Салық қызметкерлері марапатталды
Халықтың әлеуметтік дамуы мен мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сүбелі үлес қосып жүрген мемлекеттік кірістер органының құрылғанына биыл — 10 жыл. Осы уақыт ішінде дәстүрлі қағазбастылықтан озық технологияға көшуде күрделі трансформациядан өткен сала бүгінде халыққа бір табан жақындады.
2014 жылдың 14 тамызында салық, кеден және экономикалық тергеу қызметтері органдарын біріктіру жолымен Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды. Міне содан бері аталмыш комитет халықтың сеніміне ие болып, елдің дамуы үшін өте маңызды функцияларды жүзеге асыруда.
Атаулы күнге орай Мемлекеттік кірістер департаменті ғимаратында міндетін мінсіз атқарып жүрген сала үздіктері және сала ардагерлері марапатталды.
Мерекелік іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев сала қызметкерлерінің мерекесімен құттықтады.
Мемлекеттік кірістер комитеті ең қуатты органдардың бірі екенін айта отырып, осы салада қызмет ететін әрбір қызметкердің еңбегі ұшан-теңіз екенін тілге тиек етті.
Содан соң айтулы күнді мерекелеуге орай және мемлекеттік кірістер жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан Департаменттің бірқатар қызметкеріне облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Осы орайда салық және кеден салаларының ардагер зейнеткерлері де марапатталды.
Бүгінде облыс республикалық бюджеттің ірі донорына айналды. Департамент басшысы Айдын Сауданбековтың айтуынша, мемлекеттік бюджетке соңғы 10 жылдағы түсімде 2014 жылы қазынаға 626 млрд. теңге түссе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 2,6 трлн. теңгеге дейін көбейген.
– Осыдан он жыл бұрын 14 тамызда үш саланың басын біріктіріп, кірістер комитеті құрылды. Осы уақыт аралығында комитетте көптеген оң өзгерістер орын алды. Атап айтар болсақ кедендік әкімшілік, салық әкімшілігі жетілдірілді. Жалпыға бірдей декларация енгізілді. Сонымен қатар келесі жылдан бастап жаңа Салық кодексі енгізілмек. Салыққа қызмет етіп, халыққа қызмет көрсеткен сала үздіктері мен ардагерлері мерекеге орай марапатталуда, — деп Айдын Сауданбеков Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне 10 жыл төсбелгісімен бірқатар қызметкерді марапаттады. Олардың ішінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігің облыс бойынша лепартамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлан Ермаханбетов, Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Парменов, облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаев және ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша департмент басшысы Ғалымжан Құсан және тағы басқалары бар. Сондай-ақ марапаттаудың легін «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісін табыстау кезеңі жалғады. Мұндай марапатты басқармада қызметін мүлтіксіз атқарып жүрген қызметкерлер иеленді.
Мереке қарсаңында мемлекеттік кірістер қызметінде білікті маман әрі әдепті қызметкер ретінде өз ісінің маманы боп жүрген жандардың ата-аналары да тыс қалмады. Үздік қызметкерлердің ата-аналарына Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Құрмет грамотасы табысталды.
Қызылқоға ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Самал Ахметова да мереке қарсаңында сала үздігі төсбелгісімен марапатталды.
Ол өзінің еңбек жолын 1994 жылы Мемлекеттік салық инспекциясының жай қана инспектор қызметкері ретінде бастаған. Отыз жыл уақыт ішінде қызметтің суығы мен ыстығын қатар көріп, өз ісінің үздігі атанды.
– Мемлекеттің мықты дамуы қаржыға байланысты. Біздің де басты міндетіміз мемлекеттің қазынасын толтыру. Сондықтан бұл салада еңбек ететін әрбір қызметкердің еңбегі зор. Бүгін біздің барша әріптестеріміз үшін де айтулы күн. Еңбектің бағаланып, алғыс пен марапатқа ие болу да үлкен қажырлы еңбектен тұрады. Мұны ескерген басшылыққа алғысым шексіз. Мереке құтты болсын,-деді Самал Ахметова.
Іс-шара соңы мерекелік ән-шашумен жалғасты.
Айта кетейік, облыс бойынша мемлекеттік кірістер бепартаментінің құрамына 8 аудандық және қалалық басқармалар, 18 департамент басқармасы және кедендік 5 бекет кіреді. Жұмыс істейтін қызметкерлердің жалпы саны — 390.
Жайна МӘЛІМҚОЖА