Сайлау-2019: Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен қара сөздері» атты шығарма жазбақ

2 21 Жаңалықтар

Аtr.kz/23 сәуір, 2019 жыл. Қазір еліміздің Орталық сайлау комиссиясында ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия отырысы өтіп жатыр. Онда президенттікке «Nur Otan» партиясының атынан кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілден емтихан тапсыруда.

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиісті құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтына сілтеме жасап.

«2019 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес «Nur Otan Партиясы» Қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мынадай құжаттарын ұсынды:

  • 1. «Nur Otan Партиясы» Қоғамдық бірлестігі жоғары органының Қазақстан Республикасының Президенттікке кандидат ұсыну жөніндегі отырысының хаттамасынан үзінді;
  • 2. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенттiгіне кандидат болып дауысқа түсуге келiсiм бергені туралы өтiнiші;
  • 3. Өмірбаяндық деректері;
  • 4. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат;
  • 5. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • 6. Жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері;
  • 7. Мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің бар екенін растайтын құжаттар. Мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссиясының отырысы 2019 жылғы 23 сәуірге тағайындалды»,-делінген хабарламада.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен «Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен қара сөздері» тақырыбында 2 беттік шығарма жазады. Содан кейін Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» кітабынан үзіндіні 15 минут мәнерлеп оқиды.

Ал үшінші кезеңде еркін тақырыпта сөз сөйлейді. Айта кетейік, 19 сәуірде ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілде еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия құрып, оның құрамына Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Серік Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай, Ерден Қажыбек енген болатын. Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, емтихан үш кезеңнен құралған.

Бірінші кезеңде үміткер конвертте жасырылған тақырыптардың біріне жазбаша жұмыс жазады. Жазбаша жұмыс 2 беттен аспауы керек, оны жазуға 1 сағат уақыт беріледі. Егер үміткер 1 сағатта жазып бітіре алмаса, комиссия ақылдаса келе, қосымша жарты сағат бере алады. Комиссия мүшелері жұмысты мұқият тексереді, әріп қатесін, тыныс белгілерін қадағалайды. Мәселен, 8 орфографиялық қате табылса, екі қойылады.

Екінші кезеңде үміткер комиссия ұсынған көлемі үш беттен аспайтын мәтінді дауыстап оқиды. Бұл кезеңде үміткердің дауыс ырғағы, оқу мәнері бағаланады. Үшінші кезеңде үміткер лингвистикалық комиссия берген тақырыптардың біріне сөз сөйлеуі қажет. Оның да тақырыптары конвертке салынып, бекітілген. Тақырыптар қазақ халқының тарихы, мәдениеті, жетістіктері жөнінде болмақ. Үміткердің сөз сөйлеуі комиссияны қанағаттандырмаса, тақырыпты тереңірек ашу үшін қосымша сұрақтар қойылады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз