ҚҰРЫЛЫСШЫ ҚАУМЫНА ҚҰРМЕТ
— Осынау аса құрметті де абыройлы мамандықты меңгерген сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз бен шығармашылық ізденістеріңіздің, заман талабына сай бейімделе білулеріңіздің, қандай қиын әрі жауапты істі де адал атқаруға деген талпыныстарыңыздың, қалтқысыз қызметтеріңіздің арқасында шаһарларымыз сәулеттеніп, ауыл-селоларымыз ажарланып, келбеттенді. Аймағымыз архитектуралық тұрғыдан адам танымастай өзгерді. Заманауи үлгідегі зәулім ғимараттар мен уақыт талабына сай нысандар салынды, көпқабатты үйлер бой көтерді, инфрақұрылым жаңарды. Жаңа зауыттар салынып, жаңаша өнім шығаратын кәсіпорындардың қатары көбейді. Соның ішінде білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет саласы мекемелерінің жаңадан тұрғызылуына, ескіргендерінің жаңғыртылуына, материалдық-техникалық базасының нығайтылуына көбірек көңіл бөлінуде. Елбасының өзі бастамашысы болған «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасының жоспарлы жүзеге асырылуына назар аударылуда. Осының барлығын да сіздер мен біздер бірлесіп атқардық, оң нәтижелерге қол жеткіздік. Алдағы уақытта да солай жалғаса беретіндігіне нық сенімдімін,-деп сабақтады құттықтау сөзін аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы.
Қалыптасқан дәстүр бойынша кәсіби мереке иелерін марапаттау рәсіміне кезек берілді. «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен мыналар марапатталды: сала ардагері Ғаббас Хисметуллин, «БатысАльянсСтрой» ЖШС директорының орынбасары Гүлжан Танабаева, Атырау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің бөлім басшысы Мұратқали Сарбалин, департаменттің бас маманы Мейрамбай Төремұратов. Оған жалғаса «Қазақстанның Құрметті сәулетшісі» төсбелгісі «KPJV» компаниясының нормативтік-құқықтық бөлімінің жетекшісі Аманқұл Оразғалиевке тапсырылды.
Бұдан соң кәсіби мереке иелерінің бір тобы ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды. Олардың қатарында «Жалынды Құрылыс» ЖШС атқарушы директоры Тұрар Әбішев, «БатысАльянсСтрой» ЖШС-нің бөлімше басшысы Жалғас Әпенов, «НКПОК» компаниясының бас сәулетшісі Талғат Қасенов, Құрманғазы аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің меңгерушісі Талғат Жаудин, «Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг енд Прокьюрмент С.А.Л. Офшор» (ССС) компаниясының экскаватор операторы Марат Кадисов, «ЭкспрессГлобалСтрой» ЖШС-нің құрылыс шебері Қашаған Аширов сынды мамандығы мақтанышына айналған майталмандар мен өндіріс озаттарының есімдері аталды.
Бұдан кейін Атырау облысы әкімінің Алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Мұндай құрметті «АтырауКапСтрой» ЖШС-нің директоры Айгүл Кенжеғалиева, «Элмо» АҚ Атырау монтаждау басқармасының база басшысы Ильяс Зайнуллин, «БКА-Групп» ЖШС-нің сапа және жұмысты қабылдау инженері Асқар Өтемұратов, «Экспресс- ГлобалСтрой» кәсіпорнының ағаш шебері Азамат Огымбаев, Махамбет аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Нұғыман Пернебеков, «АтырауинжСтрой» ЖШС-нің учаске бастығы Федор Руденко және осы мекеменің бас инженері Үсен Байдүйсенов, «АТГ Құрылыс» ЖШС-нің директоры Ерсайын Бекешов иеленді.
Бұл марапаттардың бәрін де иелеріне аймақ басшысы Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ салтанатты жағдайда табыстап, ізгі ниет, игі тілекке толы жылы лебізін жолдады. Марапатталғандардың атынан Федор Руденко облыс әкіміне және салалық құрылымдардың басшыларына алғысын, барша әріптестеріне мерекелік құттықтауын арнады.
Бұдан бөлек, құрылысшылардың мерейін үстеп, мәртебесін асқақтатқан мереке иелерінің және бір тобына облыстық мәслихаттың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіподақ федерациясының және Құрылысшылар кәсіподағы Орталық комитетінің Құрмет грамоталары табыс етілді.
Салтанатты жиынға қатысушылар алдында облыстық мәслихаттың хатшысы Сағындық Лұқпанов пен Құрылыс және құрылыс материалдары өнеркәсібі жұмыскерлері кәсіподағы атқару комитетінің төрағасы Есет Өтеулиев сөз алып, марапаттарды иелеріне табыстады.
Шараның соңы мерекелік концертке ұласты.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.