Республикалық жолдарға көктайғаққа қарсы инертті материалдар себілді
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженерлері жыл басынан бері республикалық маңызға ие жолдарға 16 рет тексеріс ұйымдастырды.
Бұл туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантурин айтты.
Республикалық 1120 шақырым жолдың 719 шақырымы қысқы күтім жұмыстары бойынша жауапты мекемелердің қарауында. Ақпанның 3-7 аралығында жауған қар республикалық жолдардағы қозғалысқа біраз шектеу қойды.
А-27 –«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» жолының 553-833 шақырымы, А-28 – «Атырау-Орал» тас жолының 5-189 шақырымы, А-33 – Доссор -Құлсары – Ақтау» жолының 0-52 шақырымында қардан тазалау жұмыстары үшін 8 КДМ, 6 МТЗ, 3 автогрейдер және 1 жүк тиейтін көлік жұмылдырылған.
Аталған жолдарға 246 тонна тұз, 655 тонна құм себілген. Сонымен қатар, қыс мезгілінде аса қажет 60 дана жол белгісі уақытша орнатылған. Олар жолдың жай-күйін, яғни тайғақ екенін, сондай-ақ, көктайғақта көлік жылдамдығын сағатына 40 шақырымнан асырмау қажеттігін көрсетеді.
Филиал зертханасында биыл қысқа дайындалған 3015 текше метр құм мен 950 тонна тұздан алынған сынаманың сапасы тексерілген. Инертті қоспалардың сапасы талапқа сай.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі