Салтанатты шара Конституция күніне арналды
Атырауда Конституция күніне орай Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында салтанатты шара өтті.
Алдымен сахнаға мемлекеттік ту көтеріліп, оркестрдің сүймелдеуімен мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Талғат Күзембаев гимн орындады.
Жиынға қатысқан облыс әкімі Серік Шәпкенов мерекелік құттықтау лебізін жеткізді.
– Өздеріңізге аян, тәуелсіздік елімізге оңай келген жоқ. Ал, тәуелсіздігіміздің ең басты тірегі – ата заңымыз. Конституция – демократиялық принциптер, адам құқығы мен бостандығын қорғайтын маңызды құжат. Әуелден Тәуке, Есім, Қасым хандардан бері ереже – заңдарымыз болған. Тәуелсіздік алғаннан кейін бүгінгі Конституциямыз қабылданды. Содан бері еліміздің алдына қойған стратегиялық мақсаттарына жетуіне үлкен септігін тигізіп келеді. Алдағы уақытта да іргелі істердің бастауында болатынына сенім мол. Ата заңымызда айқындалған қағидаларды ұстанып, еліміздің өркендеуіне септесетін боламыз.
Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Конституция күні құтты болсын, — деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, ел дамуына үлес қосып, аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар мен ардагерлерге «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Үздік мемлекеттік қызметші» , «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Мерекелік шара белгілі дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі, Sarmad этно-фольклорлық ансамблі мен жергілікті өнер иелерінің концертіне ұласты.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ