«БҰЛ – МЕНІҢ ОТАНЫМ!» – дейді неміс жігіті Меино Отто

«Адам үшін өз кіндік қаны тамған жері – туған Отаны болып есептеледі емес пе? Өз өскен ортаң сонысымен де ыстық қой» деп басталды кейіпкерімізбен арадағы әңгіме. Сонау бір жылдары өмірдің ағымына сай, оның ата-аналары ару Алматыны мекендеген екен. Сол сәтте дүние есігін ашқан осы шаңырақтың балалары «ұлтымыз неміс болса да, қазақ ортасында өсіп, тәрбиелендік. Дініміз бен тәрбиеміз, өмірлік ұстанымымыз өзге болса да, қазақ халқының мейірбандығы мен қонақжайлылығына тәнті болдық» деп еске алады сол күндерін.

«Араға жылдар салып, ата-анамыз Кельнге кетеміз деп шешкенде бесінші сынып оқып жүрген мен және үлкен әпкем Грета екеуміз де жылағанымыз есімде» дейді Меино Отто есімді азамат бізбен әңгімесінде.
Осылайша, отбасылық кеңесте қабылданған осынау шешімге сай, Оттолар отбасы өз тарихи отандары Алманияға аттанды. Өз тумаларының ортасына оралып, білім алды, еңбекке араласты.
«Бірақ, балалық күндерім туралы ойлаған сәтте жүрегімде Қазақстанға деген жылылық сезімі пайда болатын-ды. Үнемі интернет арқылы елдегі ірі оқиғалар туралы оқып жүргенім де жасырын емес» деген ол Азиада сынды ауқымды шаралар мен түрлі дәрежедегі жиындар туралы білімінің мол екендігін танытты.
«Осыдан тура екі жыл бұрын қызмет бабымен Қазақстанға, соның ішінде, Атырау өңіріне жұмыс жасау туралы ұсыныс түскен сәтте, ойланбастан «иә» деп келісімімді бергенімнің де бір себебі осы елге деген құрметімнің белгісі болса керек» деген Меино қазіргі таңда «мұнайлы астана» саналатын аймақтың бір компаниясында қызмет атқарады. «Кейбір әріптестерім секілді отбасымды елге тастап, ай сайын не мейрам сайын Германияға бару туралы ой менде әу бастан болған жоқ. Бірден «Атырауға барып тұрамыз» деген шешімге келдік. Балама да «Әкеңнің туған жеріне барасың» деп едік, ол әуелгіде бала көңілмен келіскенімен, кейін оқудағы қиындықтарға орай, Кельнге кетті. Ал, мен атыраулық болып қалуды жөн санадым» дейді жай ғана жымиып.
Сөз соңында ол: «Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы бала күнімізден естіп білгендіктен, қай-қай мерекені де үлкен дайындықпен қарсы аламыз. Десек те, бірлік күні саналатын 1 мамыр мерекесінің мен үшін маңызы зор. Себебі, Қазақстан – менің туған өлкем, кіндік қаным тамған жер. Өз өмір жолым арқылы осы елдегі ұлттар достығының куәсі болып жүргенімді мақтан тұтамын. Ел аман, тұрғындар тұрмысы жайлы болғай, бірлігіміз беки түссін» деген шынайы тілегін жеткізді.

Гүлжан БОЛАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз