Реформаторлар: Алаш арыстары туралы әр қазақ нені білуі керек?
Қазақстанның тарих ғылымында теориялық мәселелерге ерекше сілкініс берген – сөз жоқ, Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласы. Онда мемлекет басшысы Тәуелсіздік тойы аясында біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын тек жастарға емес, күллі әлемге паш етуді, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың еңбегін қолдап, бағалануы қажеттігін атап көрсетті. «Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс» делінген мақалада.
X X ғ а с ы р б а с ы н д а ғ ы қоғамдық ой-пікірдің, жалпы қазақ қоғамының даму тарихында Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов е сімдері ерекше аталады. Ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келген қазақтың ақылой кемеңгерлерінің мұралары бүгінде халық қазынасына айналды.
Ірі ғалым-лингвист, әдебиет зерттеушісі, түрколог, қазақ зиялыларының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов – «Қазақ» газетін ұйымдастырып, «Қырық мысал», «Маса» секілді өлеңдер жинағын шығарған, халқының арман тілегін, өкініш-күйінішін әдемі сөз нақылына түсіре білген, өзіндік өмір бағыты бар қазақ зиялысы. Оның «Қазақ», «Айқап» басылымдарында жарық көрген «Қазақ жерін алу туралы», «Низам», «Қазақ һәм 4-ші дума», «Жауап хат», «Шаруа жайынан», «Досмайыл қажыға ашық хат», «Губернатор өзгертілуі», «Земство», «Бас қосу турасында», «Бұл заманның соғысы» атты мақалалары ғасыр басындағы қазақ ақыл-ойының биік шыңы болды. А.Байтұрсынов туралы зерттеулерде қазақ өмірі туралы, азаттық қозғалысы туралы ашына жазғаны айтылып келеді. Оның «Қазақ өкпесі» мақаласында тарихи оқиғаларға ғылыми объективтілік тұрғысынан қарауды қалайтыны көзге бірден білінеді. «Қазақ хандығы неге құлады?», «Өз алдына дербес мемлекет бола алмау себебі неде?», «Ресей отарлауы қалай іске асты?», «Азаттықты қалай жеңіп аламыз?» деген сұрақтар төңірегінде көп толғанды. Соның бір дәлелі – «Айқаптың» №2 санында жарияланған мақаласындағы мына сөздер: « О л ж а л ы же рд е ү л е с т е н қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандықтың кесапаты».
«Тәуелсіздік үшін не істеу керек?» деп көп ойланып, оған өзінше жауап берді. «Қазаққа керегінің өзі әркімге-ақ мағлұм ғой: біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс жасау керек». Ахмет Байтұрсыновпен қанаттас, халықтың қамын жеп баспасөз бетінде жан айқайын жеткізген Әлихан Бөкейханов еді.
Ол туралы жазылған ғылыми еңбектерде оның қоғамдық ойпікірі нақты талданады. Әсіресе, «Думадағы партиялар», «Үшінші Дума һәм қазақтар», «Петербург хаты» атты мақалаларында, кейінгі 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалыс туралы жазбаларында Әлихан Бөкейханов «қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресінің мақсаты – дербес мемлекет құру» деп білді. Оның осы бағыттағы ой-пікірлері «Қазақ» газеті бетінде «Петербург хаты» деген айдармен «Қыр баласы» деп қол қойылып, үнемі жарияланып тұрды. Ә.Бөкейханов өзінің «Алаш ұлына» атты мақаласында тәуелсіздік үшін жүргізген халық қозғалыстарына ерекше мән береді. «Азаттық таңы атты, тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұл күнге теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше жауыз үкімет өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып қайтпас қара жарға кетті.
Жүз жылдан бері халықты теңдікке жеткізу жолында ескі үкіметпен алысып, дарға асылып, оққа ұшып, басы айдауға, малы талауға түсіп жүрген сарбаздар жасымай, бірі кемісе оны артылды» дейді ол. Азаттық ойдың даму тарихында Міржақып Дулатовтың да алатын орны ерекше. Сәкен Сейфуллин «Қазақ зиялылары хақында» атты мақаласында «Қазақ оқығандарының арасында 1905 жылдан бастап-ақ, революциялық идея, ұлттық теңдік пен азаматтыққа үндеу етек алды. Жаңа оянып келе жатқан қазақ интеллигенциясының ол кездегі дем берушілері Б ө к е й х а н о в , Д у л а т о в , Байтұрсыновтар болды» деп жазды. Міржақыптың таланты езілген қазақ халқының тарихи аренаға шыққан революциялық азаттық күрестеріне дәлме-дәл келді. Елінің жағдайын, Ресей отарлаушы әкімшіліктерінің озбырлықт арын суреттеп жазған «Біздің мақсатымыз» атты мақаласында ол: «Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық. Оның ешқандай правосы жоқтығы ыза мен кек туғызады. Халық күйзелісін жан-тәнімен сезінген сандаған адам есепсіз қаражат шашып Петербургке жол тартып, министрлердің табанын тоздырды. Бірақ оған құлақ асқан министр болмады. Ал, қазіргі жағдайымызға көз жіберсек, сол мәртебелі министрліктер тағайындаған түрлі чиновниктер, стражниктер, урядниктер солардың пиғылдарын жүзеге асыру үшін қазақ жерінің төріне аттанып жатыр», – деп ашынады.
М.Дулатовтың алғашқы ірі шығармасы – 1909 жылы Уфа қаласынан шыққан «Оян, қазақ» кітабы. Кейін жарық көрген «Азамат», «Терме» атты туындылары да теңдік, бостандық, еркіндік үшін күреске үндеді. «Қазақ халқы. Қазақ халқының жай-күйі. Кім жеріне жете тексереді, қан жылап жүрген қайғылы халін жүрекпен сезіп кім ескереді? Ақ патшаның отарлау әмірі бұл халықты қара табан етіп жерге қаратып, көрге қаратып жұтатып бітсе, сарайдағыларды алтынға малып, аруағын көтере түсті. Осылардың бәрін көріп, біліп, сезініп өскен мен өзімнің азғантай білімімді осынау қорланған халқыма бағыштап, қолұшымды беруді перзенттік парызым деп санадым». ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының бірі, көрнекті қаламгер Жүсіпбек Аймауытов – азаттық ойпікірдің дамуында өзіндік із қалдырған тұлға. Ол белгілі т а р и х ш ы П о к р о в с к и й д і ң «Төңкеріс тарихы», «Орыс тарихы» еңбектерін аударып қана қоймай, Абылайхан, Кенесары және Қазан төңкерісіне дейінгі ұлт-азаттық қозғалыстар туралы мол деректер жинаған. Ғасыр басындағы қазақ әдебиеті дамуының көрнекті өкілі, қоғам қайраткері Мағжан Жұмабаев ерекше үні бар азамат еді.
Оның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер «Қазан төңкерісіне дейінгі жазылған «Қойлыбайдың қ о б ы з ы » , « О қ ж е т п е с т і ң қ и я с ы н д а » , « Т ү р к і с т а н » , «Орал», «Есімде тек таң атсын» шығармаларында Ресей о т а р ш ы л д ы ғ ы , қ а з а қ хандарының ерен еңбегі, азаттық қозғалыстары, қазақ халқының бостандық идеясы ашып көрсетіледі» дейді. ХХ ғасырдың басында халқымыздың тарихын жазуда, әсіресе азаттық күрес тарихын ұлттық таным негізінде б а я н д ауд а М ұ х а м е д ж а н Тынышпаевтың қосқан еңбектері мол. Әсіресе, кеңес дәуірінде Қазақстан тарихы туралы жазылған алғашқы еңбектердің авторы Чулошниковтың кітабына тарихи ой-пікір білдіріп, «қазақ тарихы отаршылдық көзқараста жазылды» дейді. Өзінің «Қазаққырғыз халқы тарихына материалдар» атты зерттеуінде қазақ руларының, жүздерінің тарихына мән береді. Кеңестік дәуірдің «ақтандақ» беттерінде 1930 жылда — ры жазықсыз жазаланған белгілі мемлекет және қоғам қ а й р а т к е р л е р і н і ң ж ә н е ғалымдардың есімдері түгелдей күнгей бетке шыға қойған жоқ.
Егемендікпен бірге, туған халқымен қайта қауышқан абзал азаматтардың ішінде Халел Досмұхамедұлының есімі де ерекше құрметпен аталады. Өзінің негізгі мамандығы – медицина саласынан тыс, өлке тарихына, ұлт әдебиеті мен өнерін зерделеу нәтижесінде «Мұрат ақын сөздері», «Аламан», «ИсатайМахамбет» кіт апт арының алғысөзі мен түсініктерін бастырып шығарады. Осы туындылар белгілі ақын-жыраулар Махамбет, Мұрат, Ығылман және Қалнияздың ғұмырнамасы мен шығармашылығын зерттеуге негіз ретінде алынса, 1836- 1838 жылдардағы халық-азаттық күресі туралы ой қорыту үлесі де Халелдің еншісіне тиген. Оның 1924 жылы «Сәуле» журналының №3 санында «Қазақ әдебиеті білім мұрасымен», «Ақ жол» газетінде жарияланған «Қазақ батырлары: Исатай, Махамбет» мақаласы – соның дәлелі.
Қазақ зиялыларының азаттық ойдың дамуындағы еңбектеріне енді ғана жоғары баға берілуде. Олар Қазақстан тарихына «ХХ ғасыр басындағы реформаторлар» және ұлттық «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушылар ретінде енді. Себебі, олар халқымыз тарихындағы сан ғасырлық отарлық езгіге қарсы бағытталған күрестердің мол тәжірибесін зерттеп жинақтады. Екіншіден, тәуелсіздік жолындағы айбынды құрал – ұлттық баспасөзді қалыптастырды. Үшіншіден, отарлық жүйеден шығар жолды өздерінше іздеп, талпынды. Төртіншіден, өткен тарихымыздан нәр алып, оның жетістігі мен кемшілігін түсініп, отарлау мен тәуелділіктің халқымызға тигізген зардабын жете сезінгендіктен, одан шығудың жолы қарулы көтерілістен гөрі, жаңа заман жағдайында саяси күрес жолына түсу деп білді.
Лесқали БЕРДІҒОЖИН,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы