Атырауда көше атауына танымал журналистің есімі берілді

muftah 8 Жаңалықтар

Өңір журналистикасының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан қаламгерлердің бірі, «Атырау», республикалық «Егемен Қазақстан» газеттерінің бұрынғы қызметкері – журналист, фельетоншы Нұриден Мұфтаховтың есімі Атырау қаласындағы  Жаңаталап ауылындағы көшеге берілді, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

«Атырау» газетінің биылғы ғасырлық тойы аясында өткізілген салтанатты жиынға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов және өңірдің белгілі қаламгерлері мен журналистері қатысты. Журналист есімі берілген көшеге жиналғандар игі іске құттықтау тілектерін айтып, қаламгер туралы естеліктерімен бөлісті.  

muftah 4

Нұриден Мұфтахов – 1936 жылы 3 қазанда Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Новобогат (қазіргі Исатай) ауданының Манаш ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын комсомол жолдамасымен Қарағанды қаласындағы шахтада кеншінің көмекшісі болып бастаған. Сол кезде де облыстық газеттермен байланысын үзбей, мақала жазып тұрған.

Білімі – жоғары, 1957-1963 ж.ж. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін оқып, бітірген.

Кәсіби журналистика саласындағы қызметі 1963 жылы облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінен басталған. 1978 жылы республикалық «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің шақыртуына сәйкес редакцияның жаңадан ашылған фельетон секторының меңгерушілігіне ауысқан.

muftah 5

1994 жылы шілде айында Шымкент қаласындағы «Заң және заман» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалған. 1995-1998 ж.ж. – Қазақстан Республикасы Бас прокурорының баспасөз жөніндегі аға көмекшісі, 1998-2002 ж.ж. – республикалық «Алтын ғасыр» тәуелсіз апталық газетінің бас редакторы, республикалық «Азат», «Ана тілі», «XXI век», басқа да газеттердің қызметкері.

Өмірінің соңғы жылдарында тәуелсіз басылымдарда жұмыс істеп, өзекті мәселелерді батыл көтеріп, шындықты айтуда басқалардан даралығымен көзге түсті.

muftah 2

Республикадағы фельетон жанрының санаулы ғана майталмандарының бірі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Н.Мұфтахов шығармашылық саласындағы зор жетістіктері үшін бірнеше рет мемлекеттік наградаларға ұсынылғанмен, мадақ-марапаттан өз еркімен бас тартқан.

Ұзақ жылдық қажырлы еңбегі үшін 1986 жылы Қазақстан Республикасы Журналистер одағының Құрмет грамотасымен ғана марапатталған.

n.mmm

«Атырау ақын жазушыларының «Қазына» кітапханасы» сериясымен жарық көрген «Ханталапай» (61-кітап) атты еңбегінде сықақ әңгімелері мен фельетондары, «Қылкөпір» атты жинағында сықақ әңгімелері, өзі дүниеден өткен соң шыққан «Әділеттің ақ семсері» жинағында оның әр жылдардағы туындылары басылып шыққан.

Мұфтахов Нұриден Лұқпанұлы 2002 жылы 16 қарашада кенеттен дүние салды.

Жанна, Майра, Арман атты перзенттері, Исатай, Диас, Думан, Нурия есімді  немерелері бүгінде Алматы қаласында тұрады. Жолдасы Мәдина 2020 жылы дүниеден өтті.

Нұргүл Насыр,

Суреттерді түсірген Ерлан Алтыбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз