Құрманғазы ауданында ақын Гүлзада Ниетқалиеваның шығармашылық кеші өтті (ФОТО)
«Қарлығашы Қиғаштың»
Атырау облысы, Құрманғазы ауданының түлегі, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, облыстық «Атырау» газетінің тілшісі Гүлзада Рахметқызы Ниетқалиева аудан әкімдігінің арнайы шақыртуымен ауданда болып, рухани жаңғыру аясында жұртшылықпен кездесулер өткізді. Ақынды ауылдас ағайын қай жерде болмасын құшақ жайып қарсы алып, зор ілтипат көрсетті. Сыр менен жырға толы кештерде Гүлзада Ниетқалиеваның өлеңдері оқылып, өмірінен, шығармашылығынан қойылымдар көрсетіліп, ол әдеби-сазды бағдарламаларға ұласты.
Гүлзада ақынмен бірге оның өмірде тапқан достары, шығармашылық тығыз байланыстағы адамдар, ағайын-туыстары болды. Олардың арасынан белгілі өнер қайраткерлері, сазгер-әншілер Сәуле Жанпейісова, Гүлмайдан Сүндетова, Ханзада Сахипова, өнертанушы Алма Андарбаева, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкері, ғылым кандидаты, доцент Рысхан Тоқбергенова, Атырау облыстық зертхана басшысы, ветеринария ғылымдарының кандидаты Айжан Дәулетиярова айырықша көзге түсті.
«Көптоғай» — туған жерінде
Ақын қыз Гүлзада Ниетқалиева осы «Көптоғай» өңірінің түлегі. Көркі көз жауын алатын шұрайлы аймақтан мұндай жыршы құс — Гүлзаданың шығуы заңдылық сияқты. Әкесі Рахмет Ниетқалиев сондағы кездесуде: — Кішкентай кезінен қиялилау болып өсті. Өз дегені болмаса айтқанға иіле қоюы қиын еді. Осы маңдағы көлге жападан-жалғыз аққулардың таранғанын, шомылғанын, ұшқанын көремін деп кетіп қалушы еді,-деген естелігімен бөліссе, ол болашақ ақынның сол кезден қалана бастаған өзіндік болмысы, ерекшелігі деуге келеді.
Ақын қызды бірінші сыныптан сегізінші сыныпқа дейін оқыған С.Мұқанов орта мектебінің залына ауылдастары ине шаншыр орын қалдырмай жиналып күтіп отыр екен. Шара кейіпкері Гүлзада қыздары сазды әуеннің ырғағымен қызы Ардақтым екеуі сахна төріне, өздеріне арналған орынға құрметпен көтерілді.
Көптоғайлықтар бұл кешті «Қарлығашы Қиғаштың» деп атапты.
Алтын ұя мектеппен қауышқан сәт
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте өткізілген Гүлзада Ниетқалиеваның «Өлеңге айтып жүрегіндегі жан сырын» атты кездесу кешінің шымылдығын құттықтау сөзімен ашқан Киров ауылдық округінің әкімі О.Тәжібаев алтын ұя мектебінен түлеп ұшып, ұлы өмірге жолдама алған ақынның ортамызға келуі мерейімізді өсірген үлкен қуаныш екенін алға тартып, оған арнаған Құттықтау хаты мен естелік сыйлығын табыстады. Аудан әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаев жерлесімізбен бірге ілесіп, оның шашбауын көтеріп келген жүрегі мен көңілдері ән мен жырға толы, өнер майталмандарының қадамдарына нұр жаусын дей келе, рухани кештен ауыл тұрғындары ұмытылмас әсер алып қайтатындарына зор сенім білдірді.
Белгілі ақын Г.Ниетқалиева өзінің білім ошағына, ұстаздарына деген сағынышын жеткізіп, жыр сүйер қауымның көңілін қара өлеңнің құдіретімен бір көтеріп тастады. Сынып жетекшісі болған Гүлжиян Бахышева апайы бір топ сыныптастарымен сахна төріне көтеріліп, ақжарма тілектерін ақтарып, ұмытылмастай естелік болып қалған жастық шаққа саяхат жасады.
Аудан тұрғындары ортасында
С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Гүлзада Ниетқалиеваның «Қарлығашы Қиғаштың» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Алдымен зал толы көрермен LED экран арқылы жерлес ақынның шығармашылығы жан-жақты қырынан көрсетілген бейнефильмді тамашалады. Киров халық театрының әртісі ақынның кіндік кескен туған жерге деген іңкәрлік махаббатын психологиялық иіріммен, философиялық тереңдікпен шебер ұштастырған монологын асқан шеберлікпен оқыды. Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов құттықтау сөз сөйлеп, ұлтымыздың қара өлеңін шет елге ұлықтата білген, елдің мерей-мәртебесін арттырған ақын қарындасы Г.Ниетқалиеваға Алғыс хатын тапсырды.
«Поэзия падишасы» атанған Фариза Оңғарсынова апамызбен сыршыл ақынның туған елінің тағдыры туралы сырласып жазған «Жайық қашып барады» дастан-диалогының сюжетімен ұсынылған сахналық қойылымын көрермен ыстық ықыласпен ұйып тыңдады.
Халық емшісі, ел анасы Дәметкен Серікбайқызы 1998 жылы оның алдына келген ақын қызының бойынан үлкен күш көретінін айтып, Қарлығаш атаның батасын беріп, оның ауылда қалмауын ескерткені жөнінде естелігімен бөлісті.
Академик-жазушы, өлкетанушы Өмірзақ Қажымғалиев: — Күні кешегі тұлымшағы желбіреген қызымыз, өзінің еңбегіменен өрге шығып, биік шыңды бағындырған сәтінде туған жерімен қауышып отыр. Поэзия саласындағы жетістігі жайлы біраз дүниелер айтылды, мен оның адами қалпына тоқталғым келеді. Гүлзада «мен» деп ешқашан көкірегін соқпаған, өскен сайын кішірейген, өте кішіпейіл жан. «Қиғаштың қарлығашы» деп өзі айтқан теңеуінің шешуі бар. Таңертеңгілік өзеннен көтерілген будың қалыңдығынан күн сәулесі көзге көріне алмай, сол жерді бозамық нұрға бөлейді. Бұл сәтте өзіңді ертегі ғажайыптарына енгендей сезінесің. Соның арасында тіршілікке тамшы іздеп қарлығаш ұшады. Ал біздің Гүлзада өмірге нәр тамшысын іздеп ұшқан қарлығашымыз. Сондықтан оған аталмыш теңеу, шараның аталымы дәл өзіне арналғандай. Ол тасқындап емес шымырлап, жалаулап емес жалындап келе жатқан ақын, — деп, ақын өлеңдерінің асаулығын, өмірдегі көлеңкелі көріністерді сынап-мінеп жіберетін тұстары бар екендігін жасырмады.
Аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелұлы қара өлеңнің құдіретін айдай әлемге танытып, қазақтың сахнасынан биік кеткен қарындасының поэзия әлеміндегі орнын, болмысын көрсетіп, «ақынын іздеген әкім» Бибоз Байдәулетұлының арқасында Г.Ниетқалиеваның ортаға келіп отырғанын тілге тиек етіп, кеш иесіне арнаған жаңа өлеңін шабыттана оқып берді. Ізгі тілектер легін ақынның әкесі, білім саласының ардагері Рахмет Ниетқалиев, аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов, жеке кәсіпкер Сағынжан Рахимов, айтыскер-ақын Мүтиғолла Ғани жалғастырды.
Таңатар Дәрелұлы, Айнагүл Шакупова
Құрманғазы ауданы