Жас қайраты елімнің…

ЕАС 072 Жаңалықтар

Оларға әрқашан да қолдау керек

Жастарды жұмыспен қамту, олардың жазғы уақытта маусымдық жұмыспен айналасуына жағдай жасау. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүргізілетін құрылыс нысандарында студенттік құрылыс жасақтары мен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыру. Осы және басқа да өзекті мәселелер селекторлық режимде өткен облыс әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысында кеңінен талқыланды.

ЕАС 072

«Бүгін үйрен, жалаң аяқ шоқ басып…»

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиевтің мәлімдеуінше, соңғы төрт жылда өңірімізде «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жазғы еңбек маусымында 2972 жас жұмыспен қамтылды. Биыл аталған бағдарлама аясында аудандар бойынша сарбаздардың саны артпақ. Атап айтсақ, былтыр әрбір ауданға елу сарбаздан келсе, биылдан бастап 65-тен 75-ке дейін жетпек. Сонымен қатар, олардың жалақыларын өсіру мәселесі де шешілуде. Өткен жылдары еңбекақы көлемі 48 мың теңге болса, енді 59 мыңды құрап отыр. «Жастар тәжірибесіне» 2013 жылы 1116 жас тартылса, өткен жылы 896 адам бағдарлама аясында еңбек етті.

– «Мекемелердің барлығы жұмыс өтілінің болуын талап етеді» деп отыра бермей, жастар бүгіннен бастап еңбекке араласуы керек. «Алдымен оқу орнын бітіріп алған соң үйренемін ғой» деген ойды мүлдем ысырып тастап, ертең «шоқ басуға» бүгіннен бастап дайындалу керек. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының тиімділігі өте жоғары. Алты ай бойы жастар тәжірибе жинақтап, еңбекақысын да алады. Кейбірі сол жерде тұрақты жұмысқа орналасады. Сондықтан, олардың санын арттыру шараларын нақты қолға алу қажет. «Жасыл ел» бағдарламасы да сондай. Қазіргі таңда облысымызда жоғары оқу орындарында – 10 мың, кәсіптік білім беретін колледждерде 18 мыңдай, жалпы алғанда, 28 мыңдай студентіміз бар. Ал, аталған еңбек жасағына 775 сарбаз тартылып отыр. Жастардың уақытының тиімді, әрі мазмұнды өтуі үшін биыл «Жасыл ел» акциясы бойынша ашылатын жұмыс орындарының санын жергілікті бюджет есебінен кемінде 3 есеге дейін арттыруымыз керек. Бұл жастардың жазғы демалыс уақытында бос жүрмей, ақша тауып, тәжірибе жинауына үлкен көмек болады, – деп атап көрсетті облыс әкімі, кеңес төрағасы Нұрлан Ноғаев.

Білімдіге – өріс кең

Кеңесте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Шпанов жастарды еңбекке тарту бағытындағы шаралар туралы баяндады.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, еңбек нарығына жасалған сараптама бойынша жастардың белсенділігінің артқаны байқалады.

Атырау облысы бойынша соңғы үш жылда «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде оқуларын аяқтаған 51 студенттің барлығы жұмысқа орналасты. Олардың басым көпшілігі сапалы білімдерінің арқасында «Теңізшевройл», «НКОК», сияқты ірі компаниялар мен олардың мердігер мекемелеріне жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, соңғы бес жылдан бері Атырау облысы әкімдігі мен НКОК компаниясы арасындағы жастарды кәсіптік оқыту бойынша ынтымақтастық  меморандумы аясында жоғары оқу орындары студенттерінің оқу ақысы төленіп отыр, – деді басқарма басшысы Еркін Мәжитұлы.

ЕАС 034

Гранттар кімдерге беріледі?

Осы орайда, аймақ басшысы облыстық әкімдік тарапынан бөлінетін білім беру гранттарын жүйелеуді нақты тапсырды.

– Қазіқ тілді бастауыш сынып мұғалімі мамандығына мемлекеттік грант негізінде оқыған жастарымыз неге жұмыссыз отыр?- деп облыс басшысы өзекті мәселенің түйінін тарқатты. – Кейбір аудандарда бұл мамандыққа 30 жас кезекте тұр. Ал, орыс тілді бастауыш сынып мұғалімдеріне тапшылық байқалуда. Пәндер бойынша да мұғалімдер жетіспеуде. Неге біз қажетті мамандықтарға оқытпаймыз? Гранттарды нақты бөлу жұмыстарын жүргізуді облыстық білім беру басқармасы басшылығына тапсырамын. Егер талапкер өз өмірін педагогика саласына арнағысы келсе, қажеттілік туындатып отырған мамандықтар жайлы айтып, жеткізу керек. Сонда, жұмысқа орналасу да жеңіл болады.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан биылғы жылдан бастап көлшіктер мен тайыз су айдындарынан шабақтарды құтқару мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында мектеп оқушыларынан «Көгілдір патруль» жасақтарын құру туралы ұсыныс берді.

Кеңестің екінші тақырыбы жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналды. Бұған қатысты облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырлиева, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Талтенов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Асылбек Жакиевтер сөз сөйлеп, кеңес мүшелерін атқарылған жұмыстар, берілген несиелер жайында хабардар етті.

Үш сағаттан астам уақытқа созылған кеңес соңында «Қазақстан–2050» жалпыұлттық қозғалысы ұйымының жетекшісі Ілияс Қонысбаев Атырауда велосипедпен  жүру  инфрақұрылымын дамыту мәселесін көтерді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолын жарықтандыруды ұсынды. Оның айтуынша, өткен жылы елімізде 2936 жаяу жүргінші жол апатына ұшыраған екен. Ал, облыстық ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Асланбек Жанбалаев мұнайлы өңірде үлкен деңгейде көкпар жарысын ұйымдастыруды ұсынды.

Айгүл Eртілеу

Олжас Сұлтанов, жас заңгер:

«Заманауи саябақ ауадай қажет»

Атырау қаласына жастарға арналған заманауи саябақ керек деп ойлаймын. Қаланың Еуропа бөлігінде Х. Досмұхамедов атындағы университеттің артында пішіні бананға ұқсайтын жер аумағы бос жатыр. Жайықтың жағасында орналасқан сол жерге жастарға арналған заманауи бақ тұрғызуды ұсынамын. Бұл идея маған қаланы дамыту туралы болған пікір алмасулардың бірінде келді.

Бақ ішінде мұз айдыны, аттракциондар, спорт кешені, балаларға арналған ойын алаңы, амфитеатр, велосипедшілерге, скейтбордшыларға арналған спорт алаңқайы, Жайық бойымен серуен құруға мүмкіндік беретін қайықтар мен катамарандар болады.

Демалыс орындарының көп болуы олардың мәдениеті жоғары, білімді маман болып өсіп шығуына септігін тигізері сөзсіз.

Жасұлан Бисембиев,

облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

«Студенттік құрылыс жасақтары қайта  жанданса…»

Жазғы  маусымдық кезеңде әрбір оқу орны өз ғимараттарының жанына отырғызған көшеттер мен гүлзарларды баптау үшін «Жасыл ел» еңбек жасақтарын ұйымдастырып, жұмыспен қамту, облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінің орман қоры учаскелеріндегі ормандарды күтіп баптау жұмыстары жүргізілуі керек.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында жазғы каникул кездерінде облыстық бюджеттен қаржыландырылатын құрылыс нысандарында – студенттік құрылыс, ауылшаруашылық нысандарында «Жас Агро» жасақтарын белгіленген ақылы жұмыс көлемімен қамтамасыз етуді ұсынамыз.

Облыста студенттік құрылыс жасақтары соңғы рет 2006 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жүзеге асырылғаны белгілі. Осы орайда, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жас отау» жобасы аясында салынатын тұрғын үй құрылыс жұмыстарына 20 жасты жұмысқа орналастыруға міндеттенеді. Аталмыш жұмыстарды  қала, аудан әкімдіктері, облыстық құрылыс, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары тарапынан да жүргізілуі ұсынылады.

Еркін Шпанов,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы

«Букмекерлік кеңселер санамызды улап барады»

Бүгінгі күні букмекерлік кеңселердің көбеюі үлкен проблемаға айналуда. Әсіресе, жастар жеңіл ақша табу мақсатында құмар ойындарға әуестеніп, көптеген қаражат салып, бос уақыттарын сондай жерлерде өткізетіні бізді қынжылтады.

Құзырлы органдардың мәліметінше, күні бүгінге облыста 41 букмекерлік кеңсе жұмыс жасайды екен. Есесіне, өңірімізде барлығы 37 спорттық нысан бар. Спорт кешендеріне қарағанда букмекерлік кеңселер саны басым.

2007 жылы Елбасының тапсырмасымен еліміздегі барлық казинолар жабылып, Қапшағай мен Бурабайға көшірілген болатын. Сол тәжірибе негізінде облыстық жастар саясаты басқармасымен, жастармен пікірлесіп, сананы улап, етек алып бара жатқан дертті тоқтату мақсатында Парламент Мәжілісіне, Үкіметке букмекерлік кеңселерді жабу немесе алыс өңірлерге орналастыру жөнінде ұсынысым бар.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз