Жарнама
Жаңалықтар

Ұлттық мереке ерекше форматта аталып өтті

Республика күніне орай Атырау қаласындағы APEC PetroTechnic жоғары колледжінің алаңында мерекелік іс-шара өтті.  

Атырау облысы Іскер Әйелдер қауымдастығы, APEC PetroTechnic жоғары колледжі, Атырау бизнес және құқық колледжі ұйымдастырған жиын шымылдығы мемлекеттік Гимнмен ашылды. Студенттерден құралған домбырашылар квартеті сахнаны күмбірлеген күй күмбірімен жаңғыртты.

Білім беру саласының ардагері Нұрлы Айтиева айтулы мерекенің мән-маңызын айрықша атап айтып, құттықтау лебізін білдірді.

eac 2732 1
eac 2695 2

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырдан бастап Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін енгізді. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы екенін атап айтты. Расымен де бұл күн – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, мемлекетке еркіндік сыйлаған тарихи мәні зор уақыт. Осындай маңызы зор мемлекеттік мереке одан әрі айшықтала түсуі қажет. Республика күні қарсаңында баршаңызға деннің саулығын, күндердің сәттілігін тілеймін, — деді Нұрлы Тельманқызы.

Жиын барысында Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Фатима Тулеева  да сөз сөйледі.

–Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Қазақстанды әлемнің жүзден астам елі таниды. Ал осындай іргелі еліміздің ұлық мерекесін ұлықтай түсу әр азаматқа міндет. Осы мақсатта біз бүгін екі оқу орнымен бірлесе тағылымы мол шараны өткізіп жатырмыз. Жастар – елдің болашағы. Олар қашан да озық білімімен айрықшаланады. Олар халқымыздың ұлттық құндылықтарын да бойға жиып, дәріптей  түсу, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра беруге тиіс. Осы тұста біздің бүгінгі жас буын – студенттердің белсенділігі, патриоттылығы өте жоғары. Біз осындай жастардың бой түзеп өсіп келе жатқанына қуанамыз. Қазақ елі қашан да қарыштай берсін, — деді Ф.Тулеева.

eac 2702

 Шарада «Алтын Жұматина» өнер мектебінің оқушысы Нығметолла Арыстан  «Қазағым, қасиетіңнен айналайын!» әнін нақышына келтіре орындады. Аталған өнер мектебінің басқа да бір топ өнерпазы сахнада күй күмбірлетіп, әсем әндерді әуелетті.

Сонымен қатар шара барысында ел тарихына қатысты викториналық сұрақтар қойылды. Жеңімпаздарға Атырау облысы Іскер Әйелдер қауымдастығы атынан естелік сыйлықтар ұсынылды. Ұлттық ойындар да мерекелік кештің көркін қыздырды. Студенттер арқан тартыс, кір тасын көтеру, ләңгі тебу, қол күресінен өнер көрсетіп, сынға түсті. «Әмір бренд» және «Ерке сылқым» сән үйі  ұлттық киімдердің сән көрсетілімін ұсынды. Сондай-ақ аулаға киіз үй тігіліп, қазақтың ұлттық тағамдарынан дайындалған ақ дастарханнан дәм татылды.   

 Жиын соңында APEC PetroTechnic жоғары колледжі директорының міндетін атқарушы Берік Борашев мерекелік іс-шараға белсене қатысқан оқу орнының қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады.  

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button