Ұрпағымыз ұлттық ойынмен өссе…
Ұрпақ тәрбиесі – адамзат баласының асыл мұрасы. «Үшінші мыңжылдықта жастарымыз қандай болу керек?» деген сауал әрбір саналы адамды ойландырып, толғандыратыны сөзсіз. Елбасы Н.Назарбаев халқымыздың алдына ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген жан-жақты мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеу керектігін меңзеп, маңызды міндет жүктеп отыр. Оған қоса, Мемлекет басшысының қазақстандықтарға арнаған дәстүрлі Жолдауларында да осы мәселеге мән беріліп, басымдықтардың қатарында аталуы негізсіз болмаса керек.
Ұлт Көшбасшысының көрегендікпен нұсқаған осы бағытын ұстанған ұстаздар қауымы да шәкірттерінің дені сау, білімді әрі шымыр, қоғамның саламатты да толыққанды мүшесі болып қалыптасуы үшін аянбай еңбектенуде. Осылайша, басқаларымен қатар дене тәрбиесі пәнін жүргізу тәжірибесінде бағдарламалық жаттығулардан бөлек, ғасырлар бойына сомдалып, сыннан өткен халықтық ойындар мен ұлттық спорт түрлерін қолдануды дәстүрге айналдырып келеді. Еуропа мен Азияның ортасындағы ұлан-ғайыр жерді жайлаған халқымыздың басынан небір замандар өткені мәлім ғой. Сондықтан, жүздеген жылдарға созылған тарихы бар ел-жұртымыздың тұрмыс-тіршілігі де өзін қоршаған табиғатпен ұдайы байланыста болған. Ұлы даланың ұрпақтары атанған ата-бабаларымыз өмірде кездесетін кез келген қиындықтан қаймықпау үшін баланы жастайынан күрестіріп, ерлікке, батылдыққа, шапшаң қимыл мен ширақтыққа баулып өсірген. Төрт-бес жасқа жеткенде ат құлағында ойнатқан. Киімге де айрықша көңіл бөліп, кең киюге үйреткен. Ол адам денесінің емін-еркін тыныс алуына қолайлы болған. Он-он екі жасынан шаруаға баулыған. Ер жеткен шағында ұлттық ойындар арқылы шыңдап отырған. Жылқының, қойдың жілігін бітеулей қазанға салдырып, астан кейін оны қолдың күшімен бұрап немесе жұдырықпен ұрып сындырғандарға әртүрлі тартулар үлестіріп, ынталандырған.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастардың бәрі демесек те, белгілі бір бөлігі – әлжуаз, енжар. Жалқаулыққа бой алдырған, қиындықтан қашқақтайды. Еңбек етіп, тер төккісі келмейді. Мұның соңы болбырлыққа, аурушаңдыққа әкеп соқтыратынын ескере бермейді. Ал, спорт дегеніміз – сиқыры басым, өзгеше бір әлем. Ол – ширақ қимыл, шұғыл іс-әрекет, қозғалыс, рух, дем.
Бала оқытудағы өскелең өміріміздің күнделікті тәжірибесін ой елегінен өткізер болсақ, мектеп – білімнің, денсаулықтың және тәрбиенің бастауы. Дене тәрбиесінің алға қойған міндеті – мектептердегі дене тәрбиесі жұмысын жақсартумен қоса, оқушылардың дене жағынан дамуын бақылай отырып, денсаулығын сақтау мақсатындағы сауықтыру жұмыстарын олардың күнделікті ісіне айналдыру. Мұндай бағыттағы істелетін жұмыстар – таңертеңгі бой жазу жаттығулары, емдік гимнастикалар, спорт сағаты мен ойын саяхаттары, дене шынықтыру сабақтары, ұлттық ойындар, спорттық үйірмелер, спорт сайыстары.
Жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламасына енгізілген аптасына үш сағаттық дене тәрбиесі сабағы жоғарыда айтылғандарды түгелдей қамтуға жеткіліксіз әрі мүмкін де емес деп есептеймін. Оның үстіне ауылдық жердегі білім беру мекемелерінің бәрінде бірдей оқушыларды көбірек жаттықтырып, спорттың жекелеген түрлеріне үйрететіндей үйірмелер мен секциялар ашылған және жүйелі жұмыс жасайды деп қорытындылау да қиын.
Осы орайда Махамбет ауданында, соның ішінде, өзім еңбек ететін Таңдай орта мектебінде тілге тиек етуге тұрарлық жұмыстар, игі бастамалар барын айтқым келеді. Әйтсе де, бұған қолдаудың тиісті деңгейде еместігін де жасырудың жөні жоқ. Сонда да болса, қолдағы барды ұқсатып, қалыптасқан ұнамды тәжірибелерді кеңінен насихаттап, таратуға, бірімізден біріміз үйреніп, үлгі-өнеге алуға тырыссақ, сол жолда жұдырықтай жұмыла еңбек етсек, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады деп ойлаймын.
Ерболат СӘКЕНБАЙҰЛЫ,
Таңдай орта мектебі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі,
Махамбет ауданы.