ДОНОР БОЛУ – өзгеге өмір сыйлау

  Медицина қызметкерлері күні қарсаңында облыстық қан орталығында «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалының бастамасымен «Өмір сыйлаңыз! Донор болыңыз!» атты акция өтті.

  Аталмыш шараға өңірдегі түрлі мекеме қызметкерлері мен «жасотандықтар», сондай-ақ, Атырау қалалық және облыстық мәслихаттарының депутаттары Гүлсина Байкенова, Қанат Әзмұханов пен Мұса Хайруллиев қатысты. Акция мақсаты – жұртшылық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дәрігерлік көмекке зәру жандарға қол ұшын беру. Сайып келгенде, әркім өз қанын тапсыру нәтижесінде өзгеге өмір сыйлау мүмкіндігіне ие болады. – Көмекке мұқтаж адамдардың, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев, – тез сауығып кетуіне сәл де болса үлес қоса алсақ, азаматтық парызымыздың өтелгені деп білуіміз керек. Осы орайда баршаны қан орталығына барып, зәру жандарға жәрдемдесуге шақырамын. Партия бастамасымен жүзеге асырылып жатқан осы ізгі іс жалғасын табады. Бір ғана адамның қаны он науқасқа көмектеседі. Халқымыздың дені сау болса, тұтас еліміздің де болашағы жарқын.

Нұрислам МӘУЛЕНҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз