Жарнама
Жаңалықтар

ЖАСЫЛ ШЫРША ҚУАНЫШЫ

Жаңа жылдық қойылым жасыл шыршаны айнала ән мен жырға бөленген көңілді кешке ұласты. Кішкентай қонақтар алдымен Аяз Ата, Ақшақар мен сүйікті ертегі кейіпкерлері – Қыс аруын, Тазша бала мен мыстан кемпірді қарсы алды. Балдырғандар ертегілер елінде жүргендей өздерін емін-еркін сезініп, шыршаны айналып, ән салып, би биледі. Жеткіншектерді мерекелерімен Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков құттықтап, өтіп бара жатқан жылдың жалпы еліміз үшін барынша жемісті болғандығын, балалар үшін барлық жағдайлар жасалып, мектеп, балабақша, денсаулық, спорт нысандары салынып жатқандығын ерекше атап өтті.
— Игі істердің барлығы келешекте жастар жақсы оқып, салауатты өмір салтын қалыптастырып, Отанымызды сүйетін, мықты азамат болып шығу үшін жасалып отыр, — деді қала басшысы. Жаңажылдық шыршаға қатысқандардың барлығына сыйлықтар, қысқы киім, тәттіге толы базарлықтар табыс етілді.
Ертегі кейіпкерлері әтеш, бұзау, күшік пен Тазша бала сынды кейіпкерлер мерекелік киім үлгілерін әзірлеп әкелген бүлдіршіндердің бірін де шетте қалдырмай, барынша көңілдерін көтеруге тырысты. Қыс ханшайымы, түрлі жануарлар мен сүйікті кейіпкерлердің бейнесінде келген балғындар Аяз ата мен Ақшақарға арнап тақпақтарын да айтып жатты.
— Бүгін қала әкімінің шыршасына келіп, көп қызық көрдім. Осында көргендерімді сыныптастарыма айтып беремін. Сабақты үздік оқып, осындай мерекелерге қатысып жүрсем деймін. «Атырау» дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде әдемі мереке ұйымдастырған қала әкіміне көп рахмет. Балалардың бәрі шыршаны жақсы көреді. Келесі жылы да шыршаға қатысу үшін сабағымды жақсы оқимын, — деген №7 орта мектептің 6-сынып оқушысы Әсел Мейрамбаева балалардың шат күлкісі ешқашан бұзылмаса екен деген тілегін де жеткізді.
Қыс ханшайымы, түрлі жануарлар мен сүйікті кейіпкерлердің қызығына кенелген балғындар кештен мол әсермен қайтты.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button