СҮТ ТЕ, СҮЗБЕ ДЕ – ӨЗІМІЗДЕН!
«Бірінші мамыр БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аманжол Есқараевтың айтуынша, қазір тауарлы-сүт фермасындағы 170 бас сиыр күн сайын екі тонна сүт өнімін береді. «Облыстық әкімдік үлкен қолдау білдіруде. Тұрғындарға арзан бағамен сапалы табиғи сүт өнімдерін ұсынумен қоса, азаматтарды жұмысқа қабылдауға да мүмкіндік туып отыр. Қазір фермада қырыққа жуық жергілікті азамат қызмет етуде», — дейді серіктестік директоры.
— Аймақ басшысының тапсырмасына сай облыста бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асып келеді, — деді «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Абат Тасымов. — Соның бірі — тауарлы-сүт фермасы жобасы. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Бірінші мамыр» ЖШС бірігіп, «Бірінші мамыр БК» кәсіпорнын құрдық. Бүгін, міне, алғашқы өнімін алып отырмыз. Сүт өнімдерінің құны арнайы комиссия белгілеген әлеуметтік бағаға негізделген. Мұндай сауда нүктелері алдағы уақытта қала орталығында да ашылады. Сондай-ақ, қала тұрғындарын делдалсыз табиғи сүт өнімдерімен қамту мақсатында арнайы дүкен ашпақпыз.
Бұған қоса, былтыр ешкі сүтін өндіретін кешен жобасының құрылысы басталған болатын. Қазіргі уақытта аталған жоба құрылысы аяқталу үстінде. Абат Тасымовтың айтуынша, наурыз айының басында ешкі сүтінің алғашқы өнімін алу жоспарланып отыр. Ашылған сауда орындарында сиыр сүті өнімдерімен қоса, ешкі сүтінің де өнімдері сатылатын болады.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.