Қандай жағдайда шалған құрбандығыңыз қабыл болады?
Көптеген адамдар Құрбан шалудың өзіндік шарттары мен құрбандық шалуға жарайтын малдар, орындалу тәртібін білмей жатады. Сіздің құрбандыққа шалған малыңыз бен ниетіңіз осы шарттар толығымен орындалған жағдайда ғана қабыл болады. Бұл туралы ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы, PhD докторы Батыржан Мансұров айт намазының уағызында айтты.
– Баршамызды айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын! Күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамы құтты болсын, ағайын! Құрбан айт – Жаратушы иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке. Халқымыз бұл мейрамға айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Бұл күні еліміздің барлық өңірлеріндегі мешіттерде айт намазы оқылады. Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл күндерде (яғни, айт күндерінде) ең бірінші атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын (үйге) қайтіп келіп, құрбандығымызды шалу» деп, айт күнгі ең маңызды істі баяндаған, – деді бас имам Батыржан Мансұров.
Осылайша айт намазынан кейін мұсылмандар көрші-қолаң, тума-туыстарын аралап, «Айт қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бір-бірін құттықтайды. Мереке күндері мейлінше мейірбан, кешірімді болуға тырысу керек екен. Ренжісіп қалған кісілер болса, бір-біріне кешірімді болғаны да жөн. Бұл күні науқас жандардың көңілін сұрау, жетім-жесір, мұқтаж жандарға көмектесу сауапты іс саналады. Өмірден озған жандардың да қабірін зиярат етіп, дұғабағыштау да үлкен сауап. Сондай-ақ, ата-анамызға, отбасымыздағы жандарға, жора-жолдастармызға сый-сыяпат жасап, құрметтеу де игі іс.
Сонымен, өкіл имам Батыржан Мансұровтың айтуынша, құрбан шалудың мынандай шарттары бар:
Біріншіден, ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман болуы керек.
Екіншіден, тұрғылықты мекенде болуы, яғни, жолаушы болмауы шарт.
Үшіншіден, нисап мөлшеріне жететін қаражаты болуы қажет.
Ал, құрбандық шалуға жарайтын малдарға мыналар жатады:
- Бес жасар түйені 7 адам бірігіп немесе 1 адам өзі шала алады.
- Екі жасар сиыр не өгізді 7 адам бірігіп немесе 1 адам өзі шала алады.
- Бір жасар қой не ешкіні 1 адам шалу керек.
Құрбан шалудың орындалу тәртібіне келсек, ол мыналар:
- Пышақты малдың көзінше қайрамау.
- Малды сол жамбасымен жатқызу, кеудесімен құбылаға қарату.
- Құрбан шалуға ниет ету.
- Малды бауыздағанда «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деп айту.
– Ал, қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады, – деді Батыржан Мансұров.
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.