Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Салық рақымшылығы: өсімпұл қалай кешіріледі?

Atr.kz/19 шілде, 2019 жыл. Қаржы министрінің орынбасары Қанат Байеділовтің хабарлауынша, шілде айының үшінші онкүндігінде елімізде салық төлеуші жеке тұлғаларға қатысты өсімпұлдарды есептен шығару басталады.

Вице-министрдің түсіндіруінше, бұл бағытта белгіленген шаралар ҚР Президентінің Жарлығы негізінде шығарылған Қаржы министрінің №39 (21 қаңтар 2019 ж.) бұйрығымен бекітілген арнайы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады. Аталған құжатқа сай, әрбір қалалық, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында өсімпұлдарды есептен шығару жөніндегі комиссия құрылады. Салықтық рақымшылықпен 2019 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мерзімде өтелмеген салығы бар жеке тұлғалар қамтылады.

Осыған байланысты арнайы комиссия осы санатқа кіретін салық төлеушілерді іріктеу мақсатында алдымен, олардың дербес есепшоттарын түгендеу жұмыстарын жүргізеді. Содан соң, үш жұмыс күні ішінде қарыздарын өтеген салық төлеушілерге тиесілі өсімпұлдарды есептен шығару туралы шешім алынады. Яғни, осы уақыттың ішінде негізгі салық сомасынан құтылған жеке тұлғаға өсімпұлының кешірілгендігі жайлы хабарлама түсуі тиіс.

Бұл ретте жеке тұлғалар қарызының сомасын Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурсы немесе электронды Үкімет порталы (Е-gov.kz) арқылы біле алады. Ол үшін өтініш жазып, мемлекеттік кірістер органдарына қандай да бір құжаттарды әкелудің қажеттілігі жоқ. Ең бастысы, өткен жылдардағы өзінің міндеттемелері бойынша негізгі салық сомасын төлеу.

Сол себептен, барлық деңгейдегі мемлекеттік кірістер құрылымдары күн сайын салық төлеуші жеке тұлғалардың дербес шоттарының жай-күйіне мониторинг жасайтын болады.

– «Салық төлеуші кабинеті» веб-қосымшасындағы дербес есепшотын көру үшін жеке тұлғаның электронды цифрлық қолтаңбасы болуы керек. Одан бөлек, Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурсында ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) бойынша мәліметтерді онлайн-лайн режимінде алуға мүмкіндік беретін сервис іске қосылған.

Өсімпұлдарды есептен шығару жеке тұлғаның барлық салықтық міндеттемелеріне қатысты жүргізіледі. Нақтырақ айтқанда, бұл – салық төлеушінің жеке меншігіндегі жеріне, мүлкіне, көлігіне салынатын салықтар, сондайақ, қандай да бір мүлікті сату кезінде құнының өсімінен мүлік салығын алумен байланысты жеке табыс салығы бойынша міндеттемелері.

Салықтық рақымшылыққа ілігу үшін жеке тұлға тек өткен жылдардағы негізгі қарыз сомасын толықтай өтеуі шарт. Сонда ғана оған тиесілі өсімпұл есептен шығарылуға жатады, — деді Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Нұрболат Сарманов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыста 2019 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мерзімде салықтық төлемдер бойынша берешегі бар жеке тұлғалардың саны 49 786-ны, ал, олардың өсімпұлдарымен қоса алғандағы қарызының сомасы 562 млн. теңгені құрап отыр. Осы қаржыдан 465 млн. теңге көлеміндегі негізгі борышы өтелсе, салық төлеушілердің 97 млн. теңге өсімпұлы кешіріледі. Салықтық рақымшылық шілде айының 25-інен кейін басталып, жыл соңына дейін созылады.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button