АҚ халат пен ҚАРА дақ

dsc00089 Жаңалықтар

Atr.kz/18 қазан, 2019 жыл. «Сәби өлімі – біз үшін трагедия». Алдыңғы аптада Атырауда орын алған жантүршігерлік оқиғаға орай облыс әкімі осылай деді. Расында да, тар құрсақты кеңітіп, айлар бойы жаны мен тәні қалыптасқан сәбиді ресми құжатқа бола, тірілей тоңазытқышқа салу. Трагедия!

Бас ауырып, балтыр сыздаса, ақ халаттыларға жүгінеміз. Дертімізге дауа тауып, айықсақ, дәрігерге алғыс жаудырамыз. Ал, мына жағдайдан соң… Ақ халаттыларға қара дақ жағылды. Тұтастай. Талай өлімге араша тұрған абзал жандарға деген күдігіміз көбейді. «Олар сондай» деген сөздерді санамыз бейсаналы түрде сіңіруге бейімделді. Өкінішті.

Өмір заңдылығы. Бұл оқиғадан кейін де талай сәби дүние есігін ашты. Аша да бермек. Дәрігерлер көмегімен. Бірақ, осынау оқиға тұтастай қоғамның бүгінгі қорқынышты бейнесін көрсетті. Қорықпай көріңіз. Дәрігер енгізіп қойған мәліметін кері өзгертуге
қауқарлы болса да, оның арты біраз сарсаңға саларын түсініп, сәбиді «өлтіре салуға» бекінді. Қағазбастылық, жалған мәлімет жарға жықты ма дерсің.

«Бәлкім, бұл бірінші рет те емес шығар». «Сәбиіңіз өлі туылды» деген ауыр үкімді естіген әр ананың жүрегін осы ой осқылады. Қорқынышты. Соңғы екі айда шетінеген 43 сәби ағзасындағы ақау, анасының жүктілік кезіндегі ауруы себеп болып, дүние есігін аша алмаған шығар. Бірақ… «Бәлкім менің балам тірі болуы да мүмкін-ау» деген күдік көп жанның көңілін күпті қылды.

Айыптап, ақ-қара туралы әңгіме қозғаудан аулақпыз. Сот шешімін шығарар. Десек те, біз білетін дәрігер ажалдан арашалаушы емес пе еді?..

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз