СҰЛУ СӨЗ, ОЙЛЫ ОБРАЗ
(Зейнолла Қабдоловтың көркем кестеленген күнделіктері мен жазбалары туралы)
Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың әдеби-ғылыми мұрасы зерттеушілер назарынан ешқашан тыс қалған емес. Оқырман қауым ыстық ықыласпен қабылдаған бұл шығармалар бүгінде бағалы рухани құндылығымызға айналды. Жазған-сызғанына асқан талғампаздықпен қарайтын қарымды қаламгердің туындылары көркемдік кестесімен, өзгеше өрнегімен ерекшеленеді. Оның романдары мен әдебиеттану саласындағы ғылыми еңбектері, аудармалары мен сын-мақалалары, эсселері мен көсемсөздік толғамдары әлдеқашан жұртшылықтан лайықты бағасын алды.
Осынау дүниелердің бәрі Зейнолла Қабдоловтың жеке бай мұрағатында жинақталған материалдардың негізінде жазылғанын айтуға тиіспіз. Жеке мұрағатта жарыққа шыққан шығармалардың қолжазбалары, академик-жазушының естелік-толғаныстары, басталып, бітпей қалған мақалалары, күнделіктерінің үзінділері мен шағын жазбалары, хаттары мен отбасылық суреттері сақталған. Жазушының зайыбы Сәуле Қабдолованың соңғы жылдарда жазған күнделігінің қолжазбасы да осы қастерлі құндылықтардың қатарында тұр. Бұлардың бәрі асқан ұқыптылықпен сұрыпталып, белгілі бір жүйе бойынша рет-ретімен қатталып қойылған.
Академик өмірден өткеннен кейін оның жеке мұрағатындағы қолжазбалардың біразы Сәуле Қабдолованың рұқсатымен жарық көрді. Атап айтқанда, қаламгердің «Менің Әуезовім» атты роман-эссесінің екінші бөлімі, аяқталмай қалған «Махамбет» романы, Сергей Михалковтың «Қаламмен жазылғанды…» пьесасының және Назым Хикметтің «Қылша мойын талша» («Дамокл семсері») пьесасының аудармалары, бірқатар күнделіктері басылып шықты. Сонымен қатар, Сәуле Қабдолованың академик-жазушы өмірінің соңғы жылдарын қамтитын күнделігі де жарияланды. Мұның бәрі З.Қабдоловтың жеке мұрағатындағы құндылықтардың жалпы жұртшылықтың игілігіне айналуына кеңінен жол ашты. Алайда, жазушының жеке мұрағатында басылым бетін көрмеген қолжазбалар әлі де баршылық.
Қаламгердің көзі тірісінде бұл жазбаларын басып шығаруға асықпағанын шығармаларына сын көзбен және ерекше талғампаздықпен қарағандығымен түсіндіруге болар. Ал, кейбір туындылары аяқталып үлгермеуіне байланысты баспаға ұсынылмады. Бітпей қалған романдарының қолға тиген нұсқалары сөз зергерінің шынайы шеберлігін, қайталанбас қолтаңбасын танытады. Өйткені, әдебиеттанушы А.Шәріп айтқандай, «З.Қабдоловтың осы жинақта («Дана дидар», Б.О.) оқырманға ұсынылып отырған «Менің Әуезовім» атты роман-эссесінің екінші кітабы мен «Махамбет» романының да соңғы нүктелері қойылмаған, яки әлгі туындылармен (өзге танымал қаламгерлердің аяқталмай қалған шығармалары, Б.О.) тағдырлас, бірақ, бұл жерде де жазушының жазушылығы, тағы да Абайға жүгінсек, «істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес».
Біз бұл мақалада Зейнолла Қабдоловтың бірқатар күнделіктері мен жекелеген жазбаларына талдау жасағанды жөн көрдік. Бірден басын ашып алайық, жазушы Қабдолов – күнделік жазуды тұрақты дағдыға айналдырған адам емес. Тіпті, белгілі бір жылдардағы жазбаларының үзінділері ғана сақталған деуге болады. Бірақ, соның өзінен Қабдоловтың ешкімге ұқсамайтын жазу мәнері, сөз саптау үлгісі анық көрінеді. Мәселен, ол 1958 жылы Мәскеу, Харьков, Ялта, Евпаторияға сапары кезіндегі әсерлерін қағаз бетіне түсірген. Сапарға дейінгі немесе одан келгеннен кейінгі жазбалары ұшыраса қоймады. Соған қарағанда қаламгерді белгілі бір кезеңдегі сәулелі сәттер ғана жігерлендіретін болуы керек.
Бұл жолжазба-күнделік жазушының зайыбы екеуі жолға жиналып жатқан кезінен басталады. З.Қабдоловтың қаламынан туған жолдардың деректік сипаты көп нәрсені айқындап алуға мүмкіндік береді. Әдебиеттанудың бүгінгі белгілі тұлғаларының жас шағына қатысты мәліметтер мол ұсынылған. «Бізді шығарып салуға Хамаң, Жұмағали, Жұбан, Серік келді. Әбдіжәміл келмек еді, неге екені белгісіз, кешігіп жатыр. Сірә, ұйықтаңқырап қалған болса керек», — деп байырғы үзеңгілес серіктері мен жолдас-жораларының есімдерін үнемі атап отырады.
Жалпы, көпшілік күнделікті белгілі бір оқиғаларды есте ұстап, кейін қайта жаңғырту үшін жазады. Сондай-ақ, екінің бірі, мейлі ол қаламгер болсын, басқа болсын, мұндай жазбаларын көркем тілмен кестелей бермейді. Себебі, әрі қысқа, әрі нұсқа жазылатын күнделікте көбінесе орамды ойдан гөрі дәйекті дерек маңыздырақ. Әрине, күнделік жазуды тұрақты дағдыға айналдырып, бес намаз секілді ешқашан қаза қылмаған әйгілі қаламгерлер Әзілхан Нұршайықов пен Мұзафар Әлімбаев тәжірибесінің жөні бөлек. Олар қатарынан екі күнделік – тұрмыстық және әдеби күнделік жүргізген. Бұл жазушылардың әдеби күнделіктерінде ойдың өрнектілігі, сөздің көрнектілігі байқалып тұрады.
Ал, Зейнолла Қабдолов өзінің осы анда-санда, айлап-жылдап, тіпті он жылдап дамылдап алып, қолына ұстайтын күнделіктерінде сұлу сөзбен сурет салып, ойлы образ жасайды. «Біз үстел басындамыз. Менің көршім Константин шал – әдетте жым-жырт қана мүлгіп жүретін тымық адам. Ал, енді бұл шалды ішіп алғанда көрсеңіз!.. Мезі қылады. Қазір де, міне, бар арақтың тең жартысын бір өзі ішіп, қай-қайдағы тарихты қопсытып, бір өзі ғана сөйлеп отыр. Ащы-тұщыны көп көрген адам ғой, өзінде бірқыдыру өмірбаян бар, өзіндік шалажансар философиясы да бар, онысын жұрттың бәріне өнеге, ақыл ретінде ұсынады» деп үйіне қоңсы қонған қарапайым кісінің кескін-келбетін кейіптейді, мінез-мәнерін бедерлейді.
Бұл – бар болғаны жолжазба деп таппаған, тіпті жекелей бөліп алып, көркем шығармаларына деталь ретінде де пайдаланбаған. Сөйтіп, көркемдіктің көзмоншақтары күнделіктің арасында қалып қойған. Қабдоловты әрі қарай оқып көрелік: «Сіз оны қабылдайсыз ба, жоқ па, ол Константин шалға бұйым емес, аузында қалған бес-алты сарғыш тісін жіңішке сарғыш сыммен шандып, ернінің әр жерінен сойдита көрсетіп, қояды да, әжім арасында алдақашан жасырынып қалған (бояуы оңған) көзін шөлмектей жылтыратып ап, балпылдайды да отырады».
Зекеңнің шеберлігі мұнымен шектелмейді. Көршісі Константиннің бет-әлпетін әдіптеп болған соң, енді оның портретіне іс-қимыл дарытады. Жазушы өмірде бар адамның бейнесін шынайы танытқаны соншалық, мұның өзі ойдан шығарылып, қиыннан қиыстырылған көркем образ тәрізді әсер қалдырады. Бірақ, бұл – қаламгердің көкірек көрігінен шыққан бедерлі бейне емес, жолға жүргелі отырған жас әдебиетшіні шығарып салуға келіп, жүз грамға алданып, стол басында үйелеп қалған жай ғана көрші шал. Әрі қарай күнделік иесі Константиннің берекесіз болмысын былайша қалыптайды:
– Константин Михайлович, ішелік! — деймін.
Ол аузына рюмкасын «таким» деп құйып, «образом» деп жұтады да, одан әрі тағы да сөзін жалғай береді.
– Константин Михайлович, ет жеңіз! — деймін.
Ол аузын сықап алады да, сол қалпымен еттің де мылжа-мылжасын шығарады, сенің де діңкеңді құртады».
Бір қарағанда, мұны көркем шығарма үлгісімен жазылған жолжазба деп топшылауға да болар еді. Алайда, түгел оқып шыққан соң өзгеше қорытындыға келесің. Қарапайым сөздерден аяқ алып жүре алмайтын кәдуілгі күнделік. Кейбір ұзыннан-шұбақ сөйлемдер қысқартыла салған. Мәселен, Зекеңнің «Қызыл алаңдағы соборға кірдік. Ортағасырға кіргендей болдық (Храм. Вас. Блаж.)» деп қысқа қайыруы, «Литфондының тігін мастерскойына барып, Сәулеге пальто, маған костюм тіктірмек болдық» деп тіршіліктің түйткілдерін тізбелеуі, ара-тұра орысша тіркестердің араласуы бұл дүниенің кейін редакцияланбағанын, автордың оны басып шығаруға ниет танытпағанын айғақтайды. Әйтсе де, күнделіктің кез келген тұсында «Сәуле екеуіміз Ленин-Сталин мавзолейіне кірдік. Қос арыс қатар жатыр» немесе «Біз Кремль қабырғасын жағаладық. Жүріп келеміз. Сәуле бұра-бұра ГУМ-ге әкелді» деген секілді қарапайым нәрсенің өзінен көркемдік көретін Қабдоловқа ғана тән, кейде ой салатын, кейде езу тартқызатын түрленген тіркестер ұшырасып қалады.
2010 жылы Зейнолла Қабдоловтың жеке мұрағатынан блокнотқа жазылған тағы бір күнделік табылды. Бұл да – сол 1958 жылдың жазбасы. Қысқа жазбалар осы жылдың сәуір айын ғана қамтиды. Ал, жазушы Евпатория сапарына маусым айында аттанған болатын. Күнделік жазылған тұста З.Қабдолов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет секторының меңгерушісі болып қызмет істепті. Көкшіл сиямен, маржандай жазумен түзілген жазбалар өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғындағы қоғамдық және әдеби өмірдің тынысын танытады. Сол тұстағы қаламгерлер ортасындағы ахуал туралы мәлімет береді. Сонымен қатар, отыз бір жастағы қаламгердің албырт сезімін, жүрек лүпілін де байқатады.
Күнделік иесі 1958 жылы 13 сәуірде Солтүстік Қазақстаннан келе жатқан мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровты күтіп алғалы тұрған сәтін былайша бедерлейді: «Ұяттың да неше түрі бар-ау!.. Қызылжардан келетін пойызды күттік. Ілекең келуші еді. Ілекеңді шексіз сағынып жүрдім. Кейде жалғыз отырып ойлаймын, жүрегім елжіреп кетеді. Ұлы адам ғой! Бүгінгі Шоқан сол кісі. Осындай бір он қазақ болып, оны да өз орындарында жүрсе, халық ұлылығын танытар еді, өмір рахатқа айналар еді. Бұл – біреу. Мұның өзі де орнында емес. Аяйсың!..».
Қай кезде де жақсының жақсылығын асырып, жаманның жамандығын жасырып, тіршіліктің көлеңкесінен гөрі күнгейін көруге бейімделген Зейнолла Қабдолов бұл күнделігінде адамдардың жан дүниесінен үнемі шуақ іздейді. Жылт еткен жаңалыққа қуанады, сол сезімін білдіруге асығады, шын ниетімен тілектес болады. Оның жазбаларынан біреуді тілдеген, жерден алып, жерге салған адамның көңіл-күйін көре алмайсың. Себебі, Қабдолов – өмірде де, өнерде де артық сөзге ерік бермеген қаламгер. Көңілі қалған кісілерге кейістік білдіргеннің өзінде белгілі бір мәдениеттің аясында ойын жұқалап жеткізеді. Бұл күнделікте де оның қалам ұстаған әріптестеріне құрметі («Әзілханның Павлодардан арнайы келуі – адамдық. Бұл болашақ геройдың (ұнамды кейіпкердің) сан иірім жақсы мінездерінің бір қыры болуға тұрады»), ұлттық өнердің тұғырлы тұлғаларына көзқарасы («Кеше түнде «Ақан сері–Ақтоқтының» премьерасын көрдім. Қуанышбаев, Қожамқұлов – бұлар ұлы таланттар, табиғаттың кесек бітімді туындылары. Мылқау мен Қоңқай – қайталанбайтын, анау екі адамның орындауында ғажап шыққан образдар»), қолы қалт еткенде оқыған-тоқығанынан алған әсері («Юрий Нагибиннің «В апрельском лесу» деген әңгімесін («Лит. газета», №34. 29.ІV.58) оқыдым. Лиризмі ұнады. Сыршыл автор») көрініс тапқан.
Сонымен қатар, бұл жазбаларда Зейнолла Қабдоловқа тән шеберлік пен тапқырлықтың мысалдары мол қамтылған. Автор кейде оқшаулау мінезімен ерекшеленіп тұрған кейіпкерлерін зілсіз әзілмен, жеңіл юмормен қағытып өтеді. Тіршіліктің тынысын танытатын жай ғана жазбалардың өзінен ден қоярлық детальдарға, сезімді қозғайтын сюжеттерге, ой салатын образдарға өріс ашады. Мәселен, «Бір жолдас телеграфта ұзақ сенделді. Қайын атасын көктем мерекесімен құттықтамақ екен, фамилиясын ұмытып қалыпты. Әйелінен сұрамақ боп, автомат-телефонға төніп-төніп барады да, кілт тоқтайды: қорқады», — деп қарапайым көріністі көркем кестелеп көрсетеді.
Бұл күнделіктен Зейнолла Қабдоловтың еңселі кеңсенің темірдей тәртіптерін өз табиғатына үйлестіре алмай, еркін шығармашылықты аңсап жүргенін де аңғарамыз. Ол өз дәуіріндегі шенеуніктердің бірқатарына нақты сипаттама береді, қайсысы ұнамды, қайсысы ұнамсыз екенін бірауыз сөзбен-ақ бейнелеп ұқтырады. Зекеңнің жалғыз сөйлемі оқырманның пікір қалыптастыруына жарап жатыр. Қаламгердің осы қызметте көрген-білгені, ойға түйгені «Карьеризмнен құр адам мыңның бірі болар-ау. Карьеризм – жалтыр мұз. Ебі бар адамды біраз жерге зырғытуы мүмкін. Ал, ебі аздың шатын айырады» деген тұжырымның төңірегінде тоғысады.
Жазушының тағы бір шағын күнделігіне де назар аударған жөн. Мұнда сипатталған оқиғалардың ретіне қарап, шамамен 1957-58 жылдарда жазылған деп топшылауға болады. Бұл жазбаларда тіршіліктің түйткілдері, тұрмыстың кейбір сәттері, көңіл-күйдің әсерлері бейнеленген. Кейбір тұстары күнделіктен гөрі ойға келіп қалған сөзді дереу түртіп қоятын қойын дәптерге көбірек ұқсайды. Мәселен. «11.V. Леонид, Зұлқарнай, Қада, Хамит т.б. ГЭС-те болдық» немесе «20.V. Кеш. Қабылдау. А.Сурков. Тост. Ғ.Мүсірепов. Тост» – деген жолдар әлдебір ойдың жүлгесін еске түсіру үшін ғана қажет болған тәрізді. Шағын блокноттың 26 парақшасына толтырылған күнделікте ой толғамдар да, көркем кейіптелген портреттер де, замандастары туралы пікірлер де, оқшау тұжырымдар да жеткілікті. Мұнда да «Жігер деген кісі бар. Бір қарағанда жақсы адам, мәдениетті кісі: «Сіз»-бен сызыла береді. Бірақ, осы кісінің көптен-көп «Сізі» Жігерден гөрі «Жігерсіз» деген мағынаға бара береді», — деген сияқты елең еткізетін сөйлемдер сәт сайын кездеседі.
З.Қабдоловтың жеке мұрағатында оның хаттары мен жазбалары да баршылық. Соның ішінде көркем сөзбен өрілген эссе түріндегі «Сәулеме хаттың» жөні бөлек. Бұл хат оның аяулы жары Сәуле Қабдоловаға арналған. Хатта олардың өнегелі ғұмыры, бір-біріне деген іңкәр сезімі шынайылықпен суреттеледі. Жазушы осы дүниесі арқылы эпистолярлық жанрда шебер шығарма жазудың үздік үлгісін көрсетті. Қаламгердің көзі тірісінде баспа бетін көрмеген «Сәулеме хат» жазушы Мереке Құлкеновтің ұсынуымен «Жас алаш» газеті мен «Таң-Шолпан» журналында жарық көрді.
Жеке мұрағаттағы назар аударарлық тағы бір жәдігер – Зейнолла Қабдоловтың қазақтың белгілі ақыны Фариза Оңғарсыноваға жазған жаңа жылмен құттықтау хаты. Хаттың мазмұнынан жазушының сол мезгілде туған ағасынан айырылған ақын қызға екі жылдың тоғысында игі тілек айтып, жылы лебізімен демеуді ниет еткені аңғарылады. Елу екі жастағы Зекең қырық жастағы Фаризаға ақ пейілін ақтарып, көркемсөзбен кестеленген құттықтау жолдайды. Бірнеше рет өңделіп-жөнделіп, қайта-қайта шимайланып, талғампаз жазушының тиянақты редакциясынан өткен шағын құттықтаудың мәтініне көңіл аударайық. «Қарағым Фариза! «Күлкі-жасы аралас, Ақын да бір жас бала», — деп Қасым ақын айтқандай, міне, қайғы-қуанышы аралас 79-жылың да өтіп барады. Бұл жыл – сенің отбасыңда ер Ағадан айырылып, жалғыз маралдай маңыраған жылың ғана емес, түзде өлең өлкесіндегі ел-Анамен жаңа сапада танысып, жамыраған да жылың болды. Задында, ақын – парасат дүниесінің ақ періштесі. Мына келген 80 жылың сенің сол әдемілік әлеміндегі, тұнық аспандай биік, тымық теңіздей терең жылың болғай. Парлай бер де, самғай бер, ақ қанатты ақын қарындасым, асылым, аяулым! Ағаң Зейнолла Қабдолов. 28.12.79».
Желтоқсан айында өмірге келген қадірлі қаламгерлердің жарасымды сыйластығы осы құттықтаудан айқын аңғарылады. Бұдан Зейнолла Қабдоловтың төрт-бес сөйлемнен құралған қарапайым дүниенің өзін асқан жауапкершілікпен жазып шығатынын байқаймыз. Осы бір тұтам жазбаның ішінде Зекеңнің түрленген тіркестерімен бірге «Ақын – парасат дүниесінің ақ қанат періштесі» деген қанатты сөзі қатар тұр.
Сонымен, Зейнолла Қабдоловтың жеке мұрағатындағы күнделіктер мен жазбалар несімен ерекшеленеді?
Біріншіден, бұлар – бірқатары аяқталмай қалғаны болмаса, жазушының сұрыптауынан өткен, негізінен мейлінше редакцияланған, бас-аяғы бүтін дүниелер. Екіншіден, қолжазбаларда қаламгер ғұмырнамасының түрлі мезеттері, оның өмір сүрген дәуірінің шындығы көрініс тапқан. Үшіншіден, осының бәрі академик-жазушының ішкі әлемінің тазалығын, мінез байлығын көрсетеді. Төртіншіден, мұны Зекеңнің шығармашылық лабораториясы жөнінде мәлімет беретін құнды жәдігерліктер ретінде қарастырған жөн. Бесіншіден, бұл жазбалардан жазушының тың теңеулері мен сәтті тіркестерін, оралымды ойлары мен қанатты сөздерін көптеп табуға болады.
Ендеше, жазушының сан алуан жазбалары мен күнделіктерін баға жетпес мұрасының құрамдас бөлігі ретінде зерттеу нысанасына айналдыра берген жөн.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор