлісті. Өз кезегінде Қазақ КСР-нің спорт шебері, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Мәлік Сүлейменов жиналғандарға және өзінің шәкірті Айбар Мағазұлына алғысын айтып, жас спортшылар мен жаттықтырушыларға сәттілік тіледі.
Шара соңында спорт кешенінің алғашқы тәрбиеленушілері, болашақ чемпиондар әлемге әйгілі джиу-джитсу спортының әдіс-тәсілдерін көрсетті.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ