Құрылыстың қалай жүріп жатқанын «онлайн» көруге болады
Келесі жылы бірыңғай цифрлық порталды өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы ведомство басшысы Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір қағаз құжаттар электронды нұсқаға ауыстырылып жатыр. Бұл құрылыстағы кәсіпкерлік үрдістердің ашықтығын қамтамасыз етеді.
– Министрлік «Бірыңғай цифрлық портал» құрды. Оның ақпараттық жүйесі пилоттық режимде Астанадағы нысандарда сынақтан өтуде. Құрылыс процесінің негізгі қатысушылары – мердігер ұйым, техникалық қадағалау және авторлық қадағалау. Олар электронды сандық қолтаңбаның көмегімен осы порталға рұқсат алып, өздеріне берілген құзырет аясында қызметтерді іске асыра алады.
Тағы бір артықшылық – барлық мүдделі мемлекеттік органдардың жүйесіне қосылу мүмкіндігі. Портал котлованнан құрылыстың аяқталуына дейінгі барлық кезеңін қамтиды. Жасырын жұмыстар тек қана актілермен аяқталмай, фото және бейнедеректер түрінде сақталады. Сондай-ақ, портал отандық құрылыс материалдарының қолданылуын қадағалауға мүмкіндік береді, — деді министр.
Бұдан бөлек, ол құрылыс нысанын бейнетрансляция арқылы бақылауға болатынын да атап өтті. Сондай-ақ, әрбір қатысушыға электронды түрде сапа, орындалған жұмыстардың сәйкестігі туралы қорытындыға, тиісті декларацияға қол қою мүмкіндігі беріледі. Одан кейін тапсырыс беруші нысанды қабылдау актісіне қол қойып, оны тіркеу үшін мемлекеттік корпорацияға жолдайды.
Амандық АБДОЛ.