Рим папасын Астанаға жеткізген атыраулық ұшқышты білесіз бе?
Байқап қарасақ, тәуелсіз еліміздің ширек ғасырлық тарихының әр белесі айтулы оқиғаларға толы. Солардың бірі – 2001 жылдың 22-25 қыркүйегі аралығында Рим папасы Иоанн Павел ІІ-нің Қазақстанға сапары болды.
Кейін заңғар жазушымыз Зейнолла Қабдоловтың «Тәуелсіздік толғауы» атты естелігінде айтылатынындай, жоғары мәртебелі мейман топырағымызды басып тұрып, таза қазақ тілінде «Саған Құдайдың рақымы жаусын, Қазақстан! Сен келешекте қарыштап дамитын боласың, Қазақстан» депті. Бұл дүние жүзін дүр сілкіндірген оқиға болды. Әлемде ерекше қорғалатын тұлға ретінде Рим папасы кез келген елге сапар шекпейді.
Халықаралық келісімдерге сәйкес қабылдайтын мемлекет оның қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуі тиіс. Оның үстіне, соның алдында ғана, яғни, 2001 жылғы 11 қыркүйекте айбынды саналатын Америка Құрама Штаттарында террорлық акт орын алып, әлем одан әлі айыға алмай жатқан-ды. Бұл жан түршігерлік оқиға жекелеген содырлардың ісі болғанымен, күллі мұсылман қауымына жала жабылған. Міне, осындай сын сағатында Рим папасының тәуелсіздігін алғанына он-ақ жыл болған жас Қазақстанға сапар шегуі әлем жұртшылығының ерекше назарын аударды.
Ал, оны елімізге кім жеткізді? Ол — Атыраудың төл перзенті, Қазақстанның еңбек сіңірген ұшқышы Болат Наурызғалиев болатын. Кейін Астанаға қоныс аударған жерлесіміздің балалық шағы ертеректе Аққала атанған, бүгінде «Жилгородок» делінетін мекенде өтті. Қатарлас балалармен бірге іргедегі Жайықтан шықпайтын. Сонда суға түседі, қармақ салып, балық аулайды. Ұшқыш болу арманы қай кезде пайда болғанын кім білсін, бірақ, түбі осы мамандық өмірлік серігіне айналып, ел тарихында есімін қалдырды.
Ол ұшқыштар даярлайтын училищені тәмамдаған соң, 16 жыл табан аудармастан туған жерінде жұмыс жасады. Шағын ұшақтарды басқарды, олардың қыр-сырын әбден меңгерді. «АН-24» аталатын әуе кемесінің командирі болды. Бірінші сыныпты ұшқыш атанды. Толымды тәжірибе жинақтаған соң ілгері ұмтылуды ойлады.
Осы ұмтылыс оны Қарағандыға ауысып, осында жаңа сатыға қадам жасауға итермеледі. Мұнда да біраз тәжірибе жинақтап, көп ұзамай «ТУ-154» ұшағын басқарды. Туполев конструкторлық бюросынан шыққан ол кеңестік кездегі ең озық әуе кемесі саналатын. Сол кездің талабымен таразылағанда, ішінде жолаушыға қажеттінің бәрі болатын. Міне, осы ұшқыр ұшақтың тізгіні атыраулық жігітке жүктелді. Кейін ұшқыштар отрядының командирі болды.
Қарағандыдан Алматыға ауысты. Ақыры Астанада эскадрилья командирі дәрежесіне көтерілді. Бұл кезде республикаға шетелдік ұшақтар келе бастады. Енді солардың тілін меңгеру керек болды. Атыраулық жігіт «Боинг-777» ұшағын басқаруды үйрену үшін Грекияға аттанды. Одан оралған соң «Эйр-Астана» компаниясы президентінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
«Талай шетелге де, республиканың әр қиырына да ұштым ғой. Бірақ, ең есте қалғаны – 2001 жылғы қыркүйекте Рим папасын Қазақстанға алып келуім. Бұл кісінің әлемде әулие саналатыны, кез келген мемлекетке ресми сапармен бармайтыны белгілі. Ал, бізге арнайы ат басын бұруы – Елбасымыздың халықаралық биік беделі, тәуелсіздігімізді дүниежүзі тануының белгісі»,-дейді жерлесіміз.
Иә, сол оқиға Қазақстан шежіресінде алтын әріптермен жазылды. Жалпы, Рим папасы әлемде санаулы ғана елде болғанын ескерсек, ТМД мемлекеттері арасында бізге ғана келді.
Болат Наурызғалиев кейінгі жылдары да бірнеше лауазымды қызметті атқарды. Республикалық Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары болды. Кейін Ақтау әуежайы жұмысын жандандыруға жіберілді. Мұнда да біраз іс тындырылды. Баршаға белгілі, елімізде Мемлекет басшысына жеке қызмет көрсететін «Бүркіт» авиакомпаниясы құрылды. Міне, осы құрылымның басшылық құрамы қатарынан да табылды. Елбасының тікелей нұсқауымен өмірге келген «КТЖ-Экспресс» логистикалық авиакомпаниясының атқарушы директоры атанды. Сөйтіп, Қазақстанда жүк тасымалдау деңгейін халықаралық талаптар деңгейіне көтерді. Мұның бәрі – жерлесіміз жеткен жетістіктердің бір тобы ғана.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұшқышы және Құрметті авиаторы Болат Наурызғалиев – еліміздің авиация саласының дамуына елеулі үлес қосқан маман. Әйелі Марина Есқазиева да – атыраулық. Әйгерім есімді қыз, Олжас атты ұл тәрбиеледі. Соңғысының атын ақиық ақын Олжас Сүлейменов елу жасқа толғанда қойған екен.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ