Әркім өз ісіне жауапты, облыс әкімі осыны қатаң талап етті
Күрмеулі проблемаларды іс басында шешуді дағдыға айналдырған аймақ басшысы бұл жолы облыс орталығындағы «сақалды» құрылыстарды аралады. Жалғыз емес, жанында осы салаға жауапты орынбасары Тимуржан Шәкімов, Атырау қаласының әкімі Серік Шапкенов, өзге де мемлекеттік құрылымдар жетекшілері, сонымен қатар, мердігер мекемелер өкілдері болды.
Автобусқа мінген топ алдымен «Береке» тұрғын үй кешеніне келді. Ол «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынуда. Бүгінде 507 пәтерлік 11 көп қабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Әйтсе де, о баста жоспарланған үй саны бұдан да көп еді. Алайда, жобалауда жіберілген қателіктер салдарынан кеміп кетті. Мәселен, бір ретте іргедегі жанар-жағар май стансасы кедергі келтірді. Екіншісінде, құрылыс орнында бұрын тартылған инженерлік желілер ескерілмепті. Белгілі болғанындай, жоба авторы «АтырауСтройПроект» ұйымы екен. Ол жақында сенімсіз мердігер ретінде лицензиясынан айырылды. Демек, енді жобалаушылар еш нәрсеге жауап та бермейді. Ал, жобалау-сметалық құжаттарды Атырау қалалық құрылыс бөлімі мақұлдаған.
Мұны естіген Нұрлан Ноғаев:
— Осындай дұрыс жасалмаған жобалар салдарынан «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат мерзімінде игерілмеуі ықтимал. Мұндай жағдай неліктен орын алды? Оны кім қадағалады? Жоба жәй сурет емес, атына заты сай болуы тиіс. Енді құрылысты аяқтау мерзімі сақталмауына мердігер мекеме неге жауапты саналады? Оның жобалаушылардың қателігінен қосымша шығынға бататындай не жазығы бар?
Сондықтан, құрылыс басқармасы жанынан нысанды тендерге шығармас бұрын жобалау-сметалық құжаттарын жан-жақты зерттейтін жобалау бөлімін құру қажет. Қазір кейбір жобалаушылар нақты жағдайға түк қатысы жоқ «суреттерін» алып келуге құмар. Кейін мердігер тендерді ұтады да, осы «суреттер» бойынша құрылысты жүргізеді. Нәтижесінде, белгілі анекдоттағыдай, бешпеттің бір жеңі ұзын, екіншісі қысқа болып шығады. Ал, жобалаушылар бұл кезде лицензиядан айырылады да, еш нәрсеге жауап та бермейді.
Әкімнің анекдоты бұл жолы ешкімге күлкі шақырмады. Шенеуніктер тілін жұтып қойғандай үнсіз қалды. Аймақ басшысының сауалына жарытып жауап та бере алмады. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тілек Махуов алақанын жайып, құрылыс алаңына кіруге өзінің рұқсаты жоқ екенін айтты.
— Кім рұқсат етпейді? Облыстық деңгейдегі басшылар өз саласы бойынша аймақтағы барлық іске жауапты. Сендер неге осынша дәрменсізсіңдер? Тіпті, егер мен бүгін осында келмесем, сенің мұнда ешқашан бас сұқпайтыныңа сенімдімін. Мына мәселелер – басқарма басшысының орынбасары деңгейінде шешілетін проблемалар. Ал, біз құрылыс басында тұрып, қарапайым сорғылар мен жұмысшылардың жетіспестігін талқылауға мәжбүрміз, — деді аймақ басшысы.
Алғашқы нысанда-ақ қатты сынға іліккен шенеуніктер автобусқа ілби мініп, келесі объектіге беттеді. Барлық жерде мердігерлер белгіленген кестеден кешігуде. Мәселен, «Нұрсая» ықшам ауданындағы мектеп пен қос тұрғын үйдің құрылысы шұғыл шара алмаса, уақытында пайдалануға берілетініне күмән бар. Бір жерде жекелеген лауазымды тұлғалар айыпты, екіншісінде тұтас фирма кінәлі. Мәселен, энергия тарататын жергілікті «Атырау-Жарық» компаниясы Кентау трансформатор зауыты жасаған жабдықтарды қабыл- даудан бас тартқан. Мердігерлердің айтуынша, энергетиктер тек ресейлік қондырғылармен ғана жұмыс жасайды.
— Бұл мәселені шұғыл шешу керек, — деп тапсырма берді облыс әкімі. — Ресейден трансформатор сатып алып отырып, біз қазақстандық кәсіпорындарды қолдау қажеттігі туралы қалай айта аламыз? Егер, расында да, олардың сапасы жоғары болса, онда сол жаққа мамандар жіберіп, технологиясын зерттеу қажет. Әйтпесе, бұл өзгенің мүддесін көздегендік болып табылады.
Аймақ басшысы монша-сауықтыру кешені мен 1200 орындық киноконцерт залы құрылысымен де танысты. Монша-сауықтыру кешеніне қатысты екі мердігер ауысып үлгерген. Біреуіне қылмыстық іс көтерілді, екіншісімен келісім-шарт біржақты бұзылды. Ал, концерт залына байланысты жылт еткен үміт бар. Оның құрылысы әлі аяқталмаса да, француздық инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Шетелдіктер қалған жұмысты өздері бітіріп, дайын нысанды инвестиция тартатын бизнес-орталыққа айналдырмақшы.
Құрылыс нысандарын аралап шыққан соң облыс әкімі өзінің осы салаға жауапты орынбасары Тимуржан Шәкімовке нақты тапсырма беріп, әр объектіні жеке бақылауына алуды жүктеді.
— Сіз құрылыс басында мердігерлермен және жобалаушылармен күнде кеңес өткізіп, күрмеулі проблемаларды анықтауыңыз және оларды шешу жолдарын табуыңыз керек. Мен сізге сауал қойсам, бұған бөлім басшысы жауап беретінін, бірақ, оның сырқат екенін айтасыз. Ал, оның орынбасары еңбек демалысында болып шығады. Қатардағы мамандар жағдайды білмейді. Сонда кімнен сұраймыз? Сондықтан, жәй жиналыс емес, нәтижесі бар нақты кеңес өткізіңіз, жағдайды уысыңызда ұстаңыз. Қазір сіз бір кабинеттен екіншісіне қатынас қағаз жолдап, үш айда бір-ақ рет бас қосасыздар. Онда да бастарыңды шайқап, бір-біріңе кінә арту үшін. Мұны мүлдем тоқтату керек,-деп түйіндеді облыс әкімі.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ
Нурлан агамыз жаксы кызмет жасап жатыр МашАллах!