Сәрсенбай Еңсегенов: «Тапсырма орындалуымен құнды»
«Қара алтынымен» ғана емес, бір кездері бағалы балығымен әлемге танылған мұнайлы өлкеде байырғы кәсіпті дамытуға мүмкіндік мол. Ол үшін кезегін күткен түйткілді мәселенің түйінін тарқату керек. Айталық, Жайық және Қиғаш өзендерінің тайыздаған тұстары тереңдетілсе, су маржандары да айдынға емін-еркін өтер еді. Біз осынау маңызды мәселелер төңірегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Сәрсенбай Құрманұлы, өткенге сәл шегініс жасасақ, өңірде балық шаруашылығының қарқыны жоғары еді. Бүгінде атакәсіптің аты ғана болмаса, аяқ алысы көңіл көншітпейтіні белгілі…
– Кеңес үкіметі кезінде 15 республиканың тек үшеуінде ғана балық шаруашылығы министрлігі болды. Қателеспесем, Ресей Федерациясы, Украина және Қазақстанда. Одақ ыдырағаннан кейін балық шаруашылығы министрлігі таратылды. Алайда, оның орнына сол қызметті жалғастырып кететіндей қуатты мемлекеттік құрылым болмады. Балық шаруашылығын дамыту жөніндегі комитет бір министрліктен бір министрлікке бірнеше рет ауыстырылды, құрылымдық өзгерістерге ұшырады. Соның салдарынан балық шаруашылығының дамуында тоқырау орын алды.
Қазіргі кезде балық шаруашылығы мәселесімен Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитеті айналысады. Тіпті, аталған комитеттің атауында балық деген сөз де жоқ. Осы комитетте бұл салаға жауапты қызметкерлердің саны онға да жетпейді. Өкінішке қарай, экономикалық-әлеуметтік маңыздылығы зор, даму мүмкіндігі мол бағытпен шұғылданатын мемлекеттік органның бүгінгі жағдайы осындай. Сондықтан, мен Парламентте, Сенат отырысында Үкіметке балық шаруашылығымен айналысатын дербес мемлекеттік органның, кем дегенде жеке Агенттіктің құрылуын ұсынып, айтып жүрмін. Алайда, бұл мәселе әлі күнге дейін жауабын таппай отыр.
– Қателеспесек, бұл саланы реттейтін арнайы мемлекеттік бағдарлама да жоқ сыңайлы…
– ҚР Үкіметі 2003 жылы «Қазақстан Республикасының Балық шаруашылығын дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын» бекітіп, ол саланың дамуына белгілі бір деңгейде ықпалын тигізді. Бірақ, саланы аяғынан нық тұрғызып, оның дамуына күшті серпін бере алмады. Осыған қарамастан бүгінгі күнге дейін арнайы бағдарлама қабылданбай отыр.
2006 жылы Үкімет «Қазақстан Республикасының балық шаруашылығын дамытудың 2007-2015 жылдарға арналған» тұжырымдамасын бекіткен, бірақ, кейін ол да Үкімет қаулысымен күшін жойды. Ал, қазіргі ауыл шаруашылығы кешенін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламада балыққа қатысты қысқа ғана екі-үш бөлімнен тұратын тармақ жазылған. Ол бұл саланы дамытудың бүкіл мәселесін шешпейді. Сондықтан, мен Үкіметке балық шаруашылығын дамытуға қатысты бөлек бағдарлама, тіпті болмағанның өзінде кең ауқымды жоспар қабылдау туралы ұсыныс айтып жүрмін.
Қазіргі кезде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да бұл мәселеге көңіл бөлуде. Бұл ұйымда елімізде балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының жобасы қарастырылуда. Оның алғашқы отырысына мен қатысып, өз ұсыныстарымды жеткіздім. Жоба мақұлданып, қабылданса, шаруашылықты дамытуға тың серпін беретін маңызды мемлекеттік құжат болады деп ойлаймын. Жоба жұмыс үстінде.
Осы жерде үстіміздегі жылы республикада балықшылардың кәсіби мерекесі кеңінен аталып өткенін айтқым келеді. Бұл күнді бекіту үшін Үкіметке депутаттық сұрау салып, бірнеше рет хат жазуға тура келді. Оған бұрынғы сенатор Қайрат Ищанов және басқа да Сенат депутаттары көп күш жұмсады.
– Ал, қазіргі таңда Атырау облысында балық шаруашылығын дамытуда қандай кедергілер бар?
– Шешімін күтіп тұрған мәселе көп. Дегенмен, өткір тұрған проблеманың бірі – Жайық және Қиғаш өзендерінің арналарын тереңдетіп қазу мәселесі. Себебі, қос өзеннің Каспий теңізіне құяр жері, «тамағы» бітеліп қалған. Соның салдарынан су айдындарына балықтың кіруі қиындап тұр. Мұның өз кезегінде өзендерден өндірістік мақсатта балықтарды аулауға кедергі келтіріп отырған жайы бар.
Осыған байланысты өткен жылы қазан айында мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бірнеше депутатына Қиғаш өзенінің сағасын, саласын аралатып көрсеттім. Қиғаш, Шора өзендерімен Каспий теңізіне дейін апарып жағдаймен таныстырдым. Сол кезде теңізге құятын жерде судың тереңдігі 50 сантиметр шамасында болды. Моторлы қайықтар жүре алмай қалды. Осы іссапардан соң мен ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевқа депутаттық сұрау жолдап, өзен арналарын тереңдету жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлу туралы ұсыныс жасадым. Депутаттық сұрауды жеті сенатор қолдады. Олардың арасында өзен жағдайымен жіті танысқан депутаттар Манап Көбенов пен Михаил Бортник те бар. Үкімет басшысынан ұсыныстың орындылығы айтылғанмен, мәселе 2019-2021 жылдардағы республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде қарастырылуы мүмкін деген жауап қайтарылды.
– Алайда, қаржы бөлу мәселесі осы жылдың еншісіне тиді ғой.
– Иә, біз Үкімет пікірімен келіспедік. Сол себепті, биыл республикалық бюджетті нақтылау кезінде заң жобасы ҚР Парламенті Сенатына түскен уақытта мен Жайық, Қиғаш өзенінің арнасын тереңдету жұмыстарына осы жылға қаржы бөлу жайын қайталап көтердім. Сөйтіп, 1 млрд. 500 млн. теңге қаржы қарастырылды. Айта кетелік, бұл жерде ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей араласуы үлкен демеу болды. Сенаттағы алты тұрақты комитеттің төртеуі ұсынысыма қолдау білдірді. Қаражаттың 1 млрд. теңгесі – Қиғашқа, 500 млн. теңгесі Жайыққа қарастырылған.
– Тамыз айында Құрманғазы ауданында болған тұрғындармен кездесу кезінде бұл жұмыстардың жай-күйімен танысқаныңызды білеміз.
– Оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдиновты шақырған болатынмын. Сапар барысында аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, комитеттің облыстық және аудандық құрылымдарының басшыларымен бірге Қиғаш арнасының тереңдету жұмыстарының жай-күйімен таныстық. Өзеннің арнасымен Каспий теңізіне құяр жеріне дейін барып, нақты жағдайды көріп келдік.
Бұл жерде көптеген кемшіліктер анықталды. Ең алдымен, жобалау жұмыстарында қателіктер орын алған. Алдымен, жобаны дайындаған Орал қаласының компаниясы кейбір мәселелерге атүсті қарағаны байқалады. Мысалы, Шортанбай мен Жыланды ауылдарының қасындағы Қиғаш өзенінің түбін қазу кезінде алынатын топырақты төгетін алаң шаруа қожалықтарының шабындық жерлері болып шыққан. Бұл жерлердің иелерімен келіспей, сырттарынан шешім алған. Шаруа қожалықтары бұған наразы. Ол да себепсіз емес. Өйткені, топырақ төгілгеннен кейін бұл жерге шөп шықпайды. Жобалаушы компанияның өкілдері бұл мәселені нақтылап, анықтамаған. Аудан әкімінің айтуынша, жобалаушы компания басшылары бірнеше рет шақырса да келмеген.
Екіншіден, Каспий теңізінің құяр жеріндегі су арнасын тереңдету кезінде одан шығаратын топырақты тасымалдау мәселесі де түсініксіз. Егер бұл топырақты сол судың арнасынан 300 метр қашықтыққа төгіп жинайтын болса, оның ешқандай пайдасы болмайды. Себебі, су келген жағдайда арнасына қайта толады. Ал, бұл мәселені шешуде көршілес Ресей Федерациясы тиімді тәсілді қолданып отыр. Айталық, Астрахан облысында су түбінен алынған топырақ арнайы баржаларға тиеліп, олар өзеннен тыс, алыс жерге апарып жиналады. Бізде ол да нақтыланбаған.
– Анықталған кемшіліктер «жабулы қазан» күйінде қалмау үшін не істеу керек?
– Осы жұмысты іске асыру кезінде конкурстың жеңімпазы болып «Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамы анықталған. Аталған компанияның арнайы техникалары жеткіліксіз. Екі өзеннің арнасын тереңдетуге арналған қазіргі заман талабына сай келетін қуатты техникалары жоқ. Осы кезге дейін теңіз жағынан қазуға дейінгі жұмыстар басталмаған. Ал, Шортанбай ауылының тұсындағы жұмыс істеп тұрған техниканың суды тереңдетіп қазуға қуаты жетпейді, әлсіз. Компания осы жұмыста мол тәжірибесі бар, бұрын өзен түбін тереңдетіп қазуға арналған мамандандырылған кәсіпорынның қызметкерлерін жұмысқа алмай отыр. Мұндай мамандар Құрманғазы ауданында, облыс орталығында да бар.
Сала ардагерлерінің айтуынша, мұндағы тереңдету қондырғысы судың жұмсақ топырағын және балдырды соруға ғана арналған. Оның су түбінің қатты қабатын сорып, қазып алатындай мүмкіндігі жоқ. Бұл мәселемен комитет төрағасы, аудан басшылары жете танысты.
Менің ойымша, күрмеулі проблеманы жіті бақылауға алып, араласпасақ, алдағы елу жылда бұл жұмыстарға қайталап қаржы бөлінбейді. Сондықтан коғам тарапынан белсендiлiк керек. Облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық қоғамдық кеңестер, партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары, тұрғындар мердiгер және техникалық қадағалау компанияларының қызметiн қоғамдық бақылауға алғаны дұрыс. Ауыл, аудан әкiмдерi де жiтi қадағалап, назарынан түсiрмегенi жөн. Әрине, негiзгi жауапкершiлiк тапсырыс берушi облыстық әкiмдiктiң тиiстi басқармасында. Бұл жайт аймақ басшылығына да жетті. Енді ҚР Бас Прокурорына депутаттық сұрау жолдау арқылы осы жобаға қатысты жұмыстарға жан-жақты толық тексеру өткізу қажет деген ойдамын.
– Балықшыларды мазалайтын тағы бір мәселе бар. Ол – осы салаға мемлекеттік қолдау. Мұны қалай реттеуге болады?
– Айтуыңыз орынды. Балық шаруашылығын дамыту үшін осы салада қызмет ететін кәсіпорын, кооперативтердің ерекшелігін ескере отырып, экологиялық, қаржылық, салықтық саясат қалыптастыру керек. Мен биыл Ресей Федерациясының Астрахан қаласында ресми іссапарда болдым. Мақсатым – трансшекаралық Қиғаш өзені мен Каспий теңізінен балық аулауда екі мемлекетте қалыптасқан жағдаймен танысу. Бұл іссапарға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің, балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының қызметкерлерін, балық кооперативтерінің басшыларын бірге алып бардым. Оған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қатысты. Ресей жағынан облыс губернаторының орынбасары, ғылыми институттың мамандары және балық шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары мен қоғамдық ұйым жетекшілері болды.
Байқағанымдай, айырмашылық бар және ол Ресей балықшылары үшін өте тиімді екен. Ресейде балық алуға лимитті 15 жылға береді, қазіргі кезде мұны 25 жылға дейін ұзартады деген әңгіме бар. Ал, ұзақ мерзімге алғаннан кейін кәсіпкер оған инвестиция салады, өндірісті дамытуға мүмкіндік алады. Бізде қалай? Қазақстанда лимит жыл сайын беріледі. Биыл алған кооператив келесі жылы оны ала ма, алмай ма –оны тағы білмейді. Сөйтіп, ол үнемі күдік пен күмәнда жүреді. Нақты болжамын білмейтін қай кәсіпкер оған қомақты қаржы салады?
Тағы бір мысал айта кетейін. Біздің балықшылар жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін бір келі балыққа 38 теңге, ал, көрші елде дәл осындай өнім түріне теңгемен шаққанның өзінде 80 тиын төлейді. Демек, Қазақстанда 38 есе көп. Біздің балықшылар алған лимитке байланысты төлейтін төлемдерін 100 пайыз алдын ала төлейді. Ресейде оның тек қана 10 пайызын төлеп, қалған 90 пайызын жыл бойы өтеп шығады екен. Ресейліктер мұны ауланған балықтан пайда түсу үшін кем дегенде үш ай уақыт керек деп түсіндірді. Яғни, оларда экономикалық тұрғыдан тиімді жағдай туғызылған.
Салыстырмалы түрде айтсақ, ресейлік балықшылардың жағдайы, материалдық-техникалық ахуалы жақсы. Соған қарамастан, біз Каспийден, Қиғаштан бірдей ауланатын балыққа әртүрлі талап қойып отырмыз. Бұл өз кезегінде бизнестің дамуына да кері әсерін тигізетіні сөзсіз.
– Кооперативтерге бөлінетін лимит мерзімі де біраз дау болғаны жадымызда…
– Иә, бұл да – балықшылар үшін маңызды мәселенің бірі. Балық аулау лимитін бұрын Үкімет бекітетін, қазір бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырында. Лимит жыл сайын ақпанның 15-інен келесі жылғы ақпан айының 15-іне дейін бекітіледі. Лимит туралы қаулы қаңтар айынан кешікпей шығуы тиіс. Бірақ, тиісті министрліктердің өзара келісу, ішкі процестердің ұзақ жүруінің салдарынан қаулы уақытында шықпайды. Тіпті кей жылдары ол сәуір айында шыққан кездері болды. Осыдан балықшылар балық аулауға екі айға жуық кеш шығады, нәтижесінде табыстан айырылады, лимит орындалмайды. Сондықтан, мен лимит мерзімін 1 шілдеден келесі жылдың 1 шілдесіне дейінгі аралыққа ауыстыру қажет деген ұсыныс жасадым. Бұл комитет және ғылыми зерттеу институты тарапынан қолдауға ие болып отыр, қаралуда. Себебі, балық аулайтын мерзімге қаулы шықпай, балықшылар теңізге шыға алмайды. Дұрысында, мұз түскен кезден бастап айдынға шығып кету керек. Астраханда лимит 15 жылға берілгеннен кейін ресейлік балықшылар мұз түскен кезден балық аулауға шығып кетеді.
– Мемлекет басшысы ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылтып, отандық өндіріске ден қоятын кез жеткенін үнемі айтып келеді емес пе?
– Біздің мақсатымыз да – осы. Болашақта өңделмеген шикі балық өнімдерін шетелге шығаруға тыйым салуымыз керек. Қазақстанда ауланған балық осында өңделуі тиіс. Бұл дегеніңіз – қосымша жұмыс көзі, табыс. Өңдеуші өнеркәсіпте қызметкерлердің білім деңгейін көтеру қажеттігі туындайды. Бізге білікті технологтар керек. Сөйтіп, өндіріс мәдениеті қалыптасады. Демек, экономикалық ахуал жақсара түседі. Балық аулайтын кооперативтер белсенді қызмет етуі қажет.
– Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басшылығы көрген-білгенінен қандай пікірде болды деп ойлайсыз?
– Жалпы, мен орталық мемлекеттік органдардың басшыларын алып келіп, мән-жаймен таныстырып, тиісті санаттағы топпен кездестіріп, нақты шешім алу бағытында жұмыстанған дұрыс деп санаймын. Осындай әдісті тәжірибемде жиі қолданамын. Бұл іссапар кезінде де комитет басшысы өз көзімен көріп, танысқанына риза болды. Көп нәрсені түсінгенін және қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешуге жұмыстанатынын айтты. Соның ішінде облыстық және аудандық инспекцияның материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында арнайы су қайықтары берілетін болды.
Сонымен бірге, облыстық әкімдіктің, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жан-жақты, жүйелі жұмысын ерекше атап өткім келеді. Біраз жұмыстар атқарылды, нәтиже де бар. Сенат депутаты – өзі сайланған өңірдің орталықтағы өкілі ретінде біз алдағы уақытта да бірлесіп, осы саланың алға басуына күш-жігерімізді жұмсаймыз деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Айбөпе Сабырова