Қоғам

«CӘТТІ ҚАДАМНЫҢ» СӘТТІ ШАРАСЫ

«Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасын жастар арасында насихаттау және жастарды кәсібилікке үйрету, бағдарлау мақсатында өткізілген шара студенттердің «Казтурборемонт» кәсіпорнын аралаудан басталды. Қаладағы Каспий өңірінің қазіргі замандағы, политехникалық және агротехникалық колледждерінің техникалық мамандықтарында оқитын отызға тарта III курс студенттері кәсіпорынның ішкі жұмысымен танысты. 2010 жылдан бері жұмысы жанданып келетін кәсіпорыннан студенттердің тәжірибе алар тұстары көп болды. Әрбір қызметкері жастарға білгендерін үйретіп, шеберліктерімен бөлісті. Кейінгі шаралар легі «Рауан Налко» ЖШС, «Шеврон» пластикалық құбыр өндіру зауытында жалғасып, шеберлер студенттерге өндіріс орнындағы техника қауіпсіздіктерін кеңінен әңгімеледі.
Шеберлік сыныбына қатысушы политехникалық колледжінің мұнай саласы мамандығының 3 курс студенті Ажаргүл Исанбаева алғаш рет өткізілген шара студенттердің көңілінен шыққандығын айтып отыр.
— Студенттердің тәжірибесін өндіріс ошақтарымен байланыстыру — бұл өңірімізге қажетті мамандардың санын да анықтауға мүмкіндік беретін секілді. Кәсіби шеберлермен қоян-қолтық араласып, жұмыс барысымен таныстық. Тіпті, бұл өндірістік тәжірибені еңбек жолымыздың бастауы ретінде сезінгендей болдық, — дейді ол.
Бірінші кезекте жастарды қоғамдағы құндылықтарды қастерлей білуге үйретуіміз қажет деген қағиданы берік ұстанатын бизнес-тренер Ержан Нұржановтың да «Жетістікке апарар жол – кәсіпқойлықта» деп аталған тренингі студенттердің ерекше назарын аударды.
«Premier Atyrau» бизнес орталығында өткізілген тренингте студенттер «жетістікке жетудің жолдары, мұнайлы аймаққа қажетті техникалық мамандықтар, оқу орнын бітірген жас мамандардың жұмысқа орналаса алуы» тақырыптарында ойындар ұйымдастырылып, танымдық тест сұрақтары өткізілді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button